Құрылтай алдағы 5 жылдағы жұмысын қалай үйлестіретіні белгілі болады

АСТАНА. KAZINFORM – Бүгін Құрылтай отырысы өтеді. Онда депутаттар Құрылтайдың алдағы 5 жылда Үкіметпен және Қазақстан Халық Кеңесімен жұмысын реттейтін маңызды құжатты қабылдамақ.

Фото: Ағыбай Аяпбергенов / Kazinform

Айта кетерлігі, 7 қыркүйекте Құрылтай спикері Айбек Дәдебайдың төрағалығымен өткен Бюро отырысында Құрылтай регламентінің жобасы талқыланған болатын. Енді осы құжат бүгінгі отырыстың күн тәртібіне шығарылып отыр. Регламент жобасы Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясы мен «Қазақстан Республикасының Құрылтайы және оның депутаттарының мәртебесі туралы» Конституциялық заңның нормаларына сәйкес әзірленген.

Құжат Құрылтай депутаттарының қызметін нақты құқықтық реттеуді қамтамасыз етеді. Онда парламентаризм саласында жинақталған тәжірибе, Құрылтайдың бір палаталы моделінің ерекшеліктері, сондай-ақ оның конституциялық өкілеттіктерінің жаңа жүйесі ескерілген.

Сонымен қатар Құрылтайдың тұрақты комитеттерінің жұмысын ұйымдастыру, заң жобаларын қараудың бірыңғай үш кезеңді моделі мен сараланған мерзімдері, сондай-ақ Құрылтайдың Үкіметпен және Қазақстан Халық Кеңесімен кешенді өзара іс-қимылын реттеу мәселелері қамтылған.

Бұған дейін Құрылтай бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерін аккредиттеу қағидаларын бекіткен болатын. Аталған құжатқа сәйкес, Құрылтайдың, тұрақты комитеттердің, депутаттық топтардың, Құрылтай депутаттарының қызметін жариялау мақсатымен Құрылтай ғимараттарында тұрақты жұмыс істейтін журналистер (БАҚ өкілдері) үшін, сондай-ақ БАҚ редакциясының Құрылтай қызметін жариялау бойынша жекелеген тапсырмаларын орындайтын БАҚ өкілдері үшін тұрақты түрде аккредиттеу және уақытша аккредиттеу жүзеге асырылады. Аккредиттелген журналист (БАҚ өкілі) мынадай жағдайларда аккредиттеуден айырылады:

- бұқаралық ақпарат құралы бас редакторының және (немесе) бұқаралық ақпарат құралы меншік иесінің журналисті (БАҚ өкілін) тұрақты аккредиттеуден айыру туралы өтініші;

- журналист (БАҚ өкілі) таратқан, аккредиттеуші ұйымның іскерлік беделіне нұқсан келтіретін мәліметтерді шындыққа сай келмейді деп тану туралы заңды күшіне енген сот шешімінің болуы;

- бұқаралық ақпарат құралының өнімін таратуды не бұқаралық ақпарат құралының шығарылымын тоқтата тұру не тоқтату туралы заңды күшіне енген сот шешімінің болуы;

- бұқаралық ақпарат құралдарының қатысуымен өткізілетін Қазақстан Республикасының Құрылтайы іс-шараларының бекітілген Қағидаларын, Регламентін, журналистердің (БАҚ өкілдерінің) кәсіби және әдептік мінез-құлық нормаларын, Құрылтай ғимараттарындағы өткізу режимі мен объектішілік режимнің талаптарын, сондай-ақ Құрылтайда белгіленген еңбек тәртібі ережелерін екі және одан көп рет бұзуы.

Журналистерді (БАҚ өкілдерін) тұрақты аккредиттеуден айыру алты ай мерзімге жүзеге асырылады.

Естеріңізге сала кетсек, мұның алдында өткен Құрылтайдың алғашқы отырысында жаңадан сайланған депутаттар ант беріп, заң шығарушы орган төрағасының 3 орынбасары сайланды.

Сонымен қатар Құрылтайдың тұрақты комитеттерінің төрағалары мен олардың мүшелері белгілі болды. Нақтырақ айтқанда, «Қазақстан Республикасының Құрылтайы және оның депутаттарының мәртебесі туралы» Конституциялық заңының 11-бабына сәйкес Құрылтай төрағасы Айбек Дәдебай өзінің орынбасарлары лауазымына Нұрлан Бекназаровтың, Дания Еспаеваның және Динара Зәкиеваның кандидатураларын ұсынып, олар депутаттар тарабынан қолдау тапты.

Құрылтайда құрылған сегіз тұрақты комитетке, яғни Аграрлық мәселелер, экология және табиғи ресурстар комитетіне Серік Егізбаев; Конституциялық заңнама, сот жүйесі және құқық қорғау органдары комитетіне Үнзила Шапақ; Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетіне Марат Қожаев; Өңірлік және инфрақұрылымдық даму комитетіне Әмірбек Оспанбеков; Әлеуметтік-мәдени даму комитетіне Асхат Аймағамбетов; Қаржы және бюджет комитетіне Ольга Перепечина; Цифрландыру, инновациялар және ғылым комитетіне Дархан Ахмедиев; Экономикалық саясат, өнеркәсіп және энергетика комитетіне Наталья Годунова төраға болып сайланды.

Бұл ретте Құрылтайдың бір тұрақты комитетінің төрағасы Құрылтай оппозициясынан сайлануы тиіс еді. Осыған орай Құрылтайдағы көпшілік және оппозицияға кіретін саяси партиялар фракциялары басшыларының консультациялары өтті. Консультация барысында бірлескен шешімге сәйкес, Құрылтайдың Аграрлық мәселелер, экология және табиғи ресурстар комитетінің төрағасы оппозициядан ұсынылып, қалған комитет төрағалары Құрылтайдағы көпшіліктен, яғни Әділет партиясының фракциясынан сайланып отыр.