Құрылтай: Бурабай курорттық аймағын дамытуға 140 млрд теңге бөлінеді
БУРАБАЙ. KAZINFORM – Бурабай курорттық аймағын дамытудың 2029 жылға дейінгі кешенді жоспарын іске асыруға 140 млрд теңге бөлінеді.
- Қазірдің өзінде алыс-жақын шетелдерге кеңінен танымал Бурабай жерінің мол мүмкіндіктері бар. Осы курорттық аймақты дамытудың 2029 жылға дейінгі кешенді жоспары қабылданды. Оны жүзеге асыру үшін шамамен 140 миллиард теңге бөлінеді. Қаржының жартысына жуығы – жеке инвестициялар. Үкімет пен облыс әкімдігі құжатта көрсетілген міндеттерді сапалы орындауға тиіс, - деді Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құрылтайдың V отырысында.
Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, ең алдымен Щучинск-Бурабай курорттық аймағындағы инфрақұрылымды дамыту қажет. Ал жаңадан салынатын Конгресс-орталық Бурабайдың бетке ұстар орны болуы қажет.
- Орталық іске қосылатын болса, демалыс аймағына жұрттың қызығушылығы да арта түседі. Сондай-ақ туристік маусымнан тыс уақытта адамдар көптеп келе бастайды. Үкімет пен әкімдікке осы мәселені тыңғылықты қарастыруды тапсырамын, - деді Мемлекет басшысы.
Президент облыстың туристік әлеуеті Шучинск-Бурабай аумағымен ғана шектелмейтінін еске салып, Зеренді, Сандықтау, Ақкөл сияқты орындарды жан-жақты дамыту қажеттігін атап өтті.
- Ақмола облысының өкілдері қысқы спорт түрлері бойынша әлемдік және құрлықтық бәсекелерден ел қоржынына жүлде салуға үнемі мол үлес қосып жүр. Елімізде футболды дамытуға баса мән беру керек деп санаймын. Демеушілер қаржысы есебінен облыстық стадиондардың көпшілігін жаңғырту қажет немесе жаңа футбол стадиондарын салуды қолға алған жөн, - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Айта кету керек, құрылтайдың панельдік сессиялары кеше басталған. Ол секциялардың тақырыптары азаматтық қоғам, мәдениет, өнер, руханият, білім және ғылым, әлеуметтік-экономикалық даму мәселелерін қамтыды.