Құрылтай депутаты жұмысының тиімділігін бағалау жүйесі енгізіле ме

АСТАНА. KAZINFORM — Құрылтайдың әр депутатының жұмыс тиімділігін бағалайтын арнайы жүйе енгізілмейді. Бұл туралы Құрылтай төрағасының орынбасары Дәния Еспаева айтты.

Фото: Солтан Жексенбеков/Kazinform

— Әр депутатқа жеке КРІ енгізу заңнамалық деңгейде де, Регламентте де, жекелеген ережелерде де көзделмеген. Бұл әр депутат барынша жұмыс істеп, өзінің депутаттық міндетін орындауы тиіс дегенді білдіреді. Сондықтан КРІ енгізу мәселесі қарастырылмайды, — деді Дәния Еспаева Құрылтайдың жалпы отырысынан кейінгі брифингте БАҚ өкілдерінің сауалына орай.

Айта кетейік, жоғары заң шығарушы органның бүгінгі отырысында Құрылтай Регламенті бекітілді. Құжатта депутаттардың Премьер-министрге, Үкімет мүшелеріне, бірқатар басқа мемлекеттік органдардың басшыларына және өңір әкімдеріне сауал жолдауы құқығы көзделген.