Құрылтай депутаттары Астанада 150 түп ағаш отырғызды

АСТАНА. KAZINFORM – Құрылтай Төрағасы Айбек Дәдебай бастаған депутаттар «Таза Қазақстан» жалпыұлттық экологиялық акциясына қатысып, Астанада 150 түп ағаш отырғызды.

Фото: Құрылтай

Көгалдандыру жұмыстары Ұлттық музей маңындағы Шәмші Қалдаяқов көшесінің бойында жүргізілді. Аллеяға қарағаш пен сібір шыршасының көшеттері егілді.

Құрылтай Спикері «Таза Қазақстан» бастамасы елді абаттандыру мен көгалдандырумен қатар, әр адамның қоршаған орта мен қоғамдық кеңістікке жауапкершілікпен қарау мәдениетін қалыптастыруға бағытталғанын атап өтті.

Фото: Құрылтай

– Бүгін біз елорда тұрғындарымен бірге аллеяға ағаш ектік. Бірер жыл өткен соң бұл ағаштар Астананың ажарын ашып, ортақ еңбегімізді еске салып тұрады. Игі іске өз үлесімізді қосып, қала мен елге деген қамқорлық әрқайсымыздан басталатынын көрсету – біз үшін аса маңызды, – деді Айбек Дәдебай.

Бұл Құрылтай депутаттарының заң шығарушы орган қабырғасынан тыс жерде өткізген алғашқы бірлескен экологиялық акциясы болды.

Фото: Құрылтай

Ағаш егуге депутаттар Елдос Баялышбаев пен Захира Бегалиева да қатысты. Олар қоғамдық кеңістіктер ерекше қажеттілігі бар адамдар үшін де қолжетімді болуы керектігіне назар аударды.

Елдос Баялышбаевтың айтуынша, кедергісіз орта барлық тұрғынның өзін жайлы сезініп, ортақ іске тең дәрежеде қатысуына мүмкіндік беретін қолжетімді қоғамдық кеңістіктен басталады.

Фото: Құрылтай

Захира Бегалиева мұндай бірлескен бастамалар қоғамдағы ауызбіршілікті нығайтып, әр адамның қала болашағына өз үлесін қоса алатынын көрсететінін атап өтті.

«Таза Қазақстан» аясында елді мекендерді санитарлық тазалау, абаттандыру және көгалдандыру жұмыстары жүргізіліп келеді.