Құрылтай депутаттарын мандатынан айыру тәртібі қандай

АСТАНА.KAZINFORM – Мәжіліс депутаты Айдос Сарым «Қазақстан Республикасының Құрылтайы және оның депутаттарының мәртебесі туралы» конституциялық заң жобасы аясында Құрылтай мүшелерін депутаттық мандаттан айырудың процесін түсіндірді.

Фото: Виктор Федюнин / Kazinform

Оның айтуынша, конституциялық заң жобасындағы мандаттан айыру тәртібі негізінен қолданыстағы заңнама тетіктеріне ұқсас.

— Бұл партиялық сайлау болғандықтан, егер депутат партияның ұсыныстарына құлақ аспаса, партияның беделін түсірсе және басқа да жағдайлар болса, бұл (мандаттан айыру) процесті партияның өзі бастауы мүмкін. Сонымен қатар, мемлекеттік институттар араласқанда, тиісті шара қолданылуы мүмкін. Қылмыс жасаса, парамен ұсталса, онда тиісті тәртіп қарастырылған, - деді А. Сарым Парламент палаталарының бірлескен отырысынан кейін тілшілер сұрағына жауап бере отырып.

Бұдан бөлек ол сайлаушылар тиісті өтініштер арқылы Құрылтай депутаттарына сенімсіздік білдіре алатынын атап өтті. Алайда, мұндай жағдайда соңғы шешімді партия қабылдайды.

— Егер партия шынымен де бұл депутаттың жұмысын тиімді деп санаса, оның ешқандай заңдарды бұзбағанын немесе өзінің жеке саяси мақсаттарын көздемегенін атап өтсе, соңғы шешімді партия жасайды. Жалпы алғанда, бұл мәселелер партияның беделіне тікелей әсер етеді. Сайлаушылар қарсы болғанымен, партия тиісті шешімдерді қабылдамаса, онда партия өз рейтингінде ұтылады, - деді депутат.

Бұдан бұрын хабарланғандай, бүгін Парламент палаталарының бірлескен отырысында «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Қазақстан Республикасының Конституциялық заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Конституциялық заң жобасы бірінші оқылымда мақұлданды.

Мұнымен қоса, Парламент палаталарының бірлескен отырысында «Қазақстан Республикасының Құрылтайы және оның депутаттарының мәртебесі туралы» конституциялық заң жобасы бірінші оқылымда мақұлданды.