Құрылтай депутаттарын сайлау: БАҚ пен онлайн-платформаларға қойылатын талаптар жарияланды

АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігі 2026 жылғы 23 тамызда өтетін Қазақстан Республикасы Құрылтайы депутаттарының сайлауы кезіндегі бұқаралық ақпарат құралдары мен онлайн-платформаларды пайдаланушыларға сақталуға тиіс заң талаптарын еске салды.

Фото: Kazinform

Министрліктің мәліметінше, партиялық тізімдерді ұсыну 2026 жылғы 13 шілде сағат 18:00–ге дейін, ал оларды тіркеу 23 шілде сағат 18:00–ге дейін жалғасады. Сайлауалды үгіт-насихат жұмыстары тіркеу кезеңі аяқталғаннан кейін, яғни 23 шілде сағат 18:00–ден соң басталады.

Заң талаптарына сәйкес, барлық бұқаралық ақпарат құралдары саяси партиялардың партиялық тізімдерін ұсынуы мен оларды тіркеу туралы ақпаратты тең көлемде жариялауға міндетті. Бұл талап сақталмаған жағдайда әкімшілік жауапкершілік қарастырылған.

Сондай-ақ БАҚ пен онлайн-платформалар тіркелген кандидаттар мен партияларға үгіт материалдарын тек шарт негізінде орналастыра алады. Бұл талап саяси партиялар мен кандидаттардың өздерінің ресми интернет-ресурстары мен әлеуметтік желідегі парақшаларына қолданылмайды.

Министрлік онлайн-платформаларды пайдаланушылардың қаржыландыруды қажет етпейтін жеке пікір білдіруіне заңмен тыйым салынбайтынын атап өтті.

— БАҚ пен онлайн-платформалар 2026 жылғы 18 шілдеге дейін үгіт материалдарын орналастыру құны мен шарттары туралы ақпаратты жариялап, оны Қазақстан Республикасының Орталық сайлау комиссиясына ұсынуы тиіс. Егер БАҚ әлеуметтік желілердегі ресми аккаунттарында үгіт материалдарын жариялауды жоспарласа, бұл аккаунттар туралы мәліметтер де ОСК-ға берілуі қажет, — делінген хабарламада.

Үгіт материалдарын орналастыру тек ОСК-да тіркелген партиялармен жасалған шарттар негізінде жүзеге асырылады және олардың талаптары қандай да бір саяси күшке артықшылық бермеуге тиіс.

Сонымен қатар БАҚ пен онлайн-платформалар саяси партиялардың ар-намысы мен іскерлік беделіне нұқсан келтіретін материалдарды жариялаудан бас тартуға міндетті. Мұндай ақпарат жарияланған жағдайда оны тегін теріске шығару талап етіледі.

Сайлауалды үгіт-насихат 2026 жылғы 22 тамыз сағат 00:00–де аяқталады. Заңнамаға сәйкес, партиялық тізімдерді тіркеу аяқталғанға дейін, сондай-ақ 22 және 23 тамыз күндері үгіт жүргізуге тыйым салынады.

Министрлік телерадио хабарларын тарату субъектілеріне жаңалықтар мен талдамалық бағдарламаларда кез келген үгіт материалдарын таратуға болмайтынын да ескертті.

Бұдан бөлек, қоғамдық пікірге жүргізілген сауалнамалар мен сайлау болжамдарын жариялау кезінде заңда белгіленген талаптарды сақтау міндетті. Әсіресе дауыс беруге дейінгі бес күн ішінде және сайлау күні мұндай материалдарды жариялауға қатысты арнайы шектеулер қолданылады. Заң талаптарын бұзған жағдайда әкімшілік жауапкершілік көзделген.

Еске салайық, бұған дейін Құрылтай сайлауы қарсаңында партиялар қай бағытта жұмыс істеуі керек екенін жазғанбыз.