Құрылтай депутаттарының мандаттарына қанша үміткер тіркелді

АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясында Құрылтай депутаттығына кандидаттардың партиялық тізімдерін тіркеу қорытындылары жарияланды.

Фото: Kazinform

ОСК хатшысы Шавхат Өтемісовтің мәліметінше, Конституциялық заңның 89-бабына сәйкес, партиялық тізімдерді тіркеуді Орталық сайлау комиссиясы жүзеге асырады.

— Орталық сайлау комиссиясы Құрылтай депутаттығына кандидаттардың Конституция мен сайлау туралы Конституциялық заң талаптарына сәйкестігін тексерді. Уәкілетті мемлекеттік органдардың ресми жауаптарына сәйкес, партиялық тізімдерге енгізілген барлық азамат заң талаптарына толық сәйкес келеді. Осыған байланысты Орталық сайлау комиссиясы Құрылтай сайлауына қатысу үшін ұсынылған барлық жеті саяси партияның партиялық тізімдерін тіркеді, — деді Шавхат Өтемісов.

Оның айтуынша, тіркелген партиялық тізімдерге «Ақ жол» Қазақстанның демократиялық партиясынан — 63, «Ауыл» партиясынан — 69, «Әділет» партиясынан — 186, Қазақстанның «Байтақ» жасылдар партиясынан — 47, Жалпыұлттық социал-демократиялық партиядан — 33, Қазақстанның Халық партиясынан — 72 және «Respublica» партиясынан 75 кандидат енгізілген.

Осылайша, 2026 жылғы 23 шілдедегі жағдай бойынша Құрылтай депутаттарының мандаттарына үміткер жеті саяси партияның тізіміне барлығы 545 кандидат тіркелді. Құрылтайдағы депутаттық мандаттардың жалпы саны — 145.

Сонымен қатар барлық саяси партия әйелдер, жастар және мүгедектігі бар адамдардың өкілдігіне қойылатын заң талаптарын сақтаған. Барлық партиялық тізім бойынша аталған санаттардың жиынтық үлесі 43,9 пайызды құрайды.

Айта кетейік, ЕҚЫҰ миссиясы Қазақстандағы Құрылтай сайлауын бақылауға кіріскені белгілі болды.