Құрылтай қазақ халқының тарихы мен дәстүрін бейнелейді – Корей қауымдастығы басшысы

АСТАНА. KAZINFORM – Алдағы Құрылтай депутаттарының сайлауы Қазақстан мен Азия елдері арасындағы қоғамдық дипломатия саласында жұмыс істейтін ұйымдар тарапынан да қолдау тауып отыр. Осы маңызды оқиғаға қатысты құттықтауын жолдап, оның маңызына баға берген Корея – Орталық Азия достық қауымдастығының президенті Ли Ок Рён пікір білдірді.

Фото: worldkorean.net ресурсынан алынды

Корея – Орталық Азия достық қауымдастығы – Корея Республикасының Сыртқы істер министрлігі жанынан құрылған, қоғамдық дипломатия саласында қызмет ететін ұйым. Ол жылдар бойы Корея, Орталық Азия елдері және Қазақстан арасындағы байланысты нығайтуға үлес қосып келеді. Қауымдастық президенті Ли Ок Рён Қазақстанды алдағы Құрылтай депутаттарының сайлауымен құттықтады.

– 23 тамызда өтетін Қазақстан Құрылтайының сайлауымен шын жүректен құттықтаймын. Бұл сайлау жаңа конституциялық жүйе жағдайында өтіп жатыр және Қазақстанның мемлекеттік басқару жүйесін одан әрі жаңғырту мен демократияны дамыту жолындағы маңызды кезең болады деп жоспарланған, – деді Ли Ок Рён.

Оның бағалауынша, бұрынғы қос палаталы жүйеден 145 депутаттан тұратын бір палаталы Құрылтайға көшу – заң шығару қызметінің тиімділігі мен ашықтығын арттыруға бағытталған маңызды өзгеріс. Сонымен қатар ол жаңа парламент атауының символдық мәніне де ерекше тоқталды.

– Атап айтқанда, бұрынғы қос палаталы жүйеден 145 депутаттан тұратын бір палаталы Құрылтайға көшу – заң шығару қызметінің тиімділігі мен ашықтығын арттыруға бағытталған маңызды өзгеріс. Сондай-ақ «Құрылтай» атауы қазақ халқының тарихы мен дәстүрін сақтауға деген ұмтылысты білдіре отырып, жаңа саяси жүйені қалыптастыру идеясын көрсетеді деп санаймын, – деді ол.

Ли Ок Рён көптеген жыл бойы Корея Республикасы, Орталық Азия және Қазақстан арасындағы достық пен ынтымақтастықты дамытуға атсалысып келе жатқанын айтып, алдағы сайлау Қазақстанның дамуындағы жаңа кезеңнің бастамасы болатынына сенім білдірді.

– Корея Республикасы, Орталық Азия және Қазақстан арасындағы достық пен ынтымақтастықты дамытуға ұзақ жылдар бойы үлес қосып келе жатқан адам ретінде бұл сайлау Қазақстандағы демократия мен мемлекеттіліктің дамуындағы жаңа кезеңге жол ашады деп шын жүректен сенемін, – деп түйіндеді Ли Ок Рён.

Корея – Орталық Азия достық қауымдастығы басшысының құттықтауы алдағы Құрылтай сайлауының Азиядағы Қазақстанның серіктестері тарапынан мемлекеттік басқару жүйесін жаңғырту мен елдегі демократиялық институттарды нығайту жолындағы маңызды қадам ретінде бағаланатынын тағы бір мәрте айғақтайды.