11 қыркүйекте Құрылтай спикері Айбек Дәдебайдың төрағалығымен өткен Бюро отырысының қорытындысына орай депутаттар алдымен 1994 жылғы 15 сәуірдегі Дүниежүзілік сауда ұйымын құру туралы Марракеш келісіміне Қазақстанның қосылуы туралы хаттамаға қосымша саналатын Көрсетілетін қызметтер бойынша Қазақстан Республикасының ерекше міндеттемелерінің тізбесіне өзгерістерді ратификациялау жобасын бірінші оқылымда қарайды. Осы тізбеге ратификациялауға ұсынылған өзгерістер арқылы Қазақстан ДСҰ-ның қызметтерді ішкі реттеу жөніндегі қағидаларына қосылады.
Экономикалық саясат, өнеркәсіп және энергетика комитетінің төрағасы Наталья Годунованың атап өтуінше, құжатта лицензиялау талаптары мен рәсімдері, біліктілік талаптары, сондай-ақ қызмет көрсету саласындағы стандарттар қамтылған. Осы қағидаларды қабылдау қызметтер саудасын реттеудің әділ әрі ашық болуына мүмкіндік туғызады, әкімшілік рәсімдерді оңайлатуға, реттеу талаптарының ашықтығын арттыруға, сондай-ақ шетелдік және отандық қызмет көрсетушілер үшін қолайлы жағдай жасауға ықпал етеді деп күтіледі.
Сонымен қатар, Құрылтай отырысында Қазақстан мен Сербия Үкіметтері арасындағы әскери-техникалық ынтымақтастық туралы келісімді ратификациялау туралы заң жобасын бірінші оқылымда қарау жоспарланып отыр. Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің төрағасы Марат Қожаевтың айтуынша, бұл келісім тең құқықтық қағидат негізінде елдер арасындағы өзара тиімді әскери-техникалық ынтымақтастықты дамытуды айқындайды. Онда әскери мақсаттағы өнімді өзара жеткізуді жүзеге асыру, қару-жарақ пен әскери техникаға қызмет көрсету мен жөндеу, бірлескен ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарды жүргізу және басқа да бағыттар қамтылған.
Депутаттар Құрылтай жанынан Қоғамдық палата құру мәселесін де қарастырады. Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің мүшесі Айдос Сарым атап өткендей, Құрылтайдың бірінші сессиясының ашылуында Мемлекет басшысы стратегиялық маңызы бар заң жобаларын сарапшылар қауымдастығы жан-жақты талқылауы қажет екенін айтқан болатын. Осы тапсырманы орындау үшін Құрылтай жанынан Қоғамдық палата құру ұсынылып отыр. Оның негізгі миссиясы «нөлдік оқылым» сатысында заң жобаларына ғылыми, сарапшылық және қоғамдық сараптама жүргізу болады.
Естеріңізге сала кетсек, өткен аптадағы Құрылтай отырысында жоғары заң шығарушы органның Регламенті бекітілді. Құжат бойынша негізгі баяндама жасаған Снежанна Имашеваның айтуынша, заң шығару бастамасы құқығы тек қана Құрылтайда іске асырылады. Заң жобасы тіркелгеннен кейін Бюро оны бас комитетке жібереді. Бас комитет жұмыс тобын құрып, заң жобасының одан әрі пысықталуын ұйымдастырады. Заң жобасы үш оқылымда қаралады. Халықаралық шартты ратификациялау немесе денонсациялау туралы заңдар бұған жатпайды. Мұндай жобалар екі оқылымда қаралады.
Құрылтай отырыстары, әдетте, сәрсенбі және бейсенбі күндері, тыңдаулар – жұма күндері, Үкімет сағаттары – дүйсенбі күндері өткізіледі. Отырыс депутаттардың жалпы санының кемінде үштен екісі, яғни кемінде 97 депутат қатысқан жағдайда заңды болып саналады. Регламентте отырыстарды шақыру және өткізу, күн тәртібін қалыптастыру, депутаттарды тіркеу, жарыссөздер өткізу мен дауыс беру тәртібі толық түрде айқындалады. Негізгі қағидат – Құрылтай жұмысының ашықтығы. Отырыстар ашық өткізіледі және олардың трансляциясы көзделеді. Сонымен қатар кейбір көзделген жағдайларда қолжетімділігі шектеулі ақпаратты қорғау талаптары сақтала отырып жабық отырыстар өткізілуі мүмкін.
Депутат Премьер-министрге, Үкімет мүшелеріне, бірқатар басқа мемлекеттік органдардың басшыларына және өңір әкімдеріне сауал жолдауға құқылы. Депутаттық сауалға жауап бір айдан аспайтын мерзімде берілуге тиіс. Депутат талабымен жауап Құрылтай отырысында тікелей жарияланып, қосымша сұрақтар қоюға және талқылау жүргізуге мүмкіндік беріледі.
Күн тәртібіне шығарылған регламент бекітілгеннен кейін депутаттар Үкімет мүшелеріне сауал жолдады. Атап айтқанда, депутат Жарқынбек Амантайұлы тікелей эфирлер мен әлеуметтік желілердегі құқыққа қайшы контентке тұрақты мониторинг жүргізудің бірыңғай мемлекеттік жүйесін қалыптастыру керектігін алға тартты. Ал Ерлан Сайыр амандасу әдебін ұлттық құндылықтарға негізделген әлеуметтік норма ретінде қалыптастырудың нақты әдістемелік ұсынымдарын дайындауды ұсынды.
Асхат Рахымжанов болса жанармай сапасы бойынша ашық мемлекеттік тізілім құру қажеттігіне назар аудартты.
- Алматыда АИ-100 бензині ретінде құрамындағы күкірт мөлшері нормадан үш еседен астам жоғары өнім, ал Қызылорда облысында АИ-95 маркасының орнына кәдімгі АИ-92 бензині сатылған. Бұл жекелеген мысалдар емес. Тексеру қорытындылары бойынша сапасыз жанар-жағармай материалдарының үлесі әлі де елеулі деңгейде қалып отыр, - деді Асхат Рахымжанов.