Сапасыз бензиннен зардап шеккен азаматтарды қорғау тетігін қалыптастыру керек — Рахымжанов

АСТАНА. KAZINFORM — Жанармай сапасы бойынша ашық мемлекеттік тізілім құру қажет. Бұл туралы Құрылтай отырысында Премьер-министрге сауал жолдаған депутат Асхат Рахымжанов айтты.

Қозоғистонда бензин, дизель ва автогаз нархи қанча
Фото: Ағибай Аяпбергенов/ Kazinform

— Соңғы уақытта ақпарат кеңістігі АИ-95 және АИ-98 маркалы автомобиль бензині сапасының күрт төмендеуіне байланысты азаматтардың жаппай шағымдары көбейіп кетті. Жанармай құйғаннан кейін көліктер тұрақсыз жұмыс істей бастайды: форсункалар, оталдыру білтелері, катализаторлар және басқа да қымбат тораптар істен шығады. Жекелеген жағдайда көлік иелері жөндеу жұмыстарына 200-ден 600 мың теңгеге дейін қаржы жұмсауға мәжбүр. Көптеген отбасы үшін бұл — отбасы бюджетіне айтарлықтай салмақ, — деді ол.

Депутат Техникалық реттеу және метрология комитеті 2026 жылы жүргізілген бақылау сатып алулары барысында бензинді тікелей алмастыру фактілері анықталғанын мәлім еткенін еске салды.

— Алматыда АИ-100 бензині ретінде құрамындағы күкірт мөлшері нормадан үш еседен астам жоғары өнім, ал Қызылорда облысында АИ-95 маркасының орнына кәдімгі АИ-92 бензині сатылған. Бұл жекелеген мысалдар емес. Тексеру қорытындылары бойынша сапасыз жанар-жағармай материалдарының үлесі әлі де елеулі деңгейде қалып отыр, — деді Асхат Рахымжанов.

Асхат Рақымжанов
Фото: Видеодан скрин

Осыған орай Құрылтай депутаты мынадай ұсыныстар берді:

— мұнай өнімдерінің сапасына мемлекеттік бақылауды күшейту, оның ішінде жанармай құю станциялары мен мұнай базаларынан алдын ала ескертусіз, күтпеген жерден сынама алуға құқық беру, сондай-ақ міндетті зертханалық сараптамамен қатар жүретін тұрақты бақылау сатып алуларын жүргізу;
— тек соңғы сатушыны жазалаумен шектелмей, жеткізу тізбегіндегі нақты кінәлі буынның жеке жауапкершілігін белгілеу;
— ӘҚБтК-нің 281-бабы бойынша құқық қолдану тәжірибесін талдап, кондицияға сай келмейтін отынды өткізу және айналымға шығару үшін жауапкершілікті мөлшерлес түрде күшейту, оның ішінде мұндай партияларды айналымнан міндетті түрде алып қоюды қарастыру;
— тексерулердің нәтижелері көрсетілетін жанармай сапасы бойынша ашық мемлекеттік тізілім құру;
— зардап шеккен азаматтарды қорғаудың нақты тетігін қалыптастыру: себеп-салдарға байланысты дәлелдеуді жеңілдету және диагностика мен жөндеу шығындарын өтеу мүмкіндігін қарастыру, кейіннен бұл сомаларды жеткізу тізбегіндегі кінәлі қатысушыдан өндіріп алу.

Бұған дейін Сауда және интеграция министрлігі азаматтардан келіп түскен өтініштерге байланысты автомобиль бензинінің сапасына зертханалық зерттеуді жалғастырып жатқанын жазған едік.