Құрылтай отырысы: ветеринар дәрігерлердің мәртебесін көтеру құжаты қаралады

АСТАНА. KAZINFORM — Бүгін Құрылтайдың жалпы отырысы өтеді.

Фото: Kazinform/ЖИ

Онда депутаттар ветеринария мәселелері бойынша енгізілетін өзгерістерді талқылайды.

Айта кетейік, 30 қазанда Құрылтай төрағасы Айбек Дәдебайдың төрағалығымен өткен Бюро отырысында Құрылтайдың алдағы отырысының күн тәртібі нақтыланды.

Бірінші оқылымда Ветеринария мәселелері бойынша кейбір заңнамалық актілерге енгізілетін өзгерістер мен толықтырулар жобасы қаралады. Түзетулер мемлекеттік органдардың ветеринария саласындағы өкілеттіктерінің ара-жігін ажыратуға, ветеринариялық дәрігерлердің мәртебесін көтеруге және оларды әлеуметтік қолдауға бағытталған.

Саланы цифрландыруға да ерекше көңіл бөлініп отыр. Бұған қоса, ветеринариялық бақылау мен биологиялық қауіпсіздік талаптарын күшейту, ветеринариялық қызмет субъектілерінің жауапкершілігін арттыру шаралары да ұсынылады.

Бұған дейін хабарланғандай, биыл тамызда Ауыл шаруашылығы министрлігінде өткен кеңесте ветеринариялық қауіпсіздік, инфрақұрылымды дамыту және саланы цифрландыру мәселелері қаралды. 

Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, Мал шаруашылығын дамытудың кешенді жоспарымен қатар, 2026–2030 жылдарға арналған Ветеринарияны дамытудың кешенді жоспары бекітілді. Оны іске асыруға 66,2 млрд теңге қарастырылған.

Сонымен қатар, депутаттар «Қазақстан Республикасы мен Азия Даму Банкі арасындағы Қарыз туралы келісімді (Жай операциялар) (Фискалдық басқару және қаржы секторы реформаларының бағдарламасы — 2-кіші бағдарлама) ратификациялау туралы» Қазақстан Республикасы Заңының жобасын қарайды.

Бұдан бөлек, Құрылтайда «Цифрландыру және жасанды интеллект жылы аясында экономиканың нақты секторы салаларын цифрлық трансформациялау» тақырыбында тыңдау өткізу туралы ақпарат қаралады.

Құрылтайдың баспасөз қызметі таратқан мәліметке қарағанда, жалпы отырыс қорытындысы бойынша БАҚ өкілдеріне арналған брифинг өткізу жоспарланып отыр. Онда ветеринария мәселелері бойынша өзгерістер енгізу туралы заң жобасы жөнінде спикерлер ретінде ауыл шаруашылығы вице-министрі Ермек Кенжеханұлы, Құрылтай депутаттары Серік Егізбаев және Бота Елеусізова (жұмыс тобының жетекшісі) шақырылады.

Ал екінші заң жобасы — Қазақстан мен Азия Даму Банкі арасындағы келісімге қатысты Қаржы министрі Мәди Тәкиев және Құрылтай депутаты, жұмыс тобының жетекшісі Қайрат Айтуғанов тілшілер сұрақтарына жауап береді.

Еске салсақ, өткен аптадағы Құрылытай отырысында депутаттар «2014 жылғы 29 мамырдағы Еуразиялық экономикалық одақ туралы шартқа өзгерістер енгізу жөнінде хаттаманы ратификациялау туралы» заң жобасын екі оқылымда қарап, қабылдады. 

Құжатты таныстырған Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиевтың мәліметінше, хаттамаға 2025 жылғы 28 шілдеде Мәскеу қаласында Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердің басшылары қол қойды. Оның ережелері Одақ аясындағы құқықтық реттеуді жетілдіруге және құқық қолдану практикасы барысында анықталған олқылықтарды жоюға бағытталған.

— Ұсынылып отырған хаттамада Еуразиялық экономикалық одақ туралы шартқа 30 түзету енгізу көзделген. Олар ішкі нарықтың жұмыс істеуі, мемлекеттік сатып алу, техникалық реттеу, көрсетілетін қызметтер саудасы, бәсекелестік, электр энергетикасы және көлік мәселелерін қамтиды. Атап айтқанда, Еуразиялық экономикалық комиссияның Одақтың ішкі нарығындағы кедергілерді әдіснамалық тұрғұдан саралау және тосқауылдар мен шектеулерді жойылды деп тану жөніндегі өкілет бекітіледі. Аталған норма комиссия жұмысының бірыңғай тәсілін қалыптастырудың құқықтық негізін айқындайды және елдеріміз арасындағы кедергісіз ортаны қалыптастыруды жақсартуға ықпал етеді, — деді ол.

Сонымен қатар 28 қазандағы Құрылтай отырысында төраға Айбек Дәдебай Президент Жолдауының маңызы жөнінде мәлімдеме жасады.

Оның сөзінше, Мемлекет басшысының Жолдауы — еліміздің жаңа жағдайдағы алдағы нақты даму бағдарын айқындайтын бағдарламалық құжат.

— Бұл — Конституция қабылданып, бүкіл саяси жүйе жаңғыртылғаннан кейінгі алғашқы жолдау. Енді Мемлекет басшысы жаңа саяси институттардың алдына нақты міндеттер қойып отыр, яғни — жүргізіп жатқан реформаларды нақты мазмұнмен байытып, олардың жүзеге асырылуын қамтамасыз ету. Осы орайда, Құрылтай депутаттарына да зор үміт артып отыр, — деді Айбек Дәдебай.