Құрылтай сайлауы әділ әрі ашық өтті — ТМД миссиясының қорытындысы

АСТАНА. KAZINFORM — Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығының байқаушылар миссиясы 23 тамызда өткен Құрылтай депутаттарының сайлауын бақылау қорытындысын шығарды. Қорытынды нәтижесін Орталық сайлау комиссиясында өткен брифингте ТМД миссиясының басшысы Игорь Петришенко жария етті.

Фото: Виктор Федюнин/Kazinform

Оның айтуынша, дауыс беру жоғары ұйымдастырушылық деңгейде әрі елдің сайлау заңнамасына сәйкес өтті. Миссия Қазақстан Сыртқы істер министрлігінің шақыруымен сайлауды дайындау және өткізу барысын 3 тамыздан бастап бақылады. Миссия құрамына 190 байқаушы кірді. Олар республика заңнамасы мен ашықтық, бейтараптық және араласпау қағидаттарын басшылыққа алып, еркін әрі тәуелсіз жұмыс істеді.

— Қазақстан Республикасының сайлау заңнамасы жалпыға танылған қағидаттар мен халықаралық құқықтың қолданылатын нормаларына сәйкес келеді және сайлауды еркін әрі демократиялық түрде өткізуге жеткілікті құқықтық негіз саналады, — деді Игорь Петришенко.

23 тамыз — дауыс беру күні миссия өкілдері 900-ден астам сайлау учаскесіне барды. Сондай-ақ шетелдегі сайлау учаскелеріндегі сайлау барысын бақылады. Байқаушылардың мәліметінше, барлық учаске уақытлы ашылып, дауыс беру ұйымдасқан, тыныш әрі қолайлы жағдайда өтті.

— Дауыстарды санау рәсімі конституциялық заңға сәйкес жүргізілді. Байқаушылар айтқан жекелеген ескертулер техникалық сипатта болды және оларды учаскелік комиссиялар жедел түрде жойды. Сайлау нәтижесіне әсер етуі мүмкін заң бұзушылықтар анықталған жоқ, — деп атап өтті ол.

Бақылау қорытындысында ТМД миссиясы Құрылтай депутаттарының сайлауы Қазақстан заңнамасына толық сәйкес өткізілді деген қортақ ұйғарымға келді.

— Қазақстан Республикасы Құрылтайы депутаттарының 2026 жылғы 23 тамыздағы сайлауы жоғары ұйымдастырушылық деңгейде өтіп, әділ, бәсекелі және ашық болды. Ол Қазақстан азаматтарының өз еркін білдіру құқығын жүзеге асыруын қамтамасыз етті, — делінген миссия мәлімдемесінде.

Бұған дейін Құрылтай депутаттары сайлауының нәтижесін жариялаған едік.