Құрылтай сайлауы алдында Қызылордада 9 жаңа учаске ашылды

ҚЫЗЫЛОРДА. KAZINFORM — Қызылорда облысында 23 тамызда өтетін Құрылтай сайлауын ұйымдастыруға дайындық жүріп жатыр. Бұл туралы облыстық аумақтық сайлау комиссиясы хабарлады.

Фото: Kazinform

2026 жылғы 11 шілдеге дейін аумақтық және учаскелік сайлау комиссиясының құрамын жариялау көзделген. Осыған байланысты 9 шілде күні облыстық және аудандық басылымдарда тізім жарияланды. Сонымен бірге әкімдіктер сайлау учаскелерінің шекарасын жариялайды.

Фото: Kazinform

— Қызылорда өңірінде 9 аумақтық, 386 учаскелік сайлау комиссиясы жұмыс істейді. 9 аумақтық сайлау учаскесінде 63 комиссия мүшесі тұрақты түрде қызмет атқарады. 386 учаскеде сайлау комиссиясының 2720 мүшесі бар. Науқан алдында 9 жаңа учаске ашылды. Оның 7-і Қызылорда қаласында, 1-і Қазалы, 1-і Шиелі аудандарында. Өңірдегі 386 учаскенің 132-сі Қызылорда қаласында, қалғаны аудандарда. Аймақта 500 926 азамат дауыс беруші ретінде тізімге енген, — деді комиссия төрағасы Әділбек Ерсұлтанов.

Тұрғындардың тізімі 2 тамызға дейін нақтыланып, учаскелерге ұсынылады. Содан кейін учаскелер дауыс беруші азаматтар тізімімен жұмыс жүргізеді. Құрылтай сайлауын өткізуге жауапты комиссия мүшелері кезең- кезеңімен оқиды.

Фото: Kazinform

Еске салайық, ҚР Орталық сайлау комиссиясы Құрылтай сайлауына арналған күнтізбелік жоспарды бекітті. Жалпы науқанды ұйымдастырудың ұзақтығы — 54 күн. 12 күн саяси партиялардың құжаттарын ұсынуға бекітілсе, 29 күн үгіт кезеңіне арналады.

22 тамыз — тыныштық күні, 23 тамыз — дауыс беру күні.