Құрылтай сайлауы: Қырғызстандағы қазақстандықтар дауыс беріп жатыр

АСТАНА.KAZINFORM - Бішкектегі Қазақстан Республикасының елшілігінде бір палаталы Құрылтай сайлауына дауыс беру жүріп жатыр.

Фото: Гульмира Абдрахманова/Kazinform

Дипломатиялық миссия ғимаратында орналасқан №428 учаскелік сайлау комиссиясы жергілікті уақыт бойынша таңғы сағат 7:00-де жұмысын бастады.

Елшілік мәліметінше, консулдықта тұрақты тіркелген 200 қазақстандық сайлаушы тізімге енгізілген.

Алғашқы сайлаушылар сайлау учаскесіне таңертең ерте келе бастады, оның ішінде ресми мақсаттармен Қырғызстанда уақытша тұратын сайлаушылар да бар.

Фото: Гульмира Абдрахманова/Kazinform

Бішкекке барған отандасымыз Татьяна Цой дауыс беруге әрқашан белсенді қатысатынын айтты.

-Мен бұл жаққа Астанадан жақындарыма қонаққа келдім. Сайлау учаскесіне дауыс беруге келдім, себебі бұл менің азаматтық парызым. Біз еліміздің болашақта жүретін жолын таңдап жатырмыз, - деді ол.

Астаналық ALEM заманауи би театрының жас бишісі Айза Бекәли VI Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының ашылу салтанатына қатысу үшін Қырғызстанда уақытша жүргенін, сөйте тұра азаматтық борышын өтеу үшін сайлауға келгенін айтты.

-Біздің Қырғызстанда жатқанымызға бір ай. Бүгін мен Құрылтай сайлауына дауыс беру үшін Қырғыз Республикасындағы Қазақстан елшілігінің сайлау учаскесіне келдім. Еліміздің патриоты ретінде мен азаматтық борышымды өтеуді маңызды қадам деп санаймын, себебі еліміздің болашағы біздің дауысымызға байланысты. Қазақстан жастары - еліміздің болашағы, - деп атап өтті ол.

Фото: Гульмира Абдрахманова/Kazinform

Учаскелік сайлау комиссиясының құрамында ТМД-ға мүше мемлекеттердің Парламентаралық Ассамблеясынан екі халықаралық байқаушы, сондай-ақ БАҚ өкілдері бар.

Кәмелетке толған әр қазақстандық сайлауда дауыс беруге құқылы. Дауыс беру жергілікті уақыт бойынша сағат 20:00-ге дейін жалғасады, содан кейін сайлау учаскесі комиссиясының мүшелері дауыстарды санауға кіріседі.

Бұған дейін Құрылтай сайлуында Ресейдегі Қазақстан азаматтары дауыс беріп жатқанын хабарладық.