— Қазақстанның астанасы Астанада болғаныма өте қуаныштымын. Журналист ретінде сайлауды бақылауға тағы да қатысу мен үшін үлкен мәртебе. Мұнда алғаш рет референдум кезінде болған едім, ал қазір жаңа бір палаталы парламенттің сайлауына қатысып отырмын, — деді Дерья Сойсал.
Ол жоғары өкілді органның жаңа атауына ерекше назар аударды.
— Енді біз «Парламент» емес, «Құрылтай» деп атаймыз. Байырғы түркілік әрі төл қазақ атауының мағынасы терең. Әсіресе Қазақстан тәуелсіздігінің 35 жылдығы аталып өтіп жатқан тұста бұл атаудың мәні зор. Бұл елдің толық тәуелсіздігін және өзінің тарихи тамырына деген мақтанышын айшықтайды, — деп атап өтті журналист.
Оның айтуынша, халықаралық бақылаудың ауқымы да әсерлі. Қазақстанда 42 елден және 13 халықаралық ұйымнан 777 байқаушы жұмыс істеп жатыр. Олардың қатарында Бельгия мен Швейцария өкілдері де бар.
— Еуропалық байқаушылардың сайлауды бақылау және оның өту барысын қадағалау үшін келгенін мақтан тұтамын. Бұл үлкен мәртебе, — деді ол.
Дерья Сойсал Құрылтай сайлауын тек Қазақстанды ғана емес, бүкіл Орталық Азияны демократияландыру жолындағы маңызды кезең деп бағалады.
— Бір палаталы парламент заңдарды қабылдау үдерісін жеделдетуге мүмкіндік береді. Бұл шешімдерді жедел қабылдау және нақты іс-шараларды жүзеге асыру үшін аса маңызды. Болашақ вице-президенттің рөлі де шешуші болады. Бұл өңірдегі басқа елдер мен посткеңестік мемлекеттер үшін үлгі боларлық қадам, — деп есептейді бельгиялық журналист.
Оған Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың брифингі ерекше әсер қалдырған.
— Дауыс бергеннен кейін қазақстандық және корейлік журналистермен бірге Мемлекет басшысы сұрақтарға жауап берген брифингке қатыстым. Президент жастарға ерекше мән берілетінін атап өтті. Қазақстан — жас демократия. Ал дәл осы жас ұрпақ жаңа идеялар әкеліп, елді одан әрі нығайтып, тәуелсіздігін күшейтеді, — деді Дерья Сойсал.
Екіжақты қарым-қатынастар туралы сөз қозғаған журналист олардың белсенді дамып келе жатқанын атап өтті.
— Биыл Бельгия-Қазақстан байланыстары үшін айрықша маңызды жыл. Маусым айында Қазақстан Президенті Брюссельге барып, Бельгияның Премьер-министрімен және Сыртқы істер министрімен, сондай-ақ Урсула фон дер Ляйенмен және Антониу Коштамен кездесті. Ал қазанда аралығында Бельгия Королі Филипп Қазақстанға мемлекеттік сапармен келеді. Бұл оның монарх ретінде Орталық Азияға жасайтын алғашқы мемлекеттік сапары. Ол сенімді аймақтық серіктес ретінде Қазақстаннан басталмақ, — деді ол.
Дерья Сойсалдың мәліметінше, бүгінде Қазақстанда 120-ға жуық бельгиялық компания жұмыс істейді. Оның пікірінше, Король Филипптің сапары экономикалық қана емес, академиялық саладағы, талдау орталықтары деңгейіндегі, сондай-ақ саяси және институционалдық бағыттардағы ынтымақтастықты одан әрі нығайта түседі.
— Корольдің сапары біздің қарым-қатынастарымызды одан әрі нығайтатынына сенімдімін. Қазақстан-Бельгия байланыстары жасасын және ғұмыры ұзақ болсын, — деп қорытындылады журналист.
Айта кетейік, Құрылтай сайлауында барлық 7 саяси партияның басшысы өз таңдауын жасады.