– Respublica партиясы 76 адамнан тұратын партиялық тізімді ұсынды. Орталық сайлау комиссиясы жіберген сауалға сәйкес, уәкілетті мемлекеттік органдар Құрылтай депутаты болып сайлану үшін партиялық тізімге енген адамдардың Конституция мен «ҚР Сайлау туралы» конституциялық заңының талаптарына сәйкестігіне тексеру жүргізді. Орталық сайлау комиссиясында бұл тізімдегі Сәния Бақытжанқызы Темірғалиеваның оны осы партиялық тізімнен өз еркімен шығару туралы өтініші 11 шілдеде ресми тіркелді. «ҚР Сайлау туралы» конституциялық заңының 90-бабының 1-тармағына сәйкес, Respublica партиясының партиялық тізімінен оның өтініші негізінде Сәния Бақытжанқызы Темірғалиеваны шығару бойынша Орталық сайлау комиссиясы өз құзіреті шеңберінде шешім жобасын дайындады, – деді ол.
Осылайша, Сәния Бақытжанқызы Темірғалиева тізімнен алынғандықтан, Respublica партиясының партиялық тізімінде бастапқы хабарланғандай 76 емес, 75 кандидат тіркелді.
– 38 кандидат – әйелдер, жастар және мүгедектігі бар адамдар. Олардың үлесі – 50,7%. Заңда белгіленген квота сақталды. Партиялық тізімге енгізілген барлық адам Конституцияның және «ҚР Сайлау туралы» конституциялық заңының талаптарына сәйкес келеді, – деді Шавхат Өтемісов.
Айта кетейік, бұған дейін Орталық сайлау комиссиясы алғашқы партияның тізімін тіркегенін жазғанбыз.