— Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясының партиялық тізіміне 33 адам енгізілген. Оның ішінде 14 кандидат әйелдер, жастар және мүгедектігі бар адамдар санатына жатады, бұл жалпы жиынтық бойынша 30 пайыздан асады. Заңда белгіленген квота талаптары сақталған. Орталық сайлау комиссиясы уәкілетті мемлекеттік органдармен бірлесіп кандидаттарға қатысты тиісті тексеру жүргізді. Жүргізілген жұмыстардың нәтижесі бойынша партиялық тізімге енгізілген барлық кандидат ҚР Конституциясының және «ҚР сайлау туралы» конституциялық заңының талаптарына сәйкес келеді деп танылды, — деді Михаил Бортник.
Орталық сайлау комиссиясының мүшесі, сондай-ақ, Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясы 2023 жылғы 19 наурызда өткен ҚР Парламенті Мәжілісі депутаттарының сайлауында сайлаушылардың 5 пайыздан астам дауысын жинағанын атады. Осыған байланысты, заңнамаға сәйкес аталған партия сайлау жарнасын төлеуден босатылады.
Айта кетейік, бұған дейін Жалпыұлттық социал-демократиялық партияның партиялық тізімі тіркелгенін жазғанбыз.