Германиядағы Berliner Zeitung басылымының геосаясат бөлімінің жетекшісі Николас Бутылиннің айтуынша, Құрылтай сайлауы Қазақстандағы жүйелі реформаларды жүзеге асыруда маңызды қадам болды.
— Мен ел азаматтарының саяси өмірге байыппен әрі зор қызығушылықпен араласып жатқанын көрдім. Қазақстанда жүзеге асып жатқан реформалардың қарқыны шынымен де таңғалдырады. Ал алғашқы Құрылтай сайлауын осы өзгерістердің заңды жалғасы әрі маңызды кезеңі деп бағалауға болады, — деді Николас Бутылин.
Сарапшы Қазақстанның әлемдік геосаяси және экономикалық кеңістіктегі рөлінің артып келе жатқанын да атап өтті.
— Соңғы жылдары, әсіресе кейінгі айларда Қазақстан Германия мен Еуропалық одақтың назарын айрықша аударып отыр. Астанада әлемнің түкпір-түкпірінен келген журналистер мен сарапшыларды кездестіруге болады. Қазақстан бүгінде жаһандық мүдделер тоғысатын, түрлі тараптар өзара пікір алмасып, диалог құра алатын бірегей алаңға айналып келеді, — деді ол.
Бутылин өңірдің экономикалық әлеуеті Қазақстан мен Германия арасындағы ынтымақтастықты одан әрі кеңейтуге зор мүмкіндік беретінін атап өтті. Оның айтуынша, Транскаспий халықаралық көлік бағытын (Орта дәліз) дамыту және неміс компанияларының инвестициясын тарту екіжақты байланыстарға тың серпін бере алады.
— Қазақстандағы сайлау біз үшін айрықша қызықты. Жалпы, Германия мен Қазақстан арасындағы байланыс жоғары деңгейде. Соңғы жылдары екі елдің ынтымақтастығы айтарлықтай жанданып, өзара қарым-қатынас жаңа серпін алды. Бұл әріптестік жүйелі түрде дамып келеді және болашағы зор, — деді басылымның саяси шолушысы.
Құрылтай сайлауына Аустрияның Бостандық партиясының (FPÖ) мүшесі, Аустрия Федералдық кеңесінің (Бундесрат) депутаты Андреас Артур Шпанринг те келді.
— Мен Қазақстанға ЕҚЫҰ-ның сайлауды бақылау жөніндегі миссиясының құрамында келдім. Біз сайлау барысын жіті бақылауда ұстадық, бірақ үдерістерге араласпадық. Тек болған жағдайларды тіркеп, тиісті ақпаратты миссия мүшелеріне жеткізіп отырдық, — деді саясаткер.
Ол Қазақстан мен Аустрия арасындағы экономикалық ынтымақтастықты дамытуға мол мүмкіндік бар екенін айтты. Оның айтуынша, бұған аустриялық бизнестің Қазақстан нарығына қызығушылық танытып, белсенді әрекет етуі де ықпал етіп отыр. Екі ел арасындағы байланысты одан әрі нығайту Қазақстанға да, Аустрияға да тиімді болмақ.
Сондай-ақ шетелдік депутат елорданың заманауи келбеті мен қарқынды дамуына ерекше тәнті болғанын айтты.
— Соңғы жылдары Орталық Азияға бірнеше рет келудің сәті түсті, өңірдің өркендеп, экономикасы дамып келе жатқаны айқын көрінеді. Әрине, ауқымды өзгерістер бір күнде жүзеге аспайды. Әсіресе саясатта қалыптасқан жүйені бір сәтте өзгерту мүмкін емес, оған уақыт қажет. Дегенмен Қазақстандағы реформалардың дұрыс бағытта жүріп жатқаны анық байқалады. Қазақстанға әрдайым сәттілік тілеймін және алдағы уақытта екі ел арасындағы ынтымақтастықтың одан әрі нығая түсетініне сенемін, — деді Андреас Артур Шпанринг.
Бұған дейін халықаралық байқаушы Құрылтай сайлауына қатысу белсенділігінің жоғары болғанын және сайлау үдерісінің тиісті деңгейде ұйымдастырылғанын атап өткен еді.
Ақзат Жиеналина