Құрылтай төрағасы қазақ тілін жетік білу керек – Парламенттік реформа

Фото: Конституциялық сот

АСТАНА. KAZINFORM – Сенат депутаты Нұрлан Бекназаров Конституциялық реформа жөніндегі комиссияның екінші отырысында Құрылтай төрағасына қойылатын ең негізгі талапты атады.

- Құрылтайды мемлекеттік тілді еркін меңгерген депутаттар арасынан Құрылтай депутаттарының жалпы санының көпшілік даусымен жасырын дауыс беру арқылы сайланған төраға басқарады. Құрылтай төрағасы лауазымына кандидатураны ҚР Президенті ұсынады, - деді ол.

Айтуынша, Конституцияда Құрылтай төрағасының қызметін реттейтін регламент те нақтыланады.

- Ұсыныстармен Құрылтайдың бірінші сессиясын ҚР Президенті сайлау қорытындысы жарияланған күннен бастап 30 күннен кешіктірмей шақыруы, Құрылтайдың кезекті сессияларын өткізу мерзімі нақтыланған, - деді Нұрлан Бекназаров.

Айта кету керек, бұл айтылып отырған нормалардың бәрі әзірге ұсыныс қана. Нормалардың қайсысы қабылданып, қайсысы Ата заңға енбейтінін референдум шешеді.

Дәл қазір Конституциялық реформа жөніндегі комиссияның екінші отырысы өтіп жатыр.

Kazinform агенттігінің қазақ және орыс тіліндегі Telegram арнасында мәтін трансляциясы болады.

Өткен аптада Конституциялық комиссияның алғашқы отырысы өтіп, бір палаталы «Құрылтайдың» функциясы мен құрамы, вице-президент лауазымының мемлекеттік биліктегі орны, заң шығару бастамасын көтеруге хақылы «Халық кеңесінің» құзыреті қандай болатыны айтылған еді.