Оның атап өтуінше, Қоғамдық палатаның жұмысына бөлек бюджет қарастырылмайды. Құрылтай жұмысына бөлінген қаражат пен қолда бар мүмкіндіктер палат жұмысынада да пайдаланылады.
— Күнделікті жұмысымызға қажетті жағдайларды айтатын болсақ, мысалы, отырыс өткізу үшін үлкен зал, микрофондар және трансляция қажет. Кей жағдайда маңызды сарапшыны шақыру үшін оның жол шығынын өтеу керек болуы мүмкін. Бұдан басқа айтарлықтай шығын көріп отырған жоқпыз, — деді Айдос Сарым.
Сонымен қатар ол Қоғамдық палата мен депутаттар арасында пікір қайшылығы туындағанда соңғы сөз кімде болатынын түсіндірді. Оның айтуынша, Қоғамдық палатаның ережесіне сәйкес, дауыс беру кезінде тараптардың дауысы тең түссе, Палата төрағасының дауысы шешуші болады.
— Өз тәжірибемде мұндай жағдай болған емес. Сарапшылар өз мүмкіндігі мен әлеуетін жақсы білетін азаматтар. Олар мұнда дауласу үшін емес, өз пікірін нақты жеткізу немесе өздері өкілдік ететін қоғамдық не сарапшылық қауымдастықтың ұстанымын білдіру үшін келеді, — деді ол.
Депутаттың айтуынша, Қоғамдық палатаның жұмысы отырыспен ғана шектелмейді. Сарапшылардың негізгі міндеттерінің бірі — тиісті заң жобалары бойынша жұмыс топтарына қатысып, мемлекеттік органдармен бірлесіп жұмыс істеу.
— Әрине, пікір қайшылығы болған кездер, өзара келіспеушіліктер кездесті. Бірақ негізінен сарапшылардың сыны мен ұсыныстары мемлекеттік органдарға бағытталатын. Ал депутаттармен, керісінше, тығыз жұмыс істеп, жақсы қарым-қатынас орнады, — деді Айдос Сарым.
Айта кетейік, бүған дейін Айдос Сарым Қоғамдық палата мен Халық Кеңесінің міндеттері бір-бірін қайталамайтынын айтқан еді.