Оның сөзінше, «Қазақстан Республикасының Құрылтайы және оның депутаттарының мәртебесі туралы» конституциялық заң жобасында Депутаттық әдеп кеңесінің жұмыс тәртібі жазылған.
Құжатқа сай, Құрылтайда депутаттарға қызметіне қатысы жоқ жеке мәселелері бойынша сөз сөйлеуге тыйым салынады.
– Алдағы уақытта Құрылтай сайланған соң, ең алдымен, депутаттық әдеп жөніндегі құжатты қабылдайтын шығар. Ол әр депутаттың үстелінде жатады. Аталған қағидада депутатқа қашан және қанша уақыт мәлімдеме жасауға болады т.б. ережелер қамтылады. Құрылтай мінберінде жеке мәселелерді көтеруге болмайды деген норма қазірдің өзінде заң жобасына енгізілді, – деді депутат.
Сонымен қатар, Айдос Сарым тәртіп бұзғандарға қолданылатын шаралар жөнінде айтты.
– Айыппұл салу қарастырылмаған. Бірақ одан өзге бірқатар шара бар. Мысалы, сөгіс беруді атауға болады. Не болмаса, Құрылтайдың бір не үш отырысында сұрақ қою, сауал жолдау, мәлімдеме жасау мүмкіндігінен айрылады. Тәртіп бұзған депутаттың жай ғана микрофоны қосылмайды. Демек, бұл институт жаңа парламенттік және саяси мәдениетті қалыптастыруы тиіс, – деді ол.
Айта кетейік, бұған дейін «Қазақстан Республикасының Құрылтайы және оның депутаттарының мәртебесі туралы» конституциялық заң жобасы мақұлданып, соның аясында депутаттық әдеп қағидалары бекітілетінін жазғанбыз.