Құрылтайда орман әлеуетін дамыту мен экологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселелері талқыланды

АСТАНА. KAZINFORM — Құрылтайдың Аграрлық мәселелер, экология және табиғи ресурстар комитетінің ұйымдастыруымен «Орман әлеуетін дамыту және оның экологиялық және климаттық мақсаттарға қол жеткізудегі рөлі» тақырыбында дөңгелек үстел өтті.

Фото: Т. Таныбаев

Комитет төрағасы Серік Егізбаев жүргізген іс-шараға БҰҰ-ның Қазақстандағы тұрақты үйлестірушісі Раднарагча Саранго қатысып, баяндама жасады. Сондай-ақ Экология және табиғи ресурстар, Су ресурстары және ирригация, Ауыл шаруашылығы, Қаржы, Ғылым және жоғары білім, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрліктерінің, Халықаралық жасыл технологиялар және инвестициялық жобалар орталығының, «Атамекен» ҰКП басшылық өкілдері қатысты.

Фото: Т. Таныбаев

Жиында Аграрлық мәселелер, экология және табиғи ресурстар комитетінің төрағасы Серік Егізбаев орман ресурстарын сақтау, молайту және тиімді пайдалану еліміздің экологиялық қауіпсіздігін қамтамасыз етудің маңызды бағыттарының бірі екенін атап өтті.

– Соңғы жылдары елімізде орман өрттері, заңсыз ағаш кесу және жердің эрозияға ұшырауы өзекті мәселеге айналды. Мемлекет басшысы орман алқаптарын ұлғайтуға, елді мекендерді көгалдандыруға және табиғи экожүйелерді сақтауға ерекше назар аударып келеді. Бүгінгі дөңгелек үстелдің негізгі мақсаты – орман шаруашылығы саласындағы өзекті мәселелерді анықтап, оларды шешудің нақты жолдарын, оның ішінде заңнаманы жетілдіру бағыттарын айқындау, – деді Серік Егізбаев.

Фото: Т. Таныбаев

Дөңгелек үстелде Экология және табиғи ресурстар вице-министрі Нұркен Шәрбиев еліміздегі орман қорын қалпына келтіру және ұлғайту жұмыстары туралы баяндады. Оның айтуынша, 2021-2025 жылдары елімізде 1 млн гектар аумаққа 1 млрд 648 млн көшет отырғызылған. Биыл 9 қарашадағы жағдай бойынша тағы 290 млн көшет егілген. Ал 2027 жылы 270 млн көшет отырғызу жоспарланып отыр.

Вице-министр 2035 жылға қарай орманмен көмкерілген жерлердің аумағын 14,7 млн гектарға жеткізу көзделіп отырғанын жеткізді. Сондай-ақ орман өртінің алдын алу үшін 2023-2026 жылдары республикалық бюджет есебінен 2261 техника сатып алынғанын атап өтті.

Фото: Т. Таныбаев

БҰҰ-ның Қазақстандағы тұрақты үйлестірушісі Саранго Раднарагча орман әлеуетін дамыту климаттың өзгеруіне қарсы күрес пен биоалуантүрлілікті сақтаудың маңызды құралы екенін айтты. Ол Қазақстандағы орман алқаптарын ұлғайту және Арал маңы экожүйелерін қалпына келтіру бағытындағы жұмыстарға оң баға берді.

Фото: Т. Таныбаев

– Орман әлеуетін дамыту – экологиялық орнықтылыққа, экономикалық дамуға және болашақ ұрпақтың әл-ауқатына салынған инвестиция. БҰҰ жүйесі Қазақстанға орман экожүйелерін сақтау мен қалпына келтіруде, озық тәжірибелерді енгізуде және халықаралық ресурстарды тартуда қолдау көрсетуді жалғастырады, – деді Саранго Раднарагча.

Шығыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Ренат Құрмамбаев өңірдегі орман қорын қалпына келтіру жұмыстарына тоқталды. Оның мәліметінше, соңғы бес жылда облыста 40 млн-нан астам көшет отырғызылған. 2027 жылға дейін бұл көрсеткішті 76 млн-ға жеткізу жоспарланған. Сонымен қатар өңірде жалпы аумағы 266 гектарды құрайтын 30 орман тәлімбағы жұмыс істейді.

Фото: Т. Таныбаев

Ауыл шаруашылығы ғылымдарының кандидаты Ерік Тоқмырзин қалаларды көгалдандырудың ғылыми негізделген жүйесіне көшу қажеттігін айтты. Ғалым қалалардағы ағаш-бұталарды бірыңғай орман жүйесі жүйе ретінде қарастырып, жасыл желектердің жай-күйін тұрақты бақылау және ұзақ мерзімді жоспарлау тетіктерін енгізуді ұсынды.

Талқылау барысында депутаттар мен басқа да қатысушылар орман қорын ұлғайту, өрт қауіпсіздігін күшейту, тозған жерлерді қалпына келтіру, орман шаруашылығына жаңа технологияларды енгізу және жеке инвестицияларды тарту мәселелерін талқылады. Өзекті проблемалар бойынша министрліктердің өкілдеріне сұрақтар қойды.

Фото: Т. Таныбаев

Жиын соңында орман шаруашылығы саласының қызметкерлері мен ардагерлері марапатталды. Еліміздің орман қорын қорғау мен молайтуға, табиғи байлықты сақтауға және экологиялық тұрақтылықты қамтамасыз етуге қосқан елеулі үлесі үшін сала мамандарына Құрылтайдың Аграрлық мәселелер, экология және табиғи ресурстар комитеті төрағасының алғысхаттары мен Экология және табиғи ресурстар министрлігінің ведомстволық наградалары табысталды.

Фото: Т. Таныбаев