- Парламенттік оппозицияның кепілдіктері - бұл да жаңа Регламенттің маңызды бөліктерінің бірі. Регламентте Құрылтайдағы көпшілік пен оппозицияның мәртебесі белгіленеді. Депутаттық мандаттың ең көп санына ие болған саяси партия көпшілік деп танылады. Құрылтайда өкілдік ететін және көпшілік құрамына кірмейтін саяси партиялар парламенттік оппозиция құра алады. Регламент бұл мәртебені декларативті түрде бекітумен ғана шектелмейді, нақты рәсімдік кепілдіктерді де көздейді. Оппозиция сессия барысында кемінде бір рет тыңдау өткізуге бастама жасауға құқылы. Сонымен қатар сессия барысында кемінде екі рет Үкімет сағатының күн тәртібін айқындауға құқылы, - деді С. Имашева Құрылтайдың жалпы отырысында.
Оның айтуынша, тұрақты комитеттер басшылығында оппозиция өкілдерінің болуы да қарастырылған.
- Бұл балама ұстаным білдіру үшін ғана емес, оны парламенттік күн тәртібіне нақты енгізу үшін институционалдық мүмкіндік береді, - деді депутат.
Бұдан бұрын хабарланғандай, Құрылтай отырыстары өтетін апта күндері бекітілді.