Құрылтайдағы әйелдердің үлесі 33,8%-ға жетті

АСТАНА. KAZINFORM- Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінде «БҰҰ-әйелдер» құрылымының Еуропа және Орталық Азия елдері бойынша өңірлік директоры Белен Санс Луке және оның орынбасары Элиса Фернандес Саэнспен кездесу өтті, деп хабарлайды министрліктің баспасөз қызметі.

Фото: Солтан Жексенбеков / Kazinform

Делегация құрамында Орталық Азиядағы үйлестіру кеңсесінің басшысы әрі құрылымның Қазақстандағы елдік кеңсесінің өкілі Джерен Гювен Гюрэс және «БҰҰ-әйелдер» құрылымының Қазақстандағы бағдарламасының жетекшісі Дина Әмрішева болды.

Қонақтарды қарсы алған ҚР Мәдениет және ақпарат вице-министрі Евгений Кочетов Қазақстанда әйелдердің құқықтарын қорғау мен мүмкіндіктерін кеңейтудің ұлттық жүйесі дәйекті түрде жетілдіріліп келе жатқанын атап өтті. Оның айтуынша, әйелдердің қоғамдық және саяси өмірге тең дәрежеде араласуына айрықша мән беріліп отыр.

Кездесуде мемлекеттік саясат аясында атқарылған жұмыстардың нәтижесінде заң шығарушы орган – Құрылтайдағы әйелдердің үлесі 18,9%-дан 33,8%-ға дейін артқаны айтылды.

Сонымен қатар Қазақстанда осы бағыттағы тетіктерді жетілдіру бойынша атқарылып жатқан жұмыстар таныстырылды. Атап айтқанда, отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылық үшін қылмыстық жауапкершілікті күшейту, гендерлік бағдарланған бюджеттеуді енгізу және заңнаманы гендерлік сараптамадан өткізу мәселелері сөз болды.

Өз кезегінде «БҰҰ-әйелдер» өкілдері Қазақстанның Орталық Азиядағы гендерлік күн тәртібін ілгерілетуге қосқан үлесін және өңір елдері арасындағы ынтымақтастықты дамытуға белсенді атсалысып келе жатқанын атап өтті.

Бүгінде Қазақстан мен «БҰҰ-әйелдер» құрылымы арасындағы әріптестік екі құжат аясында жалғасып келеді. Олар – БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің «Әйелдер, бейбітшілік және қауіпсіздік» күн тәртібін іске асыру жөніндегі ұлттық іс-қимыл жоспары және «БҰҰ-әйелдер» құрылымымен 2025-2027 жылдарға арналған ынтымақтастық бағдарламасы.

Кездесу соңында тараптар алдағы әріптестіктің басым бағыттарын айқындады.

Осыған дейін Қазақстандағы кәсіпкер әйелдер гендерлік теңсіздікті жою үшін не істеу қажеттігін талқылады.