Құрылтайдан үлкен үміт күтеміз — палуан Мұхит Тұрсынов

АСТАНА. KAZINFORM — Белгілі палуан, 2014 жылғы Қазақстан барысы Мұхит Тұрсынов Құрылтайдан үлкен үміт күтетінін жеткізді. Бұл туралы ол Jibek Joly радиосының эфирінде айтты.

Фото: видеодан алынғын скрин

— Бүгін біздің елімізде тарихи күн. Одан бұрын Конституциямыз өзгерді, ал осының жалғасы ретінде Құрылтай сайлауы өтіп жатыр. Енді бір палаталы Парламент болып, заңдарымыз тез қабылданады деген ойдамын. Құрылтайдан үлкен үміт күтеміз, — дейді Мұхит Тұрсынов.

Оның айтуынша, Конституциядағы өзгерістер іс жүзінде байқалып жатыр. «Заң мен тәртіп» қағидатына баса назар аударылып, саяси ұйымдардың белсенділігі артқан. Ұлттық спортта да игі өзгерістер күтілуде.

— Туризм және спорт министрлігі басым спорт түрлерін белгіледі. Оның ішінде олимпиадалық және ұлттық спорт түрлері бар. Бұрын министрлікте 180-дей спорт түрі болса, енді ол қысқартылып, 60-тан астамы ғана қалады. Қаражаттың бәрі нақты ұлттық спорт пен олимпиадалық спорт түрлеріне бөлінеді, — дейді палуан.

Өз сөзінде ол осы өзгерістердің арқасында елімізде тарихи жеңістер көп болып жатқанын жеткізді.

— Семсерлесуден әлем чемпионы шығып, мәнерлеп сырғанаудан Михаил Шайдоров Олимпиадада чемпионы болды. Әлі де алда талай жетістіктер күтіп тұр деген сенімдемін. Сондықтан қазақ елі, бәріміз сайлауға қатысып, өз таңдауымызды жасайық, — дейді Мұхит Тұрсынов.

Еске салсақ, осыған дейін үш дүркін әлем чемпионы Назым Қызайбай сайлауда дауыс бергені хабарланған