Құрылтайдың алғашқы құрамына айрықша жауапкершілік жүктеледі – Президент

АСТАНА. KAZINFORM – Құрылтайдың алғашқы құрамына айрықша жауапкершілік жүктеледі. Бұл туралы бірінші шақырылымдағы Құрылтайдың бірінші сессиясын ашқан Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев айтты.

Фото: Ақорда

– Депутаттар халықтың аманатына адал болып, мемлекет мүддесіне қызмет етуі керек. Бұл – анық ақиқат. Мұны ешқашан естен шығармау қажет, – деді Президент.

Мемлекет басшысының сөзінше, қазір еліміз дамудың даңғыл жолына түсті. Қазақстан жаңа өрлеу кезеңіне қадам басты.

– Биыл еліміздің болашағы үшін мән-маңызы зор көптеген тарихи оқиғалар болды. Халқымыз аз уақыт ішінде бір ұлт болып көп жұмыс атқарды. Елімізде жалпыұлттық референдум арқылы ауқымды конституциялық реформа табысты жүзеге асырылды. Осылайша, біз нағыз Халық Конституциясын қабылдадық, – деп атап өтті Қасым-Жомарт Тоқаев.

Жаңа Конституцияның өз күшіне енуін төл тарихымыздағы аса маңызды бетбұрыс деп бағалауға болады. Соның нәтижесінде өсіп-өркендеуімізге жол ашатын мықты заңды негіз қалыптасты.

– Қазіргі заманның сын-қатерлеріне төтеп бере алатын мүлде жаңа саяси-құқықтық жүйенің іргетасы қаланды. Бұл жүйе мемлекет құрылымын толық жаңғыртып, билік институттарының тиімділігін арттырады, сондай-ақ, азаматтарымыздың ел басқару ісіне атсалысуына нақты мүмкіндік береді, – деді Президент.

Айта кетейік, 23 тамыз күні елімізде Құрылтай сайлауы өтті. Оның нәтижесінде 7 саяси партияның 5-еуі өз өкілдеріне депутаттық мандат алатын болды.

Атап айтқанда:

«Әділет» партиясынан 110 мандат;

«Ауыл» партиясы 10 мандат;

ЖСДП 8 мандат;

Respublica партиясы 9 мандат;

«Ақ жол» партиясы 8 мандат алды.