Құрылтайдың партиялық жауапкершілігі күшейеді – Айдос Сарым

АСТАНА.KAZINFORM – Құрылтайдың құрамы 145 депутаттан тұрады, пропорционалдық жүйе бойынша сайланады. Бұл туралы Парламент палаталарының бірлескен отырысында «Қазақстан Республикасының Құрылтайы және оның депутаттарының мәртебесі туралы» конституциялық заң жобасын таныстырған Мәжіліс депутаты Айдос Сарым мәлім етті.

Фото: Виктор Федюнин / Kazinform

- Еліміздің тарихи болмысын ескере отырып, бүгінде біз ел билігінің жүйесінде «Парламент» сөзін «Құрылтай» ұғымына ауыстырып қайта енгізіп отырмыз. Алайда, заманауи Құрылтай, бұрынғы тарихи Құрылтайды қайта құру емес. Қазіргі Құрылтай - заң шығарушы билігін жүзеге асыратын жоғары өкілді орган ретінде жаңа мән-мағынаға ие болып, қоғамдық биліктің конституциялық жүйесіне кіретін қазіргі заманғы өкілді институт. Заң жобасына сәйкес, Құрылтайдың құрамы 145 депутаттан тұрады, пропорционалдық жүйе бойынша сайланады және олардың өкілдік мерзімі – 5 жыл болады. Шетелдік тәжірибе көрсеткендей, Еуропа елдерінде осындай модельге бетбұрыс бар, себебі мынадай жүйе қоғамның динамикасын некұрлым толық ашады, - деді А. Сарым.

Оның сөзіне қарағанда, әлем елдерінде бір палаталы парламентке көшу - заң шығару процессінің ашықтығы мен саяси жауапкершілігін арттыруға деген ұмтылыспен байланысты.

- Тарихи тұрғыдан қарайтын болсақ, жоғарғы палаталар әдетте, өңірлердің өкілдігін қамтамасыз ету немесе терең әлеуметтік дағдарыс жағдайында қосымша сүзгі ретінде құрылған. Ал, парламенттің бір палаталық жүйесі институционалдық инерцияны төмендетеді, өйткені заң жобалары бір жерде қаралады және қабылданған шешімдер үшін жауапкершілік палатар арасында шашырамайды. Өз кезегінде, бұл саяси процесті қоғам үшін неғұрлым түсінікті етіп, Құрылтайдың жеке және партиялық жауапкершілігін күшейтеді. Құрылтай туралы заң жобасында ұсынылған барлық нормалар ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев жария еткен «Күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» қағидатына толық сәйкес келеді. Сонымен қатар, заң жобасы Құрылтайдың мемлекеттік билік органдары жүйесіндегі орнын, қызметінің қағидаттарын, құрылымын, қалыптастыру тәртібін, сондай-ақ оның өкілеттіктерін жүзеге асыру нысандарын айқындайды, - деді депутат.

Бұдан бұрын хабарланғандай, бүгін елордада Парламент палаталарының бірлескен отырысы өтіп жатыр.