Құрылтайға кездейсоқ адамдар өтпейді – Конституциялық комиссия

Фото: Конституциялық сот

АСТАНА. KAZINFORM – Бүгін Конституциялық реформалар жөніндегі комиссияның (Конституциялық комиссия) кезекті отырысында Мәжіліс депутаты Серік Егізбаев бір палаталы Құрылтайдың артықшылығын түсіндірді. 

– Мемлекетіміздің саяси жүйесін түбегейлі жаңғыртатын, еліміздің даму бағытын айқындайтын тарихи кезеңде тұрмыз. Конституциялық реформалар жөніндегі комиссияның мүшесі ретінде атқарылған жұмыстың ауқымын, талқылаудың деңгейін көре отырып, отандастарымызға бұл біздің егемендігімізді нығайту жолындағы нағыз жауапты, қызу әрі жемісті кезең екенін нық сеніммен айта аламын... Бізге толассыз келіп түскен 2 мыңнан астам ұсыныс пен азаматтармен өткен тікелей кездесулерді ескерсек, қоғамның бұл өзгерістерді қаншалықты зор ықыласпен күтіп отырғанын байқадық, - деді С. Егізбаев.

Оның айтуынша, жаңа Конституциялық редакцияға сәйкес, бір палаталы Құрылтай заң шығарушы билікті жүзеге асыратын ең жоғары өкілді орган болып бекітілді. Бұл жердегі ең негізгі жаңалық – заң шығару күн тәртібін бір ғана палата қалыптастырады. 

– Бұл қадам не береді? Біріншіден, заң шығару процесіндегі артық бюрократияны – палаталар арасындағы ұзақ келісімдер мен кедергілерді жояды. Екіншіден, Конституциямыз бойынша мемлекеттік биліктің бірден-бір бастауы – халық. Ал сол халықтың атынан сөйлеу құқығы тек Мемлекет басшысына және өзінің конституциялық өкілеттігі шегінде Құрылтайға ғана тиесілі. Бұл – Құрылтайдың саяси салмағы мен деңгейін көрсететін ең басты тетік. Бұл дегеніміз, Құрылтай жай ғана заң қабылдаушы мекеме емес, ол халықтың билікке тікелей қатысуын қамтамасыз ететін, егемендігіміздің символына айналатын ең жоғары легитимді орган екенін білдіреді, - деді депутат. 

Осы орайда ол Құрылтай заңның жобалуынан бастап, оның қабылданып, күшіне енуіне дейін толық жауапкершілікті өз мойнына алатынын атап өтті. 

– Құрылтайға кездейсоқ адамдар емес, партия сүзгісінен өткен өз саласының нағыз мамандары мен кәсіби кадрлар келеді. Партиялық тізім - Құрылтайдың интеллектуалдық әлеуетін қамтамасыз ететін негізгі тетік. Бұл жүйе арқылы Парламентке қоғамның барлық тобын, әсіресе ауыл мамандарын және білімді жастар мен белсенді әйелдерді тартамыз, - деді Серік Егізбаев. 

Еске салсақ, жақында Президент жаңа Парламентке «Құрылтай» деген атау беруді ұсынды.