Құрылтайға Ұлыбритания парламентінің алғашқы шетелдік делегациясы келді

АСТАНА. KAZINFORM- Құрылтай Төрағасының орынбасары Нұрлан Бекназаров Ұлыбритания Парламенті Қауымдар палатасының мүшесі, Қорғаныс жөніндегі арнайы комитеттің төрағасы Тан Дэси бастаған парламенттік делегациямен кездесті, деп хабарлайды Құрылтайдың баспасөз қызметі.

Фото: Құрылтай баспасөз қызметі

Кездесу барысында тараптар Қазақстан мен Ұлыбритания арасындағы парламентаралық ынтымақтастықты нығайту, стратегиялық әріптестікті тереңдету және екі ел парламенттерінің бейінді комитеттері арасындағы байланысты дамыту мәселелерін талқылады.

Фото: Құрылтай баспасөз қызметі

 

Нұрлан Бекназаров Ұлыбритания парламентшілерінің сапарының саяси және тарихи мәніне тоқталды. Бұл Құрылтай құрылғаннан кейін Қазақстанға келген алғашқы шетелдік парламенттік делегация.

– Бұл сапар парламентаралық байланыстарды одан әрі нығайтуға және Қазақстан-Британ стратегиялық ынтымақтастығын кеңейтуге ықпал ететініне сенімдімін, – деді Құрылтай Төрағасының орынбасары.

Фото: Құрылтай баспасөз қызметі

Тараптар сауда-экономикалық және инвестициялық әріптестікті кеңейту, көлік-транзит әлеуетін арттыру, цифрландыру мен жасанды интеллект, білім беру және басқа да салалардағы ынтымақтастық мәселелеріне назар аударды.

Фото: Құрылтай баспасөз қызметі

Сонымен қатар парламентаралық қарым-қатынасты дамытудың нақты бағыттары қаралды. Нұрлан Бекназаров Құрылтай комитеттері мен Ұлыбритания Парламентінің Қауымдар және Лордтар палаталарының тиісті комитеттері арасында тікелей диалог орнатудың маңызын атап өтті. Сондай-ақ заң шығару үдерісін цифрландыру және жасанды интеллектіні жауапты әрі қауіпсіз пайдалану бағытында тәжірибе алмасуды ұсынды.

Фото: Құрылтай баспасөз қызметі

Өз кезегінде Тан Дэси Ұлыбритания тарапының Қазақстанмен стратегиялық әріптестікті одан әрі тереңдетуге мүдделі екенін жеткізді. Оның айтуынша, бұл үдеріске екі ел парламентшілерінің белсенді қатысуы қосымша серпін береді.

Кездесу соңында тараптар Қазақстан мен Ұлыбритания арасындағы парламентаралық диалогты жалғастырып, екіжақты серіктестікті одан әрі нығайтуға дайын екенін білдірді.

Құрылтай маңызды келісімді бірінші оқылымда қарайды.