Күріш сабанынан алынған биотыңайтқыш өнімділікті арттырады – қызылордалық ғалым

ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат – Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің ғалымдары күріш сабанынан биотыңайтқыш алудың инновациялық технологиясы әзірлеп, оның ауыл шаруашылығында қолданудың тиімділігі дәлелдеді.

Аталған жобаның бас ғылыми орындаушысы Нұрбол Аппазов ол жайында жан-жақты баяндап берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

- Аталған жобаның тиімділігі неде ?

- Бұл жобаны жоғары оқу орнының «Физика-химиялық талдау әдістері» инженерлік бейіндегі зертханасы жүзеге асырды. Мен аталған зертханада бас ғылыми қызметкер болып жұмыс істеймін. Зертхананың жетекшісі химия ғылымдарының кандидаты Нұрлыбек Ахатаев. Ол аталған жобаға басшылық етті. Cондай-ақ, зертхананың ғылыми қызметкері Рахметулла Жаппарбергенов жобаның қатысушы ретінде үлес қосты.

Біз күріш сабанынан «Терра Прета» биотыңайтқышын алудың инновациялық технологиясын әзірлеп шықтық. Оның ауыл шаруашылығындағы тиімділігі дәлелденді. Аталған жоба Қармақшы ауданындағы «Тұрмағамбет» шаруа қожалығында тәжірибеден өткізілді. Жұмыс барысында биотыңайтқышты қолдану арқылы өсірілген дақылдардың өнімділігі 30-40 пайызға дейін артқаны нақтыланды. Ол туралы ғалымдар ауылшаруашылық саласы мамандарының қатысуымен өткен жиында хабарлады.

Биыл «Инновациялық тәжірибені тарату және енгізу жөніндегі қызметтер» бюджеттік бағдарламасы бойынша «Күріш қалдықтарын өңдеу барысында алынған биотыңайтқышты топырақ құнарлылығын арттыруда қолдану арқылы ауылшаруашылық дақылдарының өнімділігін арттыру» жобасы жүзеге асырылды. Жоба облыстық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасы, Қорқыт ата атындағы Қызылорда университеті, «Тұрмағамбет» шаруа қожалығы арасындағы келісім-шарт негізінде жүргізілді.

- Шаруашылық жобаны жүзеге асыруға қолдау көрсетті ме ?

- Күріш сабаны мен қауызын биотыңайтқышқа өңдеуге арналған орын әзірленіп, демонстрациялық учаскеге қажетті биотыңайтқышты өндіру жүргізілді. Егіс алқаптарын дайындау және егіс жұмыстарын жүргізу бойынша cеріктестікке қарасты аумақтан 2 гектар атыз таңдап алынды. Көктемде атыз тегістеліп, егістік жер жыртылды, тазартылды. Технология енгізілетін учаскені биотыңайтқыштардың көмегімен өңдеуде биотыңайтқыш 10 тонна/гектар нормада өңделді. Топырақ ылғалдылығын және басқа параметрлерді физика-химиялық талдаудың заманауи әдістерімен бақылау жасалды.

- Тыңайтқыш өндіру идеясы қайдан туындады ?

- Тыңайтқышы өндіру идеясы бір күннің ішінде туындаған жоқ. Оның артықшылығы қандай болмақ деген сауал төңірегінде әріптестеріммен талай мәрте ой бөлістік.

Қазірге дейін аталған биотыңайтқыш жүгері қауызынан, басқа да дақылдардың қалдығынан алынған. Ол халықаралық тәжірибеде бар. Ал Қазақстанда алғаш рет жасалды. Оның ішінде Қызылорда облысында көп өсірілетін күріш қауызынан алуды басты мақсат еттік.

- Әдетте, аймақта күріш қауызы мен сабаны кәдеге аспай жататынын байқайтын едік. Бұл жоба сол олқылықтың алдын алуға септігін тигізеді ме ?

- Рас, жыл сайын күріш қауызы мен сабаны қажетсіз зат ретінде арнайы аумақта өртелетін. Нәтижесінде түтіннен адам ағзасына зиянды қоспалар бөлінетін. Университет ғалымдары мыңдаған тонна ауылшаруашылық қалдықтарын іске жаратудың ең тиімді технологиясын жасап шығарды. Жаңа биотыңайтқыштың артықшылығы оның құрамындағы гумустың мөлшері жоғары, топырақтың бірқатар көрсеткіштерін арттыратын қасиеті бар. Атап айтсақ, топырақ тұздылығын төмендетеді, ылғалды сақтайды, топырақ құрамындағы гумусты жоғарылатады.

- Ол дақылдың өнімділігін қаншалықты арттыра алады ?

- Биотыңайтқыш дақылдың өнімділігін 40%-ға дейін арттырады. Басқа тыңайтқыштарды егіс аумағына артық мөлшерде қолдансаң, кері әсерін тигізеді. Ал, «Терра Претаны» көп мөлшерде қолдану егінге еш залалын тигізбейді. Сондай-ақ, күріш қауызынан алынған биочарды мал бордақылау, бетонның мықтылығын арттыру мақсатында қолдануға болады.

- Аталған тыңайтқышты қандай дақылдарға қолдануға болады ?

- Айта кету керек, «Терра Прета» тыңайтқышын қолдану арқылы өсірілген қауын 25-тен 33, қызанақ 60-тан 75, сәбіз 50-ден 65, картоп 40-тан 50, қарбыз 100-ден 128, қияр 30-дан 37 тоннаға дейін өнім беретіні дәлелденді.

Бүгінде дақылдардың өнімділігін арттыруға үлкен ықпал ететін биотыңайтқыш – Терра Претаның тиімділігі ғылыми түрде дәлелденді. Ғалымдар егін шаруашылығымен айналысатын кәсіпкерлерге аталған тыңайтқышты қолдануға ұсынды.

- Cондай-ақ, биыл өзіңнің басшылығыңмен жергілікті мамандар күріш қауызынан биочар, кремний диоксидін алу технологиясын жасап шыққанын білеміз.

Осы мақсатта күріш қауызы мен сабанынан қағаз, белсендірілген көмір және биочар әзірленуде. Әлемде биочар топырақ қасиетін жақсартып, оның тұздылығын айтарлықтай төмендететін биотыңайтқыш ретінде белгілі. Кремний диоксиді шыны, керамика, абразив, бетон жабдықтар, тіс пастасы, косметика, оптоталшық және өзге өндірісте қолданылады. Әдетте кремний диоксидін құмнан алады, біз күріш қауызынан, яғни қалдықтан алу технологиясын жасадық. Күріш қауызын майдалап, кептіріп, микротолқындық сәулелендіру жағдайында тұз қышқылымен өңдейміз. Осылайша бейорганикалық қоспаларды бөліп алу үдерісін жылдамдатып, күріш қауызын муфельді пеште сатылап 300 ºС-дан 800 ºС-ға дейін күйдіреміз. Нәтижесінде тазалығы 100% кремний диоксиді алынады.

- Әңгімеңе рақмет.


Фото: Қорқыт ата атындағы Қызылорда университеті