Құрлық әскерлері арасында өткен бокстың жеңімпаздары анықталды (ФОТО)

АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін Астанада ҚР Қорғаныс күштері Құрлық әскерлерінің арасында өткен бокстан алғашқы ашық чемпионат аяқталды. Елорда төрінде төрт күн бойы сегіз салмақ дәрежесінде 68 боксшы чемпиондық атаққа кім лайықты екенін өзара сарапқа салды. Бұл туралы ҚР Қорғаныс министрілігінің баспасөз қызметінен хабарлайды.

Ел біріншілігінде «Астана», «Батыс», «Шығыс», «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылықтарынан, сондай-ақ әскери құрамалар мен бөлімдерден 10 команда қатысты.

Өз салмақ дәрежесінде әскери қызметшілер Жандос Жанпейіс (56 кг), Талғат Орақбаев (60 кг), Алмас Исаев (64 кг), Еркебұлан Егеубаев (69 кг), Абзал Орынбаев (75 кг), Руслан Шайхулин (81 кг), Руслан Дадаханов (91 кг) және Николай Бескоровайный ( 91 кг) чемпиондық атаққа қол жеткізді.

Ал, командалық есепте жүлделі бірінші орынды аэроұтқыр әскерлерінің боксшылары иеленсе, екінші орынды Отардағы 40-шы әскери базасының былғары қолғап шеберлері еншіледі. «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығының командасы үшінші орынға табан тіреді.

Турнирге құрметті қонақ ретінде қатысқан Афина Олимпиадасының чемпионы, Баркер кубогының иегері Бақтияр Артаев әскери қызметшілердің дайындығына жоғары баға берді. Сондай-ақ Спорт комитетінің төрағасы, ҚР ҚМ Армия орталық спорт клубының бастығы полковник Ерлан Таласбаев келесі жылдан бастап бұл чемпионаттың бүкіл Қарулы Күштер деңгейінде өтуін қарастыруда екендіктерін жеткізді.