НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Құрлықтық хоккей лигасы «Торпедо» (Нижний Новгород) командасының екі ойыны кейінге қалғанын жария етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Барыс» хоккей клубы мәлім еткендей, «Торпедо» командасының 11 ойыншысы мен екі өкілінен коронавирус табылған.
Осыған байланысты ҚХЛ 11 және 13 қаңтар күні өтуі тиіс «Торпедо» - «Барыс» және «Торпедо» - «Куньлунь Ред Стар» матчтарын өткізбеу туралы шешім қабылдады.
Аталмыш қос бәсеке турасындағы шешім кейін белгілі болады.
«Барыс» командасы бүгін кешкісін Мәскеуге ұшады. Одан кейін автобуспен Подольскіге барады. 13 қаңтар күні Юрий Михайлистің шәкірттері «Витязь» командасымен кездеседі.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын «Барыстың» кезекті ойынын сырт айдында «Торпедо» командасымен өткізетінін жазған болатынбыз.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).