Құрлықаралық хоккей лигасы Қазақстан құрамасының олимпиадалық іріктеу турниріне қатысуы үшін үзіліс бермейді - А.Корешков

None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Құрлықаралық хоккей лигасы Қазақстан құрамасының олимпиадалық іріктеу турниріне қатысуы үшін үзіліс бермейді. Бүгін елордада өткен Қазақстан хоккей федерациясы атқарушы комитетінің қорытынды отырысы аясында БАҚ өкілдеріне сұхбат берген ел құрамасының бас менеджері Александр Корешков осылай деді.

Айта кетерлігі, «Барыс» хоккей командасы Құрлықаралық хоккей лигасында өнер көрсетеді. Ал команда хоккейшілерінің басым бөлігі ұлттық құрамамыздың сапында ойнайтындығы белгілі. Бұл ретте ҚХЛ мен олимпиадалық іріктеу турнирі бір-бірімен қабаттасып өтейін деп тұр. Осыған орай журналистер бас менеджерден ҚХЛ «Барысқа» үзіліс бере ме деп сұраған болатын.

«Жоқ, ешқандай үзіліс болмайды. Қазіргі уақытта біз ҚХЛ-мен барлық ойындарды үйлестіру мәселесін шешудеміз. Чемпионат 22 тамызда басталады. Сондықтан біз ҚХЛ-дан еуропалық уақытқа бейімделу үшін  бірінші матчты батыста өткізуді сұраудамыз. ҚХЛ кеңесінен менің түсінуімше, Латвияға, Беларусь пен Қазақстанға үзіліс берілмек емес. Сондықтан біз қозғалысымызды ҚХЛ ойындарымен бастаймыз және төрт күн қалғанда (олимпиадалық іріктеу турниріне) Норвегияға ұшып кетеміз», - деді А.Корешков.

Естеріңізге сала кетейік, олимпиадалық іріктеу  турнирі осы жылдың 1-4 қыркүйек күндері Ослода өтеді. Бұл жарыста Қазақстан құрамасы жалғыз олимпиадалық жолдама үшін Норвегия, Франция және Италия құрамаларымен күш сынасады.