НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Бүгін астаналық «Барыс» Құрлықтық хоккей лигасындағы кезекті ойынын Ресейде «Адмирал» (Владивосток) командасына қарсы өткізді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Кездесу барысында қазақстандық команда сенімді ойын көрсетті. Шабуыл шебінде көбірек қимылдап, гол соғу мүмкіндігін іздеді.
Алғашқы кезеңде Дмитрий Гурков 11-минутта «Барысты» алға шығарды. Одан кейін 29-минутта Якоб Бертлунд есепті үстемелей түсті. Ал 32-минутта Даррен Диц мергендік танытты. Осылайша алғашқы екі кезеңде елордалық хоккейшілер қарсыласын үш гол айырмасымен жеңіп тұрды.
Үшінші кезеңде «Адмирал» сапынан Джош Кестнер 41-минутта көздеген нысанадан мүлт кеткен жоқ. Келесі кезекте елордалық Дінмұхамед Қайыржан 55-минутта басымдықты арттыра түсті.
Осылайша «Барыс» қарсыласынан 4:1 есебімен басым түсті.
Енді «Барыс» 30 қазанда Ресейде «Амур» (Благовещенск) командасымен кездеседі.
Еске салсақ, бұдан бұрын қатарынан төрт ойында «Барыс» қарсыластарына есе жіберді.
Әділжан Үмбет
1996 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университетінің журналистика факультетін тәмамдаған. Еңбек жолын 1996 жылы Алматы қалалық «Алматы ақшамы» газетінде бастады. Одан кейін жылдарда Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінде, «Ақмешіт ақшамы», «Сыр бойы» газеттерінде қызмет атқарып келеді.
2015-2020 жылдарда «Ақмешіт апталығы» газетінің бас редакторы болды.
Негізгі қызметімен қосып 2006-2014 жылдарда республикалық «Жас Қазақ», «Алаш айнасы» газеттерінің Қызылорда облысындағы меншікті тілшісі болып еңбек етті.
2018 жылдан бері «Kazinform» ақпарат агенттігінде Қызылорда облысындағы меншікті тілші.