Құрлықтық хоккей лигасы: «Барыс» «Авангардқа» есе жіберді
Кездесу барысында ресейлік хоккейшілер сенімді ойын көрсетті. Десе де бірінші кезеңде есеп ашылған жоқ.
Екінші кезеңнің 32-минутында ресейлік командадан Корбан Найт мергендік танытты. Ал 39-минутта олардың қатарынан Алексей Емелин есепті үстемелей түсті.
«Барыс» сапынан 49-минутта Никита Михайлис көздеген нысанадан мүлт кеткен жоқ. Алайда елордалық клуб қақпасына ресейлік Алексей Береглазов 50, Александр Дергачёв 59-минутта екі гол соқты.
Елордалық клуб осылайша қарсыласынан 1:4 есебімен есе жіберді.
Еске салсақ, 6 қазанда «Барыс» елордада «Авангардтан» басым түскен болатын.
Енді «Барыс» келесі кездесуін 15 қазанда Қытайдың «Куньлунь Ред Стар» командасына қарсы өткізеді.
Екі команда бүгінге дейін 60 мәрте шеберлік байқасты. Оның 22-і «Барыстың» басымдығымен аяқталса, қалғанында ресейлік клубтың мерейі үстем болды.