АСТАНА. ҚазАқпарат - Елордалық «Барыс» Құрлықтық хоккей лигасындағы кезекті ойынын Астанада бүгін Ресейдің «Нефтехимик» (Нижнекамск) клубына қарсы өткізді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Кездесу барысында ресейлік команда алғашқы болып есеп ашты. Ойынның 10-минутында олардың қатарынан Андрей Белозёров мергендік танытты. Оған «Барыс» хоккейшісі Джереми Бракко 17-минутта бір голмен жауап қайырды.
Екінші кезеңнің 36-минутында Андрей Чивилёв қайтадан «Нефтехимик» командасын алға шығарды.
Үшінші кезеңде елордалық хоккейшілер алға қарай ұмтылды. Олар таразы басын теңестіруге күш салды. Алайда дегеніне жете алған жоқ.
Осылайша елордалық клуб қарсыласына 1:2 есебімен жол берді.
Енді «Барыс» алдағы ойынын 6 қазанда Ресейде «Торпедо» (Нижний Новгород) командасына қарсы өткізеді.
Еске салсақ, бұдан бұрын «Барыс» Астанада «Сочи» командасынан басым түсті.
Әділжан Үмбет
1996 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университетінің журналистика факультетін тәмамдаған. Еңбек жолын 1996 жылы Алматы қалалық «Алматы ақшамы» газетінде бастады. Одан кейін жылдарда Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінде, «Ақмешіт ақшамы», «Сыр бойы» газеттерінде қызмет атқарып келеді.
2015-2020 жылдарда «Ақмешіт апталығы» газетінің бас редакторы болды.
Негізгі қызметімен қосып 2006-2014 жылдарда республикалық «Жас Қазақ», «Алаш айнасы» газеттерінің Қызылорда облысындағы меншікті тілшісі болып еңбек етті.
2018 жылдан бері «Kazinform» ақпарат агенттігінде Қызылорда облысындағы меншікті тілші.