НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Бүгін астаналық «Барыс» Құрлықтық хоккей лигасындағы кезекті ойынын Нұр-Сұлтан қаласында Ресейдің «Витязь» (Подольск) командасына қарсы өткізді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Екі команда арасындағы соңғы cегіз кездесудің барлығында қазақстандық клуб жеңіске жетті. Оған қоса «Барыс» соңғы үш кездесуінде қарсыластарынан басым түсті.
Кездесу қазақстандық команда үшін сәтсіз басталды. Ойынның 5-минутында ресейлік клубтан Нико Оямяки есеп ашса, 27-минутта Иван Володин есепті үстемелей түсті. Ойынның 57-минутында ресейлік Фёдор Малыхин қорытынды есепті белгіледі.
Осылайша «Барыс» қарсыласына 1:3 есебімен жол берді.
Ал 30-минутта елордалық клубтан Томаш Юрчо мергендік танытты.
Еске салсақ, «Барыс» бұдан бұрын елордада ресейлік «Торпедодан» (Нижний Новгород) басым түсті.
Енді «Барыс» 2 желтоқсанда елордада Ресейдің «Динамо» (Мәскеу) командасын қабылдайды.
Әділжан Үмбет
1996 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университетінің журналистика факультетін тәмамдаған. Еңбек жолын 1996 жылы Алматы қалалық «Алматы ақшамы» газетінде бастады. Одан кейін жылдарда Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінде, «Ақмешіт ақшамы», «Сыр бойы» газеттерінде қызмет атқарып келеді.
2015-2020 жылдарда «Ақмешіт апталығы» газетінің бас редакторы болды.
Негізгі қызметімен қосып 2006-2014 жылдарда республикалық «Жас Қазақ», «Алаш айнасы» газеттерінің Қызылорда облысындағы меншікті тілшісі болып еңбек етті.
2018 жылдан бері «Kazinform» ақпарат агенттігінде Қызылорда облысындағы меншікті тілші.