НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Бүгін астаналық «Барыс» Құрлықтық хоккей лигасындағы кезекті ойынын елордада Ресейдің «Сибирь» (Новосібір) командасымен өткізді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Екі команда биылғы турнирді сәтсіз бастады. Турнир кестесінде соңғы орындардың бірінде келеді. Сондықтан екеуі үшін бүгін жеңіске жету маңызды болатын.
Ойынның алғашқы кезеңінде командалар бір-бірінің қақпасынан саңылау таба алған жоқ. Екінші кезеңнің 20-минутында қазақстандық клубтан Даррен Диц көздеген нысанадан мүлт кетпеді.
Одан кейін ресейлік клуб таразы басын теңестірді. Осылайша, ойын овертаймға ұласты.
Овертаймда қазақстандық клубтан Кертис Волк жеңіс шайбасын соқты. Нәтижесінде елордалық команда 2:1 есебімен жеңіске жетті.
«Барыс» 21 қыркүйекте елордада Мәскеудің ЦСКА командасына овертаймда 1:2 есебімен жеңіліп қалған еді.
Айта кетейік, «Барыс» биыл бұдан бұрынғы жеті кездесудің небәрі екеуінде жеңіске жетті.
Енді «Барыс» 27 қыркүйекте елордада Ресейдің «Автомобилист» (Екатеринбург) командасымен кездеседі.
Әділжан Үмбет
1996 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университетінің журналистика факультетін тәмамдаған. Еңбек жолын 1996 жылы Алматы қалалық «Алматы ақшамы» газетінде бастады. Одан кейін жылдарда Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінде, «Ақмешіт ақшамы», «Сыр бойы» газеттерінде қызмет атқарып келеді.
2015-2020 жылдарда «Ақмешіт апталығы» газетінің бас редакторы болды.
Негізгі қызметімен қосып 2006-2014 жылдарда республикалық «Жас Қазақ», «Алаш айнасы» газеттерінің Қызылорда облысындағы меншікті тілшісі болып еңбек етті.
2018 жылдан бері «Kazinform» ақпарат агенттігінде Қызылорда облысындағы меншікті тілші.