Кездесуді қос команда белсенді бастады. Алғашқы сәтте ресейлік клуб хоккейшілері «Барыс» қақпасы маңында жиі бой көрсетті.
Бірінші кезеңнің 4-минутында олардың қатарынан Кирилл Петьков «Сочи» командасын алға шығарды. Одан кейін қазақстандық клубтан Әлихан Әсетов 9, Роман Савченко 14-минуттарда мергендік танытты.
Екінші кезеңде Якоб Лилья 29, 39-минуттарда қос голдың авторы атанды.
Үшінші кезеңде де айдын иелері басымдықты арттырды. Нәтижесінде «Барыс» хоккейшісі Кирилл Савицкий 49-минутта көздеген нысанадан мүлт кеткен жоқ. Ал ресейлік клубтан 59-минутта Янис Якс қорытынды есепті белгіледі.
Осылайша «Барыс» қарсыласынан 5:2 есебімен басым түсті.
Қазір «Барыс» 37 ойыннан кейін 36 ұпаймен турнир кестесінде 20-орыннан 18-орынға көтерілді.
Енді елордалық клуб келесі кездесуін елордада 10 желтоқсанда Қытайдың «Куньлунь Ред Стар» командасына қарсы өткізеді.
Еске салсақ, «Барыс» бұдан бұрын Ресейде «Ак Барс» (Қазан) командасынан басым түсті.