НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - «Барыс» бүгін Құрлықтық хоккей лигасындағы кезекті ойынында елордада Ресейдің «Спартак» (Мәскеу) командасын қабылдайды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Кездесу елорда уақытымен 17.00-де басталып, «Qazsport» телеарнасынан тікелей эфирде көрсетіледі.
Екі команда бүгінге дейін 24 мәрте шеберлік байқасты. Оның 16-ы «Барыстың» басымдығымен аяқталса, қалғанында ресейлік клубтың мерейі үстем болды.
Айта кетерлігі, елордалық клуб аталған командамен өткізген соңғы төрт кездесудің үшеуінде қарсыласынан басым түсті.
Еске салсақ, аталған сайыстың биылғы алғашқы екі ойынында елордада 3 қыркүйекте «Барыс» Ресейдің «Салават Юлаев» клубынан 1:5, «Металлург» (Магнитогорск) клубынан 1:2 есебімен жеңілді. Одан кейін «Амур» (Хабаровск) командасынан 3:2 есебімен басым түсті.
Құрлықтық хоккей лигасының тұрақты кезеңі 1 қыркүйекте басталды. Ол 2022 жылдың 1 наурызында мәресіне жетеді. Одан кейін турнирдің плей-офф сатысы басталады.
Әділжан Үмбет
1996 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университетінің журналистика факультетін тәмамдаған. Еңбек жолын 1996 жылы Алматы қалалық «Алматы ақшамы» газетінде бастады. Одан кейін жылдарда Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінде, «Ақмешіт ақшамы», «Сыр бойы» газеттерінде қызмет атқарып келеді.
2015-2020 жылдарда «Ақмешіт апталығы» газетінің бас редакторы болды.
Негізгі қызметімен қосып 2006-2014 жылдарда республикалық «Жас Қазақ», «Алаш айнасы» газеттерінің Қызылорда облысындағы меншікті тілшісі болып еңбек етті.
2018 жылдан бері «Kazinform» ақпарат агенттігінде Қызылорда облысындағы меншікті тілші.