НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - «Барыс» Құрлықтық хоккей лигасындағы кезекті ойынында сырт айдында Финляндияның «Йокерит» (Хельсинки) командасына жол берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Кездесу аса тартысты өрбіді. Ойынның 3-минутында елордалық хоккейші Никита Михайлис есеп ашты. Ал 26-минутта финляндиялық Никлас Йенсен таразы басын теңестірсе, 31-минутта ол өз командасын алға шығарды. Кездесудің 38-минутында Мэтт Фрэттин мергендік танытты.
Негізгі кезең 2:2 есебімен аяқталып, ойын овертаймға ұласты. Жеңімпаз буллитен анықталды. Бұл сәтте Ессе Йоэнсуу көздеген нысанадан мүлт кеткен жоқ.
Осылайша «Барыс» қарсыласына буллитен 2:3 есебімен жол берді.
Екі команда бүгінге дейін 13 мәрте шеберлік байқасты. Оның жетеуі «Барыстың» басымдығымен аяқталса, қалғанында латвиялық клубтың мерейі үстем болды.
Қазақстандық клуб енді 21 қыркүйекте елордада Ресейдің ЦСКА (Мәскеу) командасымен кездеседі.
Әділжан Үмбет
1996 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университетінің журналистика факультетін тәмамдаған. Еңбек жолын 1996 жылы Алматы қалалық «Алматы ақшамы» газетінде бастады. Одан кейін жылдарда Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінде, «Ақмешіт ақшамы», «Сыр бойы» газеттерінде қызмет атқарып келеді.
2015-2020 жылдарда «Ақмешіт апталығы» газетінің бас редакторы болды.
Негізгі қызметімен қосып 2006-2014 жылдарда республикалық «Жас Қазақ», «Алаш айнасы» газеттерінің Қызылорда облысындағы меншікті тілшісі болып еңбек етті.
2018 жылдан бері «Kazinform» ақпарат агенттігінде Қызылорда облысындағы меншікті тілші.