НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Құрлықтық хоккей лигасы Қысқы Олимпиада кезеңінде ойындар өткізбеу жөнінде шешім қабылдады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Бұл жөнінде Құрлықтық хоккей лигасы мәлім етті.
ҚХЛ клубтар арасында Қытай астанасы - Бейжің қаласындағы Қысқы Олимпиада кезінде чемпионатты жалғастыруға байланысты сауалнама жүргізген еді. Аталған турнирге қатысып жатқан 24 команданың 16-ы оған қарсылығын білдірді.
Осыған байланысты лига басшылығы Олимпиада кезеңінде чемпионатты жалғастырмауға шешім қабылдады.
ҚХЛ ойындарының қалған бөлігі қашан жалғасатыны жөнінде нақты ұйғарым 10 ақпанда жасалады.
Қазір қазақстандық «Барыс» командасы 47 ойыннан кейін 48 ұпаймен 17-орында тұр.
Еске салсақ, коронавирус жағдайына байланысты құрлықтық хоккей лигасы ойындары белгісіз мерзімге шегерілді.
Әділжан Үмбет
1996 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университетінің журналистика факультетін тәмамдаған. Еңбек жолын 1996 жылы Алматы қалалық «Алматы ақшамы» газетінде бастады. Одан кейін жылдарда Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінде, «Ақмешіт ақшамы», «Сыр бойы» газеттерінде қызмет атқарып келеді.
2015-2020 жылдарда «Ақмешіт апталығы» газетінің бас редакторы болды.
Негізгі қызметімен қосып 2006-2014 жылдарда республикалық «Жас Қазақ», «Алаш айнасы» газеттерінің Қызылорда облысындағы меншікті тілшісі болып еңбек етті.
2018 жылдан бері «Kazinform» ақпарат агенттігінде Қызылорда облысындағы меншікті тілші.