Ұлттық домбыра күніне орай Креативті индустрияларды дамыту қоры жанынан құрылған Qazaq Creative Production лейблі алғашқы музыкалық релизін ұсынды.
Құрманғазы Сағырбайұлының 10 күйі жаңа форматта қайта жазылып, бір альбомға жинақталды. Жинақ Spotify, Apple Music, Яндекс Музыка және өзге де ірі цифрлық музыкалық платформаларда жарияланып, әлемдік аудиторияға қазақтың күй өнерін кеңінен танытуға мүмкіндік береді.
Аталған жоба – ұлттық музыкалық мұраны цифрлық кеңістікте насихаттау мен сақтауға бағытталған маңызды бастама. Оның басты мақсаты – қазақтың дәстүрлі музыкасын заманауи технологиялар арқылы кең аудиторияға жеткізіп, ұлттық мәдениеттің үздік үлгілерін халықаралық деңгейде дәріптеу.
Креативті индустрияларды дамыту қоры жанынан құрылған Qazaq Creative Production лейблі Қазақстанның музыкалық мұрасын сақтау және ілгерілету бағытында жұмыс істейді. Алғашқы музыкалық релиз – ұлттық мұраны халықаралық цифрлық кеңістікке шығаруға бағытталған ауқымды жұмыстың бастауы.