Жаңа маусымда ұлттық музыка заманауи технологиямен үндесіп, сахнаға робот-дирижер шықты. Оның жетекшілігімен оркестр бірнеше шығарманы орындады.
Алматыда өткен концерт қала күніне арналды. Бағдарламада ұлттық музыка, әлемдік классика жауһарлары және Алматы туралы әндер шырқалды.
Оркестр Құрманғазының «Түрмеден қашқан», «Серпер», «Адай» және «Сарыарқа» күйлерін, сондай-ақ Ахмет Жұбановқа арналған Н.Әшіровтің «Фантазиясын» орындады. Әлемдік классика қатарында Иоганнес Брамс, Ференц Лист және Иоганн Штраус шығармалары болды.
Кеш бағдарламасында Алматы тақырыбына да айрықша мән берілді. Александр Зацепиннің «Алматым менің» және Ескендір Хасанғалиевтің «Алматының алмасы» әндері шырқалды.
Мерекелік кештің мазмұнын Алматы апортына арналған көрме және DJ-сүйемелдеуі аша түсті.
Жаңа маусымда оркестр «Kurmangazy: next cover concert», «Шам жарығындағы әуен», «QURMANҒAZY COMPOSER LAB» және «Cinema hits» жобаларын көпшілікке ұсынады.
Айта кетелік Құрманғазы оркестрінің Ұлттық домбыра күніне арналған концерттерін 2000-нан астам адам тамашалаған еді.