ОРАЛ. Қыркүйектің 9-ы. ҚазАқпарат /Ғайсағали Ералы/ - Қыркүйектің 9-ында М.Өтемісұлы атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінің залында Құрманғазы атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық ұлт аспаптар оркестрі концерт қойды,
деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Құрылғанына биыл 75 жыл толған әйгілі оркестр бұған дейін БҚО-ның Шыңғырлау, Сырым, Теректі, Зеленов, Тасқала, Ақжайық аудандарында өнер көрсеткен еді. ҚР еңбек сіңірген қайраткерлері, оркестрдің бас дирижері Дүйсен Үкібай мен дирижер Жанас Бекентұрдың жетекшілік етуімен өткен концертте батысқазақстандық Батыржан Мықтыбаев бас домбырашы ретінде көрінсе, Береке Еңкебаева сынды әншілер әуелете ән салды.
Оркестрдің көркемдік жетекшісі, ҚР халық әртісі Тұяқберді Шәмелов, М.Өтемісұлы атындағы БҚМУ-дың ректоры, академик Тұяқбай Рысбеков ұжымды 75 жылдығымен құттықтап, шығармашылық табыстар тіледі.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).