Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының симфониялық оркестрі АҚШ-та концерт қояды

;     АЛМАТЫ. Қарашаның 7-сі. ҚазАқпарат /Ербол Азанбек/ - Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының симфониялық оркестрі қарашаның 13-24 аралығында арнайы концерттік бағдарламамен АҚШ-қа барады,

  деп хабарлайды ҚазАқпарат консерваторияның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

         Консерватория оркестрі әлемдің ең үздік сахналарының бірі - Нью-Йорктегі Карнеги холлда, Вашингтондағы Кеннеди орталығында, сонымен қатар Лос-Андежелес, Сан-Франциско, Бостон қалаларында концерт береді.

         Осы күндері Нью-Йоркте Қазақ-американ инвестициялық форумы өтеді. Консерватория оркестрінің Карнеги холдағы концерті осы форумның бір бөлігі болмақ. Бір ерекшелігі, оркестрдің АҚШ-қа сапарын Пласидо Доминго, Анна Нетребко, Валерий Гергиев сынды әлем жұлдыздарының концерттерін ұйымдастырушы «IMG Artists» продюсерлік орталығы ұйымдастырған. Концерт барысында оркестр  П.Чайковский, С.Рахманинов, Л.Бернстайн және қазақтың ұлттық шығармаларын орындамақ.