«Біз бүгін фестивальді биыл 80 жылдығын тойлағалы отырған керемет өнер ұжымы - Құрманғазы атындағы оркестр ашқанын дұрыс деп шештік. Бұл оркестрдің бармаған елі жоқ шығар және олар әр сапарында біздің ұлттық өнерімізді дәріптеп келеді. Ұжым Астанада үнемі өнер көрсетіп жүрсе де, өзінің жеке концертін әлі бермеген екен», - деп атап өтті Т. Урманчеев.
Оның айтуынша, фестиваль аясындағы концерт оркестрмен шектеліп қалмайды. Сондай-ақ, Шаба Әденқұлқызы, Ерлан Рысқали, Айгүл Қосанова сынды белгілі орындаушылар да қатысады.
Айта кетейік, фестиваль шеңберінде 5 концерт өткізу жоспарланған. Олар «Астана-Опера» мен Бейбітшілік және келісім сарайының концерттік залдарында өтеді. Концертте Қазақстан, Ресей, Әзербайжан және Италияның атақты әншілері өнер көрсетеді.
Фестиваль «Дегдар» гуманитарлық қорының қамқорлық жөніндегі төрайымы Дариға Назарбаеваның ұйымдастыруымен және жетекшілігімен өтіп отыр.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, жоба қайырымдылық мақсатта өтетіндіктен, барлық билеттер зал кассаларында тегін таратылады. Келемін деушілерге есік ашық.