Құрманғазының күйі орындалғанда, толқымай тыңдау мүмкін емес - Н.Ноғаев, БҚО әкімі

ОРАЛ. 5 маусым. ҚазАқпарат - Батыс Қазақстан облыстық қазақ драма театрында ұлы композитор, күйші Құрманғазы Сағырбаевтың 190 жылдығына орай Құрманғазы атындағы саз колледжі мерекелік концерт қойды. Оны облыс әкімі Нұрлан Ноғаев бастаған Ақ Жайық жұртшылығы тамашалады.

1823 жылы Нарын құмында өмір есігін ашқан ұлы күйшінің өлмес шығармасымен тыныстап, құйма құлақтарына құйған Құрманғазы атындағы саз колдеждінің халық аспаптары оркестрі концертті «Серпер» күйімен бастады. Оркестрге мемлекеттік «Дарын» сыйлығының иегері Еркін Нұрымбетов дирижерлік етті.

Құрманғазының «Балбырауын», «Сарыарқа», «Көбік шашқан», «Серпер», «Адай» сынды 60-тан астам күйлері бар. Күйші шығармалары қазақ халқының, өзінің өмірімен тығыз байланысты. Оған «Түрмеден қашқан» сияқты күйлері куә. Ұзақ күйшіден өнер үйренген Құрманғазының арқасында қазақтың күй өнері биікке көтерілді.

Концертте халық аспаптары оркестрімен қатар колледж қабырғасында еңбек етіп жатқан өнер ұжымдары - үрмелі аспаптар оркестрі (дирижері М.Қуанышев), симфониялық оркестр (дирижері ҚР еңбек сіңірген қайраткері А.Шевелев), хор (дирижері И.Шмидт) Құрманғазы шығармаларын орындады. Қазақтың қара домбырасымен дүниеге келген ұлы шығармалар фортепиано мен аккордеонда да төгілді. Халықаралық «Шабыт» фестивалінің лауреаты Олег Войтехович аккордеонда «Адай» күйін шалқытты. Концертмейстер Гүлмира Тащанова, Дина Дәулетиярова, Надежда Добровольскаялардың сүйемелдеуімен республикалық байқаулардың лауреаттары Илья Козырев Цинцадзенің «Хоруми», Айымгүл Ахметова Құрманғазының «Түрмеден қашқан» шығармаларын орындаса, ал халықаралық байқаудың дипломанты Ұлпан Кенжина М.Төлебаевтың «Бақыт вальсі» әнімен көрерменнің ықыласына ие болды. Әншілер Нұргүл Хамиева мен Мұрат Аманшиев те осал еместерін көрсетті. Бұлбұл Сапарғалиева жетекшілік ететін халықаралық конкурстың лауреаты «Инабат» би ансамблі «Балбырауын», «Мереке» билерін биледі. ҚР білім беру ісінің құрметті қызметкері Асылғаным Құсмағанбетованың шәкірттері, домбырашылар ансамблі көрерменге «Күй тартыс» сыйлады. Өрімдей сегіз жігіт Құрманғазы күйін бірінен-бірі іліп алып, әдемі орындады. Күй тартыстың соңын халық аспаптары оркестрі жалғастырып әкеткені сахнаны толтырып, ерекше сипат берді

Концерт соңында сахнаға көтерілген облыс әкімі Нұрлан Ноғаевтың атап өткеніндей, ықылым заманнан бері әр ұлт өз мемлекетін құруға ұмтылып келеді. «Әні мен күйі, өнері елімен бірге өсіп келе жатқан қазақ халқының бағы бар. Елбасы: «Бақ бағалай білгеннің басына қонады» дейді. Шапса аттың тұяғы, ұшса құстың қанаты талатын ұлан байтақ жерімізді ата-бабамыз ақ білектің күшімен, ақ найзаның ұшымен қорғап қалды. Ұлтымыздың тілін, ділін, мәдениетін, дәстүрін сақтағанның арқасында бүгінгі күнге жетіп отырмыз. Құрманғазының күйі орындалғанда толқымай, бейжай тыңдап отыру мүмкін емес. Концертті көріп отырып, мәңгілік ел болып қалатынымызға күмәніміз жоқ. Қандай рух, қандай мәдениет, қандай дәстүр десеңші?! Біз аруақтарды разы қылғымыз келгенде, «бір аунап қалған шығар» дейміз. Сол сияқты мына концертті көргенде бүгін Құрманғазы бабамыз да орнынан бір аударылған шығар деп ойлаймыз», деді әкім.

«Концерттің көрермен көңілінен шығатындай дәрежеде өтуі үшін бүкіл ұжым атсалысты» - дейді колледж директоры, ҚР білім беру ісінің құрметті қызметкері Нұржан Сертеков.