Құрманов: ІnDriver, Uber қызметтері тапсырысты тек ресми такси компанияларына беруі тиіс

АСТАНА. ҚазАқпарат - ІnDriver, Uber қызметтері тапсырысты тек ресми такси компанияларына беруі тиіс. Бұл туралы бүгін Астана қалалық кәсіпкерлерді қорғау кеңесінің 17-ші отырысы аясында тілшілерге сұхбат берген Астана қалалық тасымалдаушылар қауымдастығының төрағасы Медет Құрманов айтты.

«Бүгінде ресми такси компаниялары өте қиын жағдайды бастан кешіруде. Олардың бірақ өз қызметтерін доғаруға немесе «көлеңкеге» кетуге мәжбүр», - деді ол.

Осы ретте М.Құрманов жолаушыларды ресми тасымалдау қызметіне бірқатар жайттың кедергі болып отырғандығын баса айтты. «Біз Тасымалдаушылар қауымдастығы ретінде 17 такси компаниясының мүддесін қорғаймыз. Оның 8-і заңды, елорданың ресми органдарына тіркелген. Ал қалған 10-ы түрлі себептермен тіркелгісі келмейді. Бірақ, олар тасымалдаудың барлық талаптарына сай. Егер ресми тасымалдаушылар мен заңсыз нарықты салыстырар болсақ, ресми тасымалдау 16 пайыз болса, қалған шамамен 84 пайызын көлеңкелі сектор құрайды», - деді қауымдастық басшысы.

Оның сөзіне қарағанда, ресми тасымалдаушы мәртебесін алғанмен ол заңсыз тасымалдаушыларға қарағанда қандай да бір үстемдік бермейді. Сондықтан да қауымдастық такси қызметі нарығын ілгерілету үшін бірнеше ұсыныс та әзірлеген.

«Біріншіден, инфрақұрылымды жақсарту қажет. Яғни, қалада такси тұрақтарының жеткілікті мөлшері жоқ. Бүгінде ресми 37 такси тұрағы бар болғанымен ол аздық етеді. Шамамен 300-350 тұрақ қажет. Өздеріңіз де көріп жүргендей, көптеген адамдар көшеге шығып такси тоқтатуға тырысады. Бұл дұрыс емес», - деді М.Құрманов.

Сонымен қатар ол ресми такси қызметінің дамуына заңнаманың жетілдірілмегендігі де себеп болып отырғандығын атап өтті.

«Бүгінде inDriver, Uber сынды диспетчерлік қызметтер  пайда болды. Заңға сәйкес олардың ешқандай мәртебесі жоқ, жазылмаған. Алайда олар диспетчерлік қызметтерді атқарады. Демек олар өз қызметтерін заңсыз ұсынуда. Оларды регламенттеу қажет және заң бұзғандары үшін жауапкершілік қарастырған жөн. Яғни, олар тапсырысты тек ресми тасымалдаушыларға беруі қажет. Бүгінде мұндай диспетчерлік қызметтер қаладағы тапсырыстардың шамамен 60 пайызына қызмет көрсетеді», - деді ол.