«Күрмеуі күрделі көлтабандар» - өңірлік баспасөзге шолу
Газеттің 2 шілде күнгі санында тілші А.Өтебәлінің «Еліміз үшін маңызды жоба іске қосылды» деген репортажы жарияланған. Онда Астанада Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен «Қазақстан Республикасының Индустриалды-инновациялық дамуының мемлекеттік бағдарламасы: 2016 жылдың I жартыжылдық қорытындысы» атты кеңес өткені, телекөпір форматындағы шара барысында индустрияландыру бағдарламасы бойынша ағымдағы жылдың бірінші жартыжылдығы қорытындыланғаны айтылады.
Оған қоса шара кезінде екінші бесжылдық бағдарламасы бойынша бірқатар жаңа жобалар іске қосылды. Олар: Павлодар облысы Екібастұз қаласындағы «R.W.S. Wheelset» ЖШС (теміржол білігі мен қос дөңгелек шығаратын зауыт) мен «GreenhouseKZ» ЖШС (голландтық раушандар өсіретін жылыжай кешені), Алматы қаласындағы «Эфко Алматы» ЖШС (май өнімдерін шығару кешені), Астана қаласындағы «Ipek Kagit Central Asia» (санитарлық-гигиеналық және тұрмысқа қажет қағаз өнімдерін өндіру зауыты), «Петропавл трактор зауыты» ЖШС, Оңтүстік Қазақстан облысы Қазығұрт ауданы Майлыошақ ауылындағы «Lotus Food Company LLC» ЖШС (тез әзірленетін тағам өндіру зауыты), Ақтау қаласындағы «Kazakhstan Pipe Traders» ЖШС (мұнай құбырларын өндіру зауыты) және Батыс Қазақстан облысы Ақсай қаласындағы «Конденсат» АҚ (мотор майлары өндірісі).
Елбасы өз сөзінде: «Баршамызға белгілі, біз былтыр жыл аяғында индустриалдық-инновациялық бағдарламаның бесжылдық жоспарын тәмамдап, қойылған мәселелердің орындалғанын жұртшылыққа жарияладық. Бұл экономикадағы тұрақсыздық ахуалы кезеңінде елімізге, Қазақстанға үлкен көмек, қолдау болды. Сыртқы фактордағы жағдайдың терістігін азайту үшін экономиканы әртараптандыру қажет екенін біз білдік. Сондықтан индустриалдық бағдарламаларды жүзеге асыруды белсенді түрде жалғастыруымыз керек. Мұның қажет екенін біз білеміз. Бізден көріп, басқа елдер де осылай жасап жатыр. Оның үстіне дағдарыс кезеңінде бұл шаруаның қажеттігі одан әрі дәлелденді. Осы индустриалдық-инновациялық бағдарлама арқылы кәсіпкерлер өндірістер мен жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік алды. Бүгін 2016 жылдың ІІ жартыжылдығының қорытындысын шығарамыз. Қалыптасқан дәстүр бойынша Астана күні қарсаңында жартыжылдықты қорытындылап, жыл аяғында тұтас бір жылда атқарылған жұмыстар жөнінде айтатын боламыз. Сондай-ақ бүгінгі кеңесте индустриалдық-инновациялық бағдарламалардың орындалуын талқылаймыз. Осы бағдарламаның нәтижесінде қандай нәтижеге қол жеткіздік, қандай кемшіліктер болды және болашақта не істеуіміз керек, міне, осы жөнінде айтылады. Бұған қоса осы телекөпір арқылы жер-жерде жаңадан іске қосылып жатқан объектілерді көретін боламыз», - деді.
Кеңес барысында Мемлекет басшысы бұрынғы Инвестициялар және даму министрі Әсет Исекешовтің индустриализация бағдарламасын жүзеге асыру бағытындағы еңбегін жоғары бағалап, оған ризашылығын білдірді. Ол сондай-ақ «Қазақстанда жасалған» белгісі бойынша өндірілген отандық өнімдер мен моноқалаларды дамыту бойынша атқарылған жұмыстарға да тоқталды. Елбасының сөзінше, индустриаландыру жылдарында елімізде бұрын-соңды болмаған 500 түрлі өнім өндіріле бастаған.
Бұдан соң Елбасы жаңа министр Жеңіс Қасымбектің өңдеу өнеркәсібі туралы баяндамасын тыңдады. Инвестициялар және даму министрінің мәлімдеуінше, өткен жылдар ішінде өңдеу өнеркәсібі нығайып, экономиканың драйверіне айналған. «Егер біз дағдарыс алдында-ғы 2008 жылды базалық деп айтсақ, өңдеу өнеркәсібі 4,1-ге өсті. Бұл тау-кен өнеркәсібін қоса есептегенде өнеркәсіптің барлық секторынан артық. Өңдеу өнеркәсібінің жыл сайынғы көлемі артып келеді. Нәтижесінде 2008 жылмен салыстырсақ, бұл сектордың өнеркәсіптегі жалпы үлесі 7 пайызға артты», - деген министр Қазақстанның ЕЭО елдері арасындағы өңдеу саласындағы өсімді сақтап отырған бірден-бір ел екенін атап көрсетті.
Бұдан басқа Елбасы Ұлттық банк пен Үкіметке инфляция деңгейін қадағалап отыруды тапсырды. Өйткені бұған халықтың кірісінің өсуі тікелей байланысты. Құрылып жатқан жұмыс орындары халықтың әл-ауқатының жақсаруына ықпал етуі тиіс. Мемлекет жұмыссыздарға жәрдемақы төлеумен шектеліп қалмауы тиіс. Мұның орнына тұрғындарға шағын несие беріп, олардың жақсы табыс табуына көмектесуі керек.
Шара барысында индустриаландыру нәтижесінде әлеуметтік дамуын нығайтқан үш өңір көрсетіліп, индустриаландырудың екінші бесжылдығын жүзеге асырудың жаңа қадамдары таныстырылды. Осыдан кейін «Әлеуметтік индустриализация» атты фильм көрсетіліп, Мемлекет басшысы жаңа жобаларды іске қосуға рұқсат берді. Солардың қатарында Ақсай қаласындағы түбегейлі жаңғыртудан өткен мотор майлары өндірісі бар.
Телекөпір барысында «Конденсат» АҚ басқарма төрағасы Валерий Жүнісов сөйледі. «Құрметті Нұрсұлтан Әбішұлы! Біз 1997 жылы сіздің қатысуыңызбен елімізде алғашқылардың бірі болып жанар-жағармай өндіретін өндіріс орнын іске қостық. Бүгін біз К-5 экологиялық класты жоғары стандартқа сай жанар-жағармай өндіру жобасын жүзеге асырмақпыз. Бұл жоба АҚШ пен Франция технологиясы бойынша заманауи құрал-жабдықтармен жабдықталған. Жоба Қазақстанның Даму банкісінің қолдауымен жүзеге асырылуда. Біз 200 мың тоннадан астам жоғары сапалы отын өндіреміз және аймақтың жанар-жағармай импортына тәуелділігін жоямыз», - деді ол сөзінде.
Осы телекөпірде зауыттың байырғы қызметкері Сырым Қожантаев та сөйледі.
Нысанды іске қосуға рұқсат берген Мемлекет басшысы бұл жобаның маңыздылығын атап өтті.
- Бұл жоба - өңір үшін де, еліміз үшін де өте маңызды, аса қажетті жоба. «Конденсат» АҚ маған алғашқы ашылған күннен таныс. Кәсіпорын жедел дамып келеді. Қазір бастарына ақ каска киген жұмысшы формасындағы жастарға қарап толқып тұрмын. Елімізде осындай жас мамандар қатарының көбейіп келе жатқанына қуаныштымын. Мен де, Үкімет те сіздердің жақсы жалақы алып, молшылықта өмір сүрулеріңізге қолдан келгеннің бәрін жасайтын боламыз. Барлығыңызды ел тәуелсіздігінің 25 жылдығымен шын жүректен құттықтаймын, - деген Мемлекет басшысы жоба жұмысына сәттілік тіледі.
Осы шараға қатысқан облыс әкімінің орынбасары Игорь Стексов жаңа жобаның маңызына тоқталды.
-Бүгінде облыс бойынша 330 млрд. теңгенің 42 жобасы жүзеге асырылуда. Аталған жобалардың ішінде тек осы «Конденсат» АҚ-ның жобасы ғана республикалық Индустриализация картасы аясында жүзеге асырылуда. Жобаның құны 45 300 млн. теңге, осы қаражаттың 40 пайызын кәсіпорынның өзі төлесе, қалған 60 пайызын «Қазақстанның Даму Банкісі» қаржыландырды. Бұл жоба 2012 жылдан бастап қолға алынды. Осы жобаның аясында 28 жаңа жұмыс орны ашылмақ. «Конденсат» АҚ елімізде тұңғыш рет экокласты К5 бензин өндірісін іске қосады. Өндіріс Кеден одағының техникалық регламент талаптарына сай жоғары октанды этильденбеген бензин шығаруға бағытталған. Бұл жобаның артықшылығы сол, ендігі жерде облыс пен көршілес өңірлер Ресейдің жоғары сапалы жанармайына тәуелді болмайды. Жобаның заттай қуаттылығы жылына 200 мың тонна экокласты К5 бензинін өндіруге және 380 мың тонна өзге де өнімдер өндіруге қажетті 600 мың тонна шикізатты құрайды. Кәсіпорын өнімі нарықтағы бағадан қымбат болмайды. Бәрі алынатын шикізат құнына байланысты, егер зауыт өнім өндіруге қажетті шикізатты мол әрі тиімді бағамен алса, әрине, оның бағасы да қолжетімді болмақ, - деді облыс әкімінің орынбасары өз сөзінде.
«Конденсат» АҚ басқарма төрағасы Валерий Жүнісовтің сөзінше, кәсіпорынның жоғары сапалы жанар-жағармайына қазірдің өзінде қызығушылар көп. Өңірімізді былай қойғанда, көршілес аймақтың жанар-жағармай операторлары да келісімшартқа отыруда. Көп ұзамай жергілікті жанар-жағармай өнімдері саттыққа шығарылмақ.
Нұртас Набиоллаұлының«Банкроттық рәсімдеу» атты ақпаратында облыс әкімдігінде дағдарысқа қарсы штабтың кезекті отырысы өтіп, оған облыс әкімінің орынбасары Марат Тоқжанов төрағалық еткені сөз болады. Күн тәртібінде банкроттық рәсімдерді жүргізудің барысы туралы, жалақы өндіру бойынша сот актілерінің орындалуы туралы және жұмыс берушінің қызметін декларациялау жөнінде үш түрлі мәселе қаралды.
Алғашқы мәселе бойынша облыстық мемлекеттік кірістер департаментінің басқарма басшысы Есбол Әміров «Дастан» баспа-полиграфиялық кешені» ЖШС, «Жайықтранс-Терминал» ЖШС, «СЦЗ «Агро-сервис» ЖШС және «Металл бұйымдары» бірлескен өндірістік кәсіпорны» ЖШС банкроттық рәсімінің жүргізілу барысы туралы баяндады.
Баяндаудан белгілі болғандай, «Дастан» баспа-полиграфиялық кешені» ЖШС-дан 18 адам 6 343,4 мың теңге көлемінде еңбекақы мен өтемақы төлеуді талап еткен. Бүгінгі таңда оның 3 042 мың теңгесі өтелген болса, еңбекақы бойынша қалған берешек 3 301,4 мың теңгені құрап отыр. «Жайықтранс-Терминал» ЖШС-ның еңбекақы берешегі екі кредитор үшін 6383,4 мың теңгені құрайды. Мұндай бережақ көлемі «Металл бұйымдары» бірлескен өндірістік кәсіпорны» ЖШС үшін 61 890,6 мың теңге, ал ондағы кредиторлар саны - 84 адам.
Отырыс төрағасы туындаған сұрақтарға нақты жауаптың болмауына байланысты «Дастан» баспа-полиграфиялық кешені» ЖШС-ның банкроттық басқарушысы Е. Ишимгалиевтің жиынға келмеуін, банкротқа ұшыраған мекемелердегі еңбекақы бережағы туралы мәліметтің әр түрлі көрсетілуін, бірқатар кәсіпорындарды банкроттық басқарушылардың жиі ауысып, жұмыс нәтижесі болмай келе жатқандығын қатаң сынға алды.
Күн тәртібіндегі екінші мәселе бойынша облыстық әділет департаменті басшысының орынбасары Хамидолла Құсдәулетов «БГСАқсай» ЖШС және «Aziya Bolashak Batys» ЖШС-ның атқарушылық өндірісінің жүргізілу барысы туралы мәлімдеді.
Күн тәртібіндегі үшінші мәселе бойынша сөз алған облыстық еңбек инспекциясы басқармасының басшысы Жанат Асантаев қолданыстағы еңбек заңнамасының талаптарына сай жұмыс жасап, сенім сертификатына ие болған бірқатар кәсіпорындарды атап өтті. Мұндай сертификатқа ие болған кәсіпорындар үш жылға дейін мемлекеттік тексерістерден босатылады. Жанат Асылханұлы жұмыс берушінің қызметін декларациялау жөніндегі комиссияның ұсынысы бойынша, облыстық еңбек инспекциясы басқармасының шешіміне сәйкес тағы екі мекеменің аталмыш сертификатқа лайық деп танылғандығын айтты.
Жиын соңында отырыс төрағасы Марат Тоқжанов «Интергаз Орталық Азия» АҚ-ның «Инженерлік-техникалық орталығы» филиалы және «QHSE - Akbarys» ЖШС-на қызметкерлердің еңбек құқықтарын сақтау жөніндегі сенім сертификатын табыс еткен.
«Әйелдерді зәбірлейтіндер азаяр емес» (Гүлбаршын Дыбысқалиқызы) атты материалда облыс әкімі жанындағы әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі облыстық комиссияның кезекті отырысында алдымен облыс емханаларындағы отбасын жоспарлау кабинеттерінің жұмысы жайы мәселесі қаралғаны айтылған. Бұл мәселе бойынша хабарлама жасаған облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысының орынбасары Нұржамал Жұмағұлованың айтуынша, өңірдегі барлық емханаларда отбасын жоспарлау кабинеттері тұрақты жұмыс істеуде. Отбасын жоспарлау балалар өлімін азайтуға, қалаусыз және ерте жүктіліктің болмауына, жас отбасының берекетін сақтауға әсерін тигізеді. Сондай-ақ бұл бағыттағы жұмыстың жасөспірімдердің денсаулығын сақтауда маңыз-мәнге ие екені сөзсіз. Биыл бес айда 45 мыңнан астам адам нақ осы мәселе жөнінде мамандардан кеңес алған. Қазір облыста 15607 жасөспірім қыз бала болса, биылғы бес айдың ішінде осы топтағы, әсіресе, 17-18 жастағы қыздардың 41-і босанып, жетеуі түсік жасатты. Мұндай жағдайға түскен жасөспірімдермен балалар гинекологтары, психологтар арнайы жұмыстанады.
Соңғы кезде өңірде отбасындағы тұрмыстық зорлық-зомбылық фактілері азаймай отыр. Бұл туралы жергілікті полиция қызметінің басшысы, полиция полковнигі Манарбек Ғабдуллиннің хабарламасында кеңінен айтылды. Мысалға, биылғы бес ай ішінде отбасылық тұрмыстық қарым-қатынастар саласында жасалған құқықбұзушылықтарға қатысты 1192 (2015 жылы 1039) арыз түсіп, олардың барлығы сотқа жолданды. Отбасылық тұрмыста 10 қылмыс тіркелсе, соның алтауы әйелдерге қатысты жасалған. Бұл тек ресми тіркелгені ғана. М. Ғабдуллиннің айтуынша, отбасында зардап шеккен әйелдер арыз жазудан бас тартып жатады. Өйткені кейбіреулері материалдық жағынан отағасына тәуелді немесе «елге күлкі боламыз» деп тартынады. Сонымен қатар әкімшілік құқықбұзушылықтардың кейбір құрамдары қылмыстық құқықбұзушылық санатына ауыстырылуына байланысты отбасы-тұрмыстағы құқықбұзушылықтардың алдын алуда қиыншылықтар туындауда. Аталған құрамдар жеке айыптау істеріне жататындықтан, көп жағдайда жәбірленуші арыз беруден бас тартады. Әкімшілік ұстау үрдісінің мерзімі үш сағаттан аспайды. Мұның өзі құқықбұзушының «шабуылын» төмендетуге ықпал етпей, оның отбасына қайтып келіп, отбасының шырқын бұзуына кедергі бола алмайды. Осыған орай әкімшілік ұстау мерзімін үш сағаттан 24 немесе 48 сағатқа дейін ұзарту жөніндегі ұсыныстар Ішкі істер министрлігіне жолданған.
Орал қалалық әйелдерге арналған әлеуметтік оңалту және бейімделу орталығының директоры Ганди Шамкелованың айтуынша, бұл орталықтың ашылғанына үш жыл болды. Осы уақыт ішінде орталыққа қиыншылыққа тап болған 588 адам келген, солардың 464-і - әйел, төртеуі - ер адам, 121-і - балалар. Уақытша паналау орнын 23 адам паналаған, солардың 11-і - әйел, 12-сі - бала. Жеті әйел жергілікті полиция басқармасының жолдамасымен, төртеуі қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар жолдамасымен келген. «Бұл - ресми көмек алуға келгендер. Ал отбасының абыройын ойлап шағымданбайтын әйел заты қаншама. Әйелдерге қол көтеретіндер қатарында мемлекеттік қызметкерлер де, құқық қорғау қызметкерлері де, кәсіпкерлер де, тіпті жоғары лауазымдық қызметтегі қызметкерлер де бар. Сонымен қатар балалары аналарына, келіндері енелеріне зорлық көрсеткен фактілер бізде кездеседі», - деді Г. Шамкелова.
Басқосуда Қазталов ауданы әкімі жанындағы әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссияның жұмысы жайындағы аталмыш аудан әкімінің орынбасары Ләйлім Мәжитованың есебі тыңдалып, комиссиямен оң бағаланды. Сонымен қатар спорттың жаппай қолжетімді түрлерімен қамтылуын қамтамасыз ету мәселесі бойынша жасалған хабарлама тыңдалып, ондағы кейбір сандық көрсеткіштермен комиссия мүшелері келіспеді. Сондықтан хабарламашыға сандық шикіліктерді анықтап, түзету тапсырылды.
Комиссия отырысында қаралған мәселелер бойынша кеңес мүшелері үлгілі отбасыларын насихаттау, әлеуметтік желілерді пайдалану және аталмыш комиссия жұмысын жақсарту, форматын өзгерту жөніндегі ұсыныстарымен бөліскен. Жиынды қорытындылаған облыс әкімінің орынбасары Марат Тоқжанов тиісті сала басшыларына күн тәртібінде қаралған мәселелер бойынша жұмысты ширату бағытында тапсырмалар берген.
От басқан жас аналарға қамқор болған (Гүлбаршын Әжігереева) атты мақалаға соңғы кездері елімізде шаранаға қатысты адам жанын түршіктіретін оқиғалар жиілегені, оның себептері арқау болған. Жасы жиырмадан асқан қазақ қызы некесіз бойына біткен баласын әжетханада дүниеге келтіріп, әжетхананың тесігіне тастап кетті... Екінші оқиға да соған тектес, мектептің 10-сыныбында оқитын балауса қыз таксидің ішінде босанды. Сол бейбақ шарананы қыздың қасындағы өгей шешесі көліктің терезесінен көшеге лақтырып жіберіп, мерт қылды... Бұл оқиға тізбегін жалғай беруге болар еді, бірақ одан не өзгереді? Одан да ондай сорақылықтың алдын алу жайы әлдеқайда маңызды көрінеді.
«Қызға қырық үйден тыю, қала берді, есіктегі қара күңнен тыю" деп пәлсапалайтын қазақ қоғамы неден қате басты, тәрбие үрдісінде нендей олқылық жіберді дейсіз. Мына жарық дүниедегі ана болудан асқан жасампаздық жоқ демейтін бе еді аналар. Етегі жасқа толып, тәңірден күні-түні бір шарана тілеп жүрген жандар әлі қаншама... Жалпы, қазіргі қоғамдағы осындай қатыгездіктің алдын қайтып алуға болады? Ата-анасымен «қырық пышақ» болып, некесіз, туған-туыстың қолдауынсыз, қаржылық қиындықтар жағдайында дүниеге сәби әкелетіндер әдетте балаларынан перзентханада бас тартады. Осылайша түсік жасатпай, баласын жетімдер үйіне қалдырған жас ананың кейін де өзінің күнәсін кешіруі қиын. Бұл психологиялық азап, өмірлік қасірет болса керек. Сондай-ақ балалар үйінде немесе асырап алған отбасында туған анасының жылы құшағын көрмей өсетін тастанды сәби бақытты бола ма дейсіз. Осыған орай елімізде танымал кәсіпкер Айдын Рахымбаевтың және оның зайыбының бастамасымен қиын жағдайға тап болған жас аналарға және жүкті әйелдерге арналған «Ана үйі» орталықтары ашылды. Мұндай орталықтардың ашылуымен әдепкіде шаранасынан бас тартуды ойлаған жас әйелдер орталықтағы қолдау мен түсіністік жағдайында ана болудың бақытын сезінеді. «Ана үйі» әлеуметтік жобасы қоғамның қолдауына ие болды. Жобаға көптеген қазақстандық кәсіпкер қолдау танытып, жоба меценаты атанды. 2013 жылғы желтоқсан айынан бастап еліміздің танымал кәсіпкерлері әр өңірден «Ана үйін» ашты. Елімізде «Ана үйі» қоғамдық қоры ресми тіркелді. «Ана үйі» біздің өңірде де жұмыс істеуде. Енді таяуда Орал қаласында бала асырап алуға көмектесу орталықтары ашылды. Бұл сол «Ана үйі» қоғамдық қорымен басталған игі істің жалғасы іспеттес.
Аталмыш жобаның Батыс Қазақстан облысы бойынша үйлестірушісі Надия Лисицынаның айтуынша, «Ана үйінің» ашылуы арқасында еліміз бойынша 1500-ден астам сәби балалар үйіне жолданбай, аналарының қасында қалды. Біздің облыс бойынша 60 шақты жас ана өз сәбиінен «қағынан жеріген құландай» болып бас тартпады.
-60 бала дегеніңіз, бір балалар үйі ғой. Бас тіреп келген аналардың жартысын әке-шешелерімен табыстырдық. Олардың барлығына жұмысқа тұруға көмектестік. Кейбірі жаңа мамандықтарға оқыды. Әрбір төртінші әйел тұрмыс құрды. Әрине, көбісі сәбилерінің әкелеріне емес, өзге жандардың етегінен ұстады. Бұрындары балалы әйелге үйлену жігіттер үшін батырлықты қажет ететін, ал қазір олай емес. Өйткені бүгінде ер-азаматтардың 42 пайызының әке атана алмайтынын медициналық статистика көрсетіп отыр, - деді Надия Лисицына. Оның айтуынша, жас аналар бұл үйді бір жыл бойына, кейбір жағдайларда жыл жарым уақыт паналай алады. Олардың тұрмыс-тірлігі, ішер асы, медициналық қызмет көрсету, дәрі-дәрмек сатып алу, қажетті киім-кешегі меценаттар есебінен өтеледі. Жергілікті кәсіпкерлер де қарап отырған жоқ, жалпы аналардың тағдырына бейжай қарамайтын жандар да қолұшын созуда. Надия Лисицына аталмыш орталықты паналайтындардың дені қазақ қыздары екенін айтты. Оны өзіміз барғанда да көзімізбен көрдік. Оқимын, қаладан жұмыс табамын деп ауыл-аймақтан келген бойжеткендер жалған махаббат отына шарпылып, қанаты күйген көбелектің күйін кешеді. Ауылға қайтайын десе, ата-анасы «құшақ» ашпайды, ақыл айтып, қаржылық қолдау көрсететін ағайын, тума-туыс теріс айналады немесе қара бастарының қамымен әлек. Содан, соңғысы белгілі, түсік немесе тастанды бала оқиғаларына ұласады.
Елімізде «Ана үйінің» ашылуымен бала асырап алу үрдісі сәл-пәл бәсеңсіген. Надия Лисицынаның айтуынша, бала асырап алғысы келетіндер көбіне үш жасқа дейінгі сәбилерді алғысы келеді. Мұны олар баланың сәби кезінен өздерін туған ата-ана деп қабылдайды деп түсіндіреді.
-Бірақ мұны әр кез дұрыс шешім деуге келмес. Мысалға, 40-тың қырқасына шыққан жұмысбасты әйелге өзінің қалыптасып қалған өмірлік дағдысын бұзуға тура келеді. Үш жасқа дейінгі сәбиді бауырына басқан жағдайда, ол жұмысын тастайды немесе декреттік демалыс алады. Ал егер де ол мектеп жасындағы баланы асырап алса, мұндай қадамға бармас еді. Сондықтан бала асырап алу жұмысы тоқтап қалмас үшін бұл жобаның екінші кезеңі балалар үйімен және әлеуетті бала асырап алушылармен жұмыс болып табылады. Бала асырап алу жұмысына көмектесетін орталықтар және бала асырап алушылар мектебін құру қажет деген шешімге келдік. Бұл орталықтарда өңір тұрғындарына бала асырап алу мәселелеріне қатысты ақпараттық-кеңестік қызметтер көрсетіледі. Өкінішке орай, балалы болғысы келетін ата-ана баланы тауар секілді таңдайды. Олар дені сау, сүйкімді балаларды асырап алғысы келеді. Науқас балаларды ешкімнің алғысы жоқ, ал әлемдік тәжірибеге сүйенсек, мүмкіндігі шектеулі балаларды да отбасында тәрбиелеуге болатынын көрсетеді. «BI - Жұлдызай» қайырымдылық қорымен бірге біз мемлекеттік балалар мекемелеріндегі дімкәс балақандарды емдеуді жоспарлаудамыз. Қазір ауру ұл-қыздар туралы мәліметтерді жинап, қорға жолдадық. Оларға ем-дом, түрлі тиісті оталар жасалса, одан кейін оларды да асырап алу мүмкіндігі ұлғаяды. Шетелдерде бала асырап алу үшін 300 сұрақтан тұратын сауалнаманы толтырады, тек қамқоршылар ғана сенің асырап алушы ата-ана болатыныңды анықтайды. Көбінесе мінез-құлқымыз үйлеспеді деп баланы кейін қайырып жатады. Мұндайда зардап шегетін бала, ол психологиялық күйзеліске түсіп, жарты жылға дейін ешкіммен сөйлеспей қояды. Орталықтардың психолог мамандары тек баланың болашақ әке мен шешесімен ғана емес, отбасындағы ата-әжесімен, әпке-сіңлілерімен, аға-інілерімен де түсінік жұмыстарын жүргізеді. Өйткені отбасыға жаңа мүшені қабылдауға дайындық қажет. Өйткені ойланбай айтылған бір-ақ ауыз сөз бала жанын жаралауы мүмкін, - деді Надия Лисицына. Оның айтуынша, мұндай мектептерде оқу үш сағаттық 12 сабақтан тұрады.
-Кейбір әйелдер қартайған шағында соқа басы сопиып қалудан қорқып, бала асырап алғысы келеді. Бұл дұрыс емес. Баланың туған анасы немесе бала асырап алғысы келетін ана «менің балама мен керекпін» деп ойласа керек-тін. Сонымен қатар тіпті шынашақтай баланың жеке мінез-құлқы, дағдысы бар тұлға екенін ескерген жөн. Балалар үйінде тәрбиеленбеген адамға баланың жастығының астына жейтін тамақты айтқанды тыңдамаудан, қырсықтықтан емес, ертең аш қаламын деген қорқыныштан тығатынын түсіндіру қиын. Асырап алған баланың тек жарты жыл өткен соң ғана мұндай дағдыдан арылғаны бар, - деді Надия.
Мақала «Бүгінде бала асырап алушыларға көмек көрсету орталығында кеңесші мамандар, соның ішінде заңгерлер, психологтар жұмыс істеуде. Сонымен қатар Астанадан да психологтар келіп, бала асырап алған ата-аналармен жұмыстанбақ. Бұл орталық Оралдағы Достық даңғылында 185/1-үйдің 3-қабатында орналасқан. Дүйсенбіден бастап жұма күндері сағат 9.00-ден 18.00-ге дейін жұмыс істейді. Болашақ ата-аналар өздерін мазалаған сұрақтарын 1422 нөмірі бойынша немесе Оралдағы маманға +77473114047 телефоны арқылы қоя алады» деген анықтамамен түйінделген.
Астана күніне орай барлық басылымдарда топтамалар мен арнайы материалдар берілгені белгілі. Бұдан «Орал өңірі де тыс қалған жоқ. «Арманымды аялаған Астана» (Айымгүл Төлеуғали) атты мақалада автор өз басынан өткен жайды тілге тиек еткен. «Үлкендердің айтқан әңгімесі әсер етті ме екен, ҰБТ-дан 109 балл жинап, Алматыға, ҚазҰУ-дың журфагына баруды жоспарладым. Бірақ айтулы күн жақындаған сайын Астанаға бүйрегім бұра берді. Аз уақытта бой көтеріп, күннен-күнге ажарлана түскен ғажайып қала мені өзіне магниттей тартты», деп бастайды ол.
-Аяқ астынан Астанаға баратын болып, шығармашылық емтиханға аз уақыт қалғанда, ұшақпен әрең үлгердік (осы тұста ата-анам үлкен ерлік жасаған екен). Емтихан ойдағыдай тапсырылды, Астананы аралауға көштік. Оралдан ұзап көрмеген ауыл қызына бәрі таңсық, бәрі қызық. Зәулім ғимараттар, соңғы технологиямен жабдықталған сауда орталықтары, даңғыл жолдар, тіпті Астананың ауасына дейін өзгеше көрінді. Осы қалада оқу арманыма айналды. Грант саны өте аз. Журфакты таңдаған талапкер төрт мамандықты жазып, конкурсқа қатыса алмайды. Бағың жанса, оқуға қабылдандың, болмаса келесі жылы келу керек.
Бір күні таңда ұйықтап жатқан мені анам бетімнен қайта-қайта сүйіп, құшақтап жатыр екен. Ұйқылы-ояу «Әлгінде бір кілтті жоғалттым деп еді, соны тауып алды ма екен?» деп ойлап жатырмын. «Оқуға түсті-і-і-ің!» дегенде, ұйқым шайдай ашылып, қалай қуанғанымды көрсеңіз ғой. Сөмкемді қалың киімдерге толтырып алып, туыстармен, сыныптас достармен қоштасып, арман қуып, Астанаға аттандым.
Жаңа қала. Жаңа оқу орны. Л. Гумилев атындағы Еуразия ұлт-тық университеті. Қазақстанның түкпір-түкпірінен жиналған группаластар. Бәрі жат, бәрі бөтен, алғашында бір-бірімізбен оңай тіл табысып кете алмадық. Барлығы өзінің қаласын мақтай береді. Тобымызда Оралдың намысын қорғап жүрген жалғыз мен. Мақала жазғанда өзіміздің жергілікті диалект сөздерді жазып қоя беремін, оны дұрыс емес десе, кәдімгідей шамданып қаламын. Төрт жылдан соң «нән» Астанада кездескен, «жоян» оқу орнында бірге білім алған бір-бірімізге «жүдә» бауыр басып кеттік.
Нөмірі алтыншы студенттер үйінің үшінші қабаты ылғи шулы болатын. Өйткені онда болашақ журналистер тұрады. Дәліздің бір түкпірінде жігіттер гитара тартып, қыздар әндетіп отырса, енді біреулері қызу пікірталастың шоғын үрлеп, отын көсейді. Сәнқой қыздар подиумда жүргендей дәліздің ортасымен киноға шығып бара жатады. Сағат тілі түнгі екіні көрсеткенде, вахтер студенттерге ұрсып жүріп, бөлмелеріне әзер тарататын.
Бізге Намазалы Омашев, «Егемен Қазақстан» АҚ президенті Сауытбек Абдрахманов, журналист Әуесбайдың Қанаты, ақын Қалқаман Сарин сынды танымал қаламгерлер дәріс оқыды. Көбінесе олар өз тәжірибелерінен мысалдар келтіріп, бізге өмірлік сабақтар берді. «Сонымен солай дейік», «Түнгі студия» секілді бағдарламаларға қатысып, «Хабар», «ҚазМедиа» орталығына жиі-жиі барып тұратынбыз. Бүкіл Қазақстан білетін, қадірлейтін айтулы тұлғалармен бетпе-бет кездесіп, тілдестік.
Астана студентінің бір күні де бос өтпейді. Қаланың ең әдемі жері - Есілдің сол жақ жағалауы.
Онда «Ханшатыр», «Керуен», «Мега», «Бәйтерек», Бейбітшілік және келісім сарайы, Ұлттық музей, «Нұр Астана» мешіті, Тәуелсіздік сарайы, Астана Арена, Конгресс-холл, «Думан» ойын орталығы секілді зәулім ғимараттар көздің жауын алады. Тіпті тұрғын үй кешендерінің өзі арнайы орталықтар секілді сәулет өнерінің сән-салтанатымен ерекше салынған. Жазғы демалысқа ауылға барып келсең, жаңадан ғимараттар бой көтеріп қалғанына таңғаласың. Қаланың іші тап-таза, шетелдік туристерді жиі кездестіруге болады. Кейде олармен әңгімелесіп те аламыз.
«Ат айналып қазығын табады» демекші, өмірлік жарымды кездестіріп, қызыл дипломымды қолыма алып, өзімнің Оралыма қайтып келдім. Қазір ару Астанада қызыққа толы өткен күндерімді сағынышпен еске аламын. Астана күні қарсаңында әсем Астананың ажарына ажар қосылып, өркендей беруін тілеймін. Жасай бер, жайнай бер, жастығымның куәсі болған, менің ақ арманымды аялаған ару қала - Астана! - дейді автор шабыттана.
«Орал өңірі» газеті Елбасының «Жалпыға ортақ еңбек қоғамына қарай 20 қадам» атты мақаласына байланысты атқарылып жатқан жұмыстарды қағыс қалдырған емес.
«Еңбек адамына құрмет» (Айша Өтебәлі) атты мақалада осы мәселе сөз болады.
Соңғы кездері еңбек адамына құрметтің кеміп кеткені жасырын емес. Осы жағдайды Елбасы өзінің «Қазақстанның әлеуметтік жаңғыртылуы: Жалпыға ортақ еңбек қоғамына қарай 20 қадам» атты еңбегінде атап көрсетіп, мұны шығармашылық интеллигенцияның қаперіне салған болатын.
Осыған орай облыстық білім басқармасы мен Орал газ, мұнай және салалық технологиялар колледжінің қызметкерлері қарапайым еңбек адамдарына арнап, «Еңбек жолы» атты облыстық фестиваль өткізді. Бұған қаладағы кәсіби-техникалық білім беретін колледж басшылары мен студенттер және түрлі салада жемісті жұмыс істеп жүрген қарапайым еңбек адамдары қатысты.
Шараны ашқан «Қоғамдық келісім» КММ эксперттік-аналитикалық бөлімінің меңгерушісі Әсия Жумина еңбек адамы және оның құндылығы жөнінде айтып, жастарды қазіргі заманға лайықты, сұранысқа ие кәсіби мамандықты таңдауға шақырды.
Бұдан соң еңбек фестивалі салтанатты түрде ашылып, ортаға еңбек ардагерлері Тапаловтар әулеті шақырылды.
-Мен мектеп бітірген соң осы қаладағы №4 кәсіби-техникалық училищеде дәнекерлеуші мамандығына оқыдым. Мұны үздік бітірген соң, осы бағыттағы оқуымды Қарағанды қаласындағы индустриалдық техникумда жалғастырдым. Содан соң Оралға қайтып келіп, кәсіби мамандыққа оқытатын оқу орындарында шебер болып жұмыс жасадым, жастарды кәсіби жұмысшы мамандығына баулыдым. Өндірістен қол үзбей жүріп, осы Оралдағы М. Өтемісов атындағы БҚМУ-ды бітірдім. Сосын колледж директорының орынбасары, кейін колледж басшылығына дейін көтерілдім. Өмірімнің 25 жылын политехникалық колледжде өткіздім, кейінгі 10 жылды №1 индустриалдық колледжге арнадым. Қысқасы, бар саналы ғұмырымды жастарға кәсіби білім беруге арнадым десем болады. Осы колледжде де 1-2 жыл жұмыс істеп кеттім. Шығармашыл ұжым әсер етті-ау деймін, осында жүргенде, электргазбен дәнекерлеуші мамандығы бойынша өндірістік оқыту шеберлеріне арнап әдістемелік кітапша құрастырдым. Басшылық менің осы салада атқарған қызметімді жоғары бағалап, «Білім беру ісінің үздігі» атағын берді. 2004-2014 жылдар аралығында Батыс Қазақстан индустриалды колледжінің директоры қызметін атқардым. Жұбайым Нұршат Тапалова да мыңдаған жасты кәсіби мамандыққа тәрбиеледі. Ол кісі Орал политехникалық колледжінде табан аудармастан 37 жыл бойы жұмыс істеді. Қазір құрметті еңбек демалысында. Бұл кісінің еңбек кітапшасында екі-ақ жолжазба бар. Біріншісі - жұмысқа кіргендігі, екіншісі - осы жерден зейнетке шыққандығы жөніндегі белгі, - деп Айтқали Өмірзақұлы жастарға тек адал еңбекпен ғана биіктікті бағындыруға болатынын өзінің өмір жолын мысалға келтіре отырып жеткізді.
Осыдан кейін сахна төріне «Золушка» тігін ательесінің жетекшісі Ольга Ляшева мен оның жанұясы шақырылды. Ольга Павловна 1970 жылы Орал қаласындағы №122 кәсіби-техникалық училищесінде тігінші мамандығына оқыған.
-Мен өзімнің мамандығымды өте жақсы көремін. 30 жыл бойы тігінші болып жұмыс жасадым. Зейнетке шыққан соң өзімнің жеке тігін ательемді аштым. Ұлым Алексей де жолымды қуып, тігінші мамандығын алды. Келінім Олесья мен қызым Дарья да тігінші. Бүгінде отбасы мүшелері бірігіп, өзім құрған жеке тігін цехында жұмыс жасап жатырмыз, - деді Ольга ханым өз сөзінде. Тәжірибелі тігіншінің пікірінше, мамандығын шексіз жақсы көрген адам ғана мол табысқа қол жеткізеді. Өйткені ол өзі қалаған мамандық бойынша жұмыс істеп жүріп, өзі содан рухани ләззат алады, шаршаудың орнына содан күш-қуат алады. Тігіншілікпен қоса ән салуды да жақсы көретін Ольга Ляшева жиналғандарға арнап, «Белые лебеди» әнін айтып берді. Шығармашыл жанның орындауындағы әсем әуенді жиналғандар тамсана тыңдады.
Осы колледжде оқытушы болып істейтін Елена Куфаеваның өмірбаяны да тыңдаушыларды бейжай қалдырмады. Елена Павловна алғашқы еңбек жолын 1966 жылы Орал механикалық зауытында қарапайым жұмысшы болып бастапты. 1968 жылы Саратов авиациялық техникумына оқуға түскен Елена ханым оны оқып бітірген соң, «Қазақстан инжиниринг» Ұлттық компаниясы» АҚ «Гидроприбор» ҒЗИ АҚ-да инженер-конструктор болып жұмыс істеген. 2005 жылдан бастап, осы колледжде оқытушылық қызмет атқарып келе жатқан Елена Куфаева өзінің қызы Анна Новикованың еңбек жолы жөнінде әңгімеледі.
-Анна 9-сыныпты бітірген соң, біздің қарсылығымызға қарамастан, мұнай саласы мамандығына оқып, сол саланың арнайы орта білімді маманы болып шықты. Ол колледжде оқып жүріп, ағылшын тілін үйренді. Нәтижесінде шетелдік компанияларда жұмыс істеді, сонда жүріп, жоғары техникалық білім алды. Бүгінде Анна Араб әмірліктеріндегі мұнай компаниясында инженер болып жұмыс істейді. Оның күйеуі де осы саланың маманы. Қызмет бабымен ұзақ уақыт шетелде жүрсе де, қызым туған елін еш уақытта есінен шығарған емес. Ол Қазақстан Республикасының азаматтығын өзге елдің азаматтығына ешқашан айырбастаған жоқ. Біз бәріміз кіндік қанымыз тамған туған жерімізге, елімізге қызмет етуіміз керек. Мен үшін де, қызым үшін де өзіміздің туған елімізден, Қазақстаннан артық ел жоқ. Өз елімізді шын жүрегімізбен сүйіп, оған өмір бойы қызмет етейік! - деді ол өз сөзінде.
Аталмыш шараға технологиялық колледждің ІІ курс студенті Айым Бақытжанова, Батыс Қазақстан индустриалды колледжінің оқушысы Игорь Серебряков және Орал политехникалық колледжінің оқушысы Андрей Слук қатысты. Айым аспазшылар әулетінің жанұялық кәсібін жалғастырғысы келсе, Сергей әкесі мен атасының жолын қуып, токарьлық мамандықты қалапты. Ал Андрей болса, әкесі мен атасы секілді кран жүргізушісі болғысы келеді екен.
Шара соңында сахна төріне колледж директорлары Серік Мұхамбеталиев, Нәйла Ғалиева, Қанат Қырықбаев, Тілекқабыл Ахмедияров және Әли Масалимов шақырылды. Олар сөздерінде елімізге адал қызмет еткен еңбек ардагерлеріне алғыстарын айтып, әулетінің кәсібін жалғастырғысы келген жастарды өзгелерге үлгі етті. Сондай-ақ колледж жетекшілері қарапайым еңбек адамдарына үлкен құрмет көрсетіп, алғысхаттар мен сый-сияпаттарын табыс етті.
«Медиация кабинеті жұмысын бастады» (Гүлжамал Жолдығали) - Оралдағы Достық үйінде өңірдегі этномәдени бірлестік төрағаларының қатысуымен арналған отырыста медиация кабинетінің ашылғаны хабарланған.
2011 жылы ҚР «Медиация туралы» заңын қабылдау нәтижесінде 2016 жылдың ақпан айында Достық үйі жанынан медиация кабинеті ашылып, 1 маусымнан бастап кабинет қызметін бастады.
Облыстағы ҚХА жанынан құрылған медиация кабинеті - бұл аймақтағы тұрақтылықтың міндетті элементі ретінде толеранттылық пен этносаралық келісімді қамтамасыздандыру саясатын анықтайтын аналитикалық және стратегиялық орталық болып табылады. Өңіріміздегі бұл бағыттағы жұмыс жақын арада басталғандықтан, тұрғындармен диалог жүргізу сайтын ашу, буклеттердің, плакаттардың шығарылымы қарастырылуда. Қазір мұнда жұмыс уақытында хабарласуға болатын сенім телефоны жұмыс жасайды. Кабинет түрлі ұлттар мен этностардың беделді, сыйлы өкілдерімен байланыс орнатып, олардың өмірлік, кәсіби, жанұялық, кәсіпкерлік және т.б. тәжірибелерін жұмыс барысында қолданбақ.
-Алдағы уақытта кабинет жанынан әр келген адам медиация туралы толық ақпарат, өзін қызықтыратын сұрақтар бойынша кеңес ала алатын, қажет болса, медиаттық келісім жасайтын ақпарат бұрышын құру жоспарлануда. Медиация туралы терең білгісі келетіндерге қысқаша курс өткізу мәселесін қарастыруға болады. Бұл медиацияның сапасы мен тиімділігін көтеруге мүмкіндік береді, - дейді медиатор Талшын Италиева.
Отырыс барысында этномәдени бірлестік өкілдері медиаторға сұрақтар қойып, ұсыныстарын ортаға салған.
Өңірде әлеуметтіқ мақсаттағы түрлі нысандар ашылып жататыны белгілі. Соның ішінде сауда орталықтары мен дүкендер де аз емес. «Ақобадағы жаңа дүкен» (Ахмедияр Батырханов) деген ақпаратта Жәнібек ауданы Ақоба ауылында кәсіпкер Асқар Бисеновтің «Бірлік» атты жаңа азық-түлік дүкені ашылғаны айтылған.
Дүкеннің ашылу салтанатына аудан әкімі Наурызбай Қарағойшин арнайы қатысқан. «Ашылғалы тұрған дүкеннің иесі, елдің азаматы Асқар Бисенов - шаруасын дөңгелентіп отырған кәсіпкердің бірі. Енді ол ауыл тұрғындарын азық-түлікпен қамтамасыз етпек. Азаматтың ел игілігі үшін атқарып жүрген ісіне табыс тілеймін. Дүкен сөрелері әрқашан азық-түлікке толы болсын. Осындай игі бастамалар жалғасын тауып, қуанышты сәттерде жүздесе берейік», - деді аудан әкімі құттықтау сөзінде.
«Жалғыздың үні шықпас» деген жақсы сөз бар. Бұл шаруаны жүзеге асыруда ел болып көмек көрсеттіңіздер. Әсіресе, құрылысына атсалысқан Елдос Шайхисламовқа отбасымның атынан ризашылығымды білдіремін. Ағайынның татулығы, елдің тұтастығы бұзылмасын деген ниетпен дүкеннің атын «Бірлік» деп қойдым. Осындай қуанышты сәтті жергілікті жұртпен бірге бөлісіп, арнайы келіп отырған аудан әкімі Наурызбай Қадырбайұлына ақобалықтар атынан алғысымды білдіремін», - деген дүкен иесі жаңа ісіне сәттілік тілеген ауылдастарына ықыласын да жеткізді.
Газетте Қазақстанның БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің 2017-2018 жылдардағы мүшесі болып сайлануына байланысты үнқосулар беріліп келеді. Солардың бірқатары «Сыртқы саясаттағы айтулы жетістік» деген тақырыппен берілген.
Серік Сүлеймен,
«Нұр Отан» партиясы облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары:
-Қазақстан Тәуелсіздігінің 25 жылдығы белесінде тағы бір маңызды тарихи оқиға болды. Еліміз БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің 2017-2018 жылдардағы мүшесі болып сайланды. Мұның Қазақстан тарихында жаңа кезең екендігі сөзсіз.
Қазақстан әлемге ең алдымен бірлігі бекіген, ынтымағы жарасқан, халқы бейбіт өмірді қалайтын, Президенттің сарабдал саясатының арқасында өркендеп келе жатқан жас мемлекет ретінде танылған. Еліміз орталық Азия аймағынан БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің құрамына енген тұңғыш мемлекет болып отыр. Лаңкестіктің күрт асқынуы, соның ішінде Ақтөбе қаласында орын алған қанқұйлы әрекет жағдайларында республикамыздың БҰҰ Қауіпсіздік кеңесіне мүше ретінде сайлануының маңызы зор. Ұйымға мүше бола отырып, Қазақстан жалпы адамзаттың, өркениетті қорғаушылардың, халықаралық қоғамдастықтағы бейбітшілік пен тұрақтылықты нығайтушылардың алдыңғы қатарынан көрінбек.
Қазақстан халқы Көшбасшысымен бірге осы жоғары сенім үдесінен лайықты шығатынына және алдағы кезеңде де бейбітшілік пен келісімді нығайтуға бағытталған салмақты, бейбітсүйгіш саясат ұстануды жалғастыратынына сенімдімін.
Ақсерік Әйтімов, Қазақстан инновациялық және телекоммуникациялық жүйелер университетінің ректоры, облыстық қоғамдық кеңестің хатшысы:
-Отанымыз - Қазақстанның келесі жылдан бастап Азия мемлекеттері тобының өкілі ретінде Біріккен Ұлттар Ұйымының Қауіпсіздік кеңесіне мүше болып сайлануын Елбасының әлемдік саясаттағы беделінің арқасы деп білеміз. Нью-Йорктегі дауыс беруге қатысқан мемлекеттердің 138-інің Қазақстанды, 50-інің Тайланд корольдігін қолдауы біраз жайды аңғартады. Өйткені БҰҰ бірінші кезекте бейбітшілікті қолдайтын ұйым ретінде елдегі саяси тұрақтылықты, бірлікті бағалайды. Бұл тұрғыдан келгенде, Қазақстан ядролық қарудан бас тартып, ЕҚЫҰ-ға, ШЫҰ-ға мүше және әлемнің осы бөлігіндегі қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін көптеген бастамалар көтергені мәлім. Биыл Елбасы АҚШ-та өткен төртінші антиядролық жаһандық саммиттегі манифесінде көптеген
мәселелерді қозғады. Енді Қазақстанның Астананың туған күні қарсаңында БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің тұрақты емес мүшесі болып сайлануы - ертеңгі тарих, келешек ұрпақ үшін жасалған үлкен қадам.
Мұрат Сабыр,
филология ғылымының докторы, профессор:
-Қазақ елінің Біріккен ұлттар ұйымы Қауіпсіздік кеңесінің 2017-2018 жылдардағы тұрақты емес мүшелігіне сайлануы бұл, шын мәнінде, сыртқы саясаттағы айтулы жетістігіміз, биік белесіміз. Әрі бұл - Отанымыздың һәм Елбасының тұрақты бейбітшіл саясатына халықаралық дәреже-деңгейде көрсетілген зор құрмет. Қазақстан Республикасының ядролық қару-жарақтан өз еркімен бас тартуы және ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың ядролық қарусыздану жөніндегі жүйелі бастамалары, сөз жоқ, барша адамзат, бүкіл мемлекет атаулы түгел құптауға тиіс құбылыс.
БҰҰ-ның Қауіпсіздік кеңесінде әлемнің ең асқынған мәселелері талқыланатыны белгілі. Демек, біздің еліміздің басшылығы енді жер бетінде аштық пен ауру-сырқау індетін мүмкіндігінше азайтуға, соғыс өртін өшіруге, орын алған төтенше оқиғалардың зардабын мейлінше тез жоюға және ғаламшарымыздың экологиялық ахуалын жақсартуға барынша тікелей атсалыса алады.
Ендеше, іске сәт!
Әсиям Үсенова, «Қазақстан ұйғырларының республикалық мәдениет орталығы» қоғамдық бірлестігінің Орал қаласындағы филиалының жетекшісі:
-Көгілдір экраннан Қазақстанның Азия тобы мемлекеттерінің атынан Біріккен Ұлттар Ұйымы Қауіпсіздік кеңесінің 2017-2018 жылдарға уақытша мүшесі болып сайланғанын естіп, отбасымызбен қуандық. Қазақстан халқы ассамблеясы аясында қоғамдық келісім мен тұрақтылықты, ұлттардың достығын нығайту, жас толқынның санасына қазақстандық отансүйгіштікті сіңіру, еліміздің қарыштап дамуы жолында тер төгіп жүрген әріптесім де, өзге ұлттық-мәдени бірлестіктерінің жетекшілері де ақжолтай хабарға мәре-сәре болысты.
Сыртқы әлеммен байланысы әлдеқашан орныққан, қарқынды даму жолына түскен Тайланд елінен мерейіміз асып түсті. Енді Қазақстан халықаралық өмірге әсерін тигізетін маңызды шешімдер қабылдайтын 15 елдің қатарына орнықты. Мұның өзі - мемлекетіміздің және Елбасымыздың халықаралық деңгейдегі салмақты беделінің, ядролық қарудан бас тартып, халықаралық қауіпсіздікті қамтамасыз ету бағытындағы ерен еңбегінің жемісі. Тәуелсіздіктің 25 жылы ішінде Қазақстан дамудың даңғыл жолына түсті. Әлемді шарпыған экономикалық дағдарыс жағдайында да еліміз аңырап қалмай, Мемлекет басшысының бастауымен нақты, жоспарлы әрі дұрыс шешім қабылдады.
«Ең бастысы - елімізде тыныштық, бейбіт заман. Елімізде сан түрлі ұлт-ұлыс ынтымақта өмір сүруде. Оны Оралды мекен еткен біздің ұйғырлардың өмірінен байқауға болады. Қазір шаһарда 12 ұйғыр отбасы бақуатты тұрады. Бәрі де шама-шарқынша еңбек етіп, ұрпақ тәрбиелеуде. Алдағы уақытта еліміз барлық қиындықтарды жеңіп, Орта Азиядағы тұрақтылық пен бейбітшілікті сақтауда аянбай еңбектеніп, көрсетілген сенім мен жауапкершілік үдесінен шығады деп білемін», делінген топтама соңында.
Облыстық «Орал өңірі» газетінің 5 шілде күнгі саны «Мемлекеттік Туды көтеру салтанаты» атты материалмен ашылған. Онда Мемлекет басшысы - Қазақстан Республикасы Қарулы күштерінің Жоғарғы Бас қолбасшысының мемлекеттік Туды көтеру рәсімі аясында еліміздің жоғары әскери оқу орындарының түлектеріне офицерлік шен тапсырғаны айтылған. Қазақстан Президентінің қолынан 12 түлек - Қорғаныс министрлігі Құрлық әскерлері әскери институтының, Ішкі істер министрлігі Ішкі әскерлер әскери институтының және Ұлттық қауіпсіздік комитеті әскери институтының үздік бітірушілері шен алды.
Нұрсұлтан Назарбаев жиналғандарға арнаған сөзінде мемлекеттік Ту әрбір қазақстандық үшін қасиетті құндылық болып саналатын ұлттық бірлік нышаны екенін атап өткен.
-Бұл - тәуелсіздігінің 25 жылдығын биыл тойлайтын еліміздің асқақ рәмізі. Біз егемен Қазақстанды осы көк Ту астында бірге құрдық. Ширек ғасыр ішінде қуатты мемлекеттің іргесі берік ғимаратын бірлесіп салдық. Жақында ғана республикамыз БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің тұрақты емес мүшесі болып сайланды. Әлемдік қоғамдастық планетадағы бейбітшілік пен қауіпсіздікті қамтамасыз ету ісіне атсалысу сынды биік миссияны Қазақстанға сеніп тапсырды. Бұл - еліміздің биік беделі мен табысты дамуының мойындалуы. БҰҰ Қауіпсіздік кеңесіндегі жұмыс біздің Туымызды бұрынғыдан да танымал ете түседі, - деді Қазақстан Президенті.
Мемлекет басшысы республиканың жоғары әскери оқу орындарының барлық түлектерін құттықтап, қазақстандық патриотизм түрлі салада, соның ішінде ең алдымен Отанға қызмет етуде көрініс табатынын айтты.
-Бүгін біз жоғары әскери оқу орындарының үздік түлектеріне офицерлік шендер тапсырамыз. Осы күндері мыңдаған қазақстандық жас оқуын аяқтап, үлкен өмірге аяқ басады. Сіздер өз жолдарыңызды елдің бас байрағының алдында, салтанатты жағдайда бастап отырсыздар. Бұл кездейсоқтық емес, өйткені сіздер қоғамда құрметке ие айрықша мамандықты таңдадыңыздар. Сіздер бірнеше жылды жақсы білім алуға, жаңа машықтарды игеруге, достық пен өзара көмектің құндылығын түсінуге арнадыңыздар. Енді осының бәрін тәжірибеде қолдану керек, - деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Қазақстан Президенті мемлекеттік Ту көтеру рәсімі дәстүр бойынша Астана күніне арналған іс-шаралардың бастауы болып саналатынына назар аударды.
-Биыл біз Астананың 18 жылдығын - кәмелеттік жасқа толуын атап өтеміз. Бұл - биіктер бағындырылған және сол биіктен жаңа перспективалар көрініп тұрған кез. Тәуелсіздік тудырған Астана құлпырған үстіне құлпырып, қарыштап өсуде. Бұл қала елді біріктіріп, жаңа табыстарға жетелеп, көш басында келеді, - деді Мемлекет басшысы.
Сондай-ақ Нұрсұлтан Назарбаев елорданың миллионыншы тұрғыны өмірге келгенін айтты.
-Бүгін ертеңгісін Мұхамедияровтар отбасында Астананың миллионыншы тұрғыны өмірге келгенін зор қуанышпен хабарлаймын. Сәбидің анасы - балабақша тәрбиешісі, әкесі - электрмонтер. Енді біздің елорда миллион тұрғыны бар қалалар қатарына енді, - деді Қазақстан Президенті.
«Соңында Нұрсұлтан Назарбаев барша Қазақстан халқын алдағы Астана күнімен құттықтап, ырыс-ынтымақ пен бақ-береке тіледі», делінген www.akorda.kz сайтынан алынған материал соңында.
«Құлашын кеңге сермеген» (Гүлбаршын Әжігереева) атты мақалада «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ-ның «Бизнестің жол картасы - 2020» бағдарламасына сәйкес атқарып отырған жұмыстары сөз болған.
«Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ-ның БҚО бойынша аймақтық филиалының құзыреттілікті арттыру бағдарламалары бойынша менеджері Асель Арнольдтің айтуынша, «Бизнестің жол картасы - 2020» бағдарламасы шеңберінде сұранысқа ие кәсіпкерлікті қолдаудың тиімді тетіктерінің бірі - пайыздық мөлшерлемені субсидиялау. Егер де осы уақытқа дейін екінші деңгейдегі банктер (ликвидность) өтімділіктің жоқтығынан шағын және орта кәсіпкерлікті несиелеу жұмыстарын тоқтатқан болса, енді несие беру қайта жанданды. Кәсіпкер жылына 19% мөлшерлемемен несие алатын болса, мемлекет соның қалада 7%-ын, ауылдық жерлерде 10%-ын субсидиялайды. «Даму» қоры өз ісін жаңадан бастаған кәсіпкерлер үшін банктер алдында 85 пайызға дейін кепілдікпен қамтамасыз етеді. Одан басқа биылдан бастап шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерін қаржыландырудың аймақтық бағдарламасы шеңберінде «Даму» қоры облыс әкімдігімен бірлесіп 1 млрд. теңге қаржы бөлді. Бұл несие ЕДБ-лар арқылы 8,5 пайызбен негізгі құрал-жабдықты сатып алуға және жаңғыртуға, айналым қаражатын толықтыруға беріледі. Осы қаражаттың 60 пайызы аудандардағы кәсіпкерлікті жеңілдікпен несиелеуге бағытталған.
«Өндіріс қарқынын еселеген» деген тақырыпшамен берілген бөлікте «Орал сауда-өнеркәсіп компаниясы» кәсіпорнының тыныс-тіршілігі айтылады. Бұл кәсіпорын пластикалық бұйымдар шығаратын зауыт негізінде құрылды. Зауытта металл жабын, жайма табақ, полиэтилен және полипропилен құбырлары, гипсокартон жабыны, пластмассадан халық тұтынатын тауар түрлері өндірісі жолға қойылған.
2007 жылы компания өндірісті жаңғырту жұмыстарын бастады. Соның арқасында өндірістік аумақ көлемі төрттен жеті гектарға дейін ұлғайды. Құлашын кеңге жайған зауыттың өндірістік цехтарының саны бүгінде 12-ге жетті. Қазір зауытта су, газ, кәріз және телекоммуникация салаларына арналған диаметрі 20-дан 1600 мм-ға дейінгі полиэтилен тұрбаларын өндіретін алты желі орнатылған. Бұл - Қазақстан бойынша осындай үлкен көлемдегі диаметрлі полиэтилен тұрбаларын шығаратын жалғыз кәсіпорын.
-Индустриалдандыру бағдарламасы дағдарысқа қарсы өнеркәсіпті қолдаудың таптырмас тетігі болды. Сонымен қатар өндірістің қысқаруының, жұмыссыздық деңгейінің өсуінің алдын алды. Үдемелі индустриалды-инновациялық даму бағдарламасының (ҮИИДБ) бірінші бесжылдығында экономиканы әр тараптандыру және ғаламдық экономикалық дағдарыстың салдарын жеңу бағытындағы үрдістер басталды. Төмен пайыздық мөлшерлемемен несие алу мүмкіндігі өндірілетін өнімнің өзіндік құнын төмендетуге жол ашады. Осы бағдарлама шеңберінде компания полиэтилен тұрбалары (диаметрі 630 және 1600 мм-лік) өндірісі бойынша екі инновациялық жобаны іске қосты. Мемлекеттік қолдаудың соны үлгісі ретінде «Өндірістік инфрақұрылымды дамыту» бағдарламасын айтар едім. Кәсіпорынның өндірістік қуатының өсуі-не орай және зауытты үздіксіз электр қуатымен қамтамасыз ету үшін осы жоба бойынша трансформаторлық қосалқы стансаларды реконструкцияладық. Өткен жылы компания металл жабын және жайма табақ өндіретін үш станок сатып алып, орнатты. Бұған 3 млрд. теңге шамасында инвестиция жұмсалды. Күні кеше ғана аймақтық үйлестіру кеңесі айналым қаражатын толықтыруға бағытталған несиенің пайыздық мөлшерлемесін субсидиялауды мақұлдады. Бұл дегеніңіз - қазіргідей экономикалық қиыншылық жағдайында өндірісшілерге жасалған қамқорлық әрі үлкен көмек, - деді кәсіпорын директоры Валерий Крылов «Даму» қорының аймақтық филиалы ұйымдастырған пресс-тур барысында журналистерге берген сұхбатында.
«Бизнестің жол картасы - 2020» бағдарламасы шеңберінде бірінші инновациялық жоба іске қосылған 2010 жылдан бергі уақыт ішінде өндірілетін өнім көлемі үш есеге өсті. Кәсіпорын жоғары сапалы өнім шығаруды қамтамасыз ететін әлемге танымал еуропалық өндірісшілердің заманауи құрал-жабдықтарымен жасақталған. Бүгінде зауытта жылына 30 мың тонна полиэтилен өндіріледі. Мысалға, өткен жылы 6 мың тоннаның үстінде шикізат өңделген. Компанияда 76 адам еңбек етуде. Тек биылдың өзінде жеті жаңа жұмыс орны ашылды.
Компания басшысының айтуынша, негізгі өнім өткізу нарығы - еліміздің батыс өңірі және Ресейдің іргелес Орынбор, Самара облыстары. «Орал сауда-өнеркәсіп компаниясы» ЖШС өңірдегі мамандар даярлау жұмысына да атсалысуда. Жәңгір хан атындағы БҚАТУ-мен арадағы келісімшартқа сәйкес жыл сайын ЖОО-ның 25 студенті кәсіпорынның өндірістік базасынан өндірістік тәжірибеден өтеді.
Ал «Дариянның суы бал...» атты бөлімінде Дариян ауылындағы құтыдағы ауыз су және алкогольсіз сусындар өндірісі өзек болған. Зеленов ауданының Дариян ауылындағы «Горбунов И.С.» жеке кәсіпкерлігі 2009 жылы құрылып, қосалқы бөлшектерді өткізу бағытында жұмыстанды. 2014 жылы кәсіпкер Сергей Горбунов кәсіпкерлігінің бағытын өзгертіп, алкогольсіз сусындар өндіретін шағын зауыт сатып алған. Пресс-тур барысында БАҚ өкілдері жаңа кәсіпорында болып, оның жұмысымен танысты.
Бұған дейін екінші деңгейдегі банктің бірінен «Бизнестің жол картасы - 2020» бағдарламасы шеңберінде несие рәсімдеп, оның пайыздық мөлшерлемесін субсидиялауға қол жеткізген болатын. Кәсіпкердің сатып алған құрал-жабдығы - ресейлік және қытайлық өндірісшілердікі. 2015 жылы зауыт өндірістік үрдістерді бастап, өнім өткізу нарығын игеруге белсене кірісті. Қазіргі уақытта кәсіпорын өз өнімдерін облыстың сауда орындарына өткізеді. Сонымен қатар ол өнім жеткізу жөнінде мекеме-ұйымдармен келісімшарттар жасауға дайын.
Бүгінде кәсіпорын «Вода Дарьинская» сауда белгісімен газдалған және газдалмаған ауыз суды 0,5, 1, 1,5, 5 және 19 литрлік құтыларда және квас, тәтті газдалған сусындардың бірнеше түрін (шай, лимонад, ситро, тархун және өзгелері) шығаруда. Зауыт ауысымына 5 мың жарты литрлік құтыдағы сусындарды өндіруге қауқарлы.
-Кәсіпорынның жеке ұңғымасы бар. Батысқазақстандықтар дарияндық судың ерекше дәмі мен сапасы барын жақсы біледі. Су механикалық тазалаудан өтеді. Сүзгілердің, белсендірілген көмірдің көмегімен зиянды қоспалардан тазалаймыз. Осылайша суды «жанды» қалпында сақтаймыз. Оның құрамында өңір тұрғындарына тапшы болып отырған йод, табиғаттың аса қажетті элементтерінің бірі - магний өзгеріссіз қалады. Айтқандай, магний адам ағзасына күйзеліске қарсы тұруға көмектеседі. Су сапасы жыл сайын Алматыдағы гидрогеология институтында сынақтан өткізіліп тұрады. Техшарттар бойынша жұмыс істейтін кейбір компанияларға қарағанда біздің кәсіпорын суды құтыларға мемлекеттік стандартқа сәйкес құяды, - деді аталмыш кәсіпкерліктің директоры Сергей Горбунов.
Кәсіпкердің айтуынша, сусындарды дайындау барысында қолданылатын барлық қоспалар табиғи шикізаттар негізінде әзірленген. Қоспалар, сыйымдылық, жапсырма қағаз Ресейден сатып алынуда.
-«Бизнестің жол картасы - 2020» сықылды мемлекеттік бағдарламалар - кәсіпкерлерге үлкен демеу. Субсидиялау есебінен үнемделген қаржыны айналымға салуға, шикізат сатып алуға, өндірісті жаңғыртуға жұмсауға болады, - дейді Сергей Горбунов. Кәсіпорында 11 адам жұмыс істейді. Барлық жұмысшылар - жергілікті тұрғындар. Кәсіпкер пластикалық құты дайындайтын (петформа) құрал-жабдық сатып алған. Енді өндіріс көлемін ұлғайтуға болатынын айтады. Сонымен қатар алдағы жылы жылыжай салып, онда жыл бойына көкөніс өсіргісі келеді.
«Жеделтоп жұмысы талқыланды» (Айша Өтебәлі) атты көлемді хабарда облыстық кәсіпкерлер палатасында кәсіпкерлер құқығын қорғау бойынша кезекті кеңес отырысы өткені жеткізілген.
Жиынды жүргізген облыстық кәсіпкерлер палатасының кәсіпкерлер құқығын қорғау бойынша кеңес төрағасы Қайдар Қапанов жиналғандарды ең алдымен күн тәртібімен, содан соң кеңес құрамының жаңа мүшелерімен таныстырса, содан кейін бірінші кезекте прокуратура органдары жанынан құрылған кәсіпкерлер құқығын қорғау бойынша жедел топ қызметкерлерінің 2015 және ағымдағы жылы атқарған жұмыстары талқыланды.
-Прокуратура жанынан құрылған жеделтоптың міндеті - кәсіпкерлік нысандарынан түскен арыз-шағым бойынша тез әрекет жасау, олардың құқықтарының бұзылмауына және жұмыстарының қалыпты жүруіне мүмкіндігінше көмектесу. Осы мақсатта өткен жылы жеделтоп өкілдері 45 шағымды қарап, оның 10-ын растады. Мысалы, қалалық прокуратура жанындағы жеделтоп қызметкерлері «Уральскстройинвест» ЖШС-на қатысты заңсыз салық тексерісіне тосқауыл қойды. Сондай-ақ кәсіпкерлік нысандарын табиғи монополия субъектілері жүйесіне уақытында қоспаған «ҚазТрансГазАймақ» АҚ тарапынан жасалған заңбұзушылық та анықталып, нәтижесінде бұл мәселе оң шешімін тапты. Ағымдағы жылы жеделтоп қызметкерлері кәсіпкерлерге өкілет-ті тұлғалар тарапынан жасалған 15 құқықбұзушылық жағдаятын қарап, оның жетеуін орынды деп тапты. Мысалы, жеделтоп қыз-меткерлерінің шұғыл әрекет жасауының нәтижесінде жеке кәсіпкер Нығметов әкімшілік жауапкершілікке заңсыз тартылудан аман қалды. Сондай-ақ Жәнібек ауданының бір кәсіпкері жеделтоп өкілдерінің жедел жұмыстануының нәтижесінде аудандық мемлекеттік кірістер басқармасының қызметкерлері салған 16,6 млн. теңге айыппұлдың орнына бар болғаны 29 730 теңге айыппұл төлеген. Бұл кәсіпкер үшін үлкен көмек болды. Сол секілді «Жайна» ЖШС-на жер телімін жалға беру мерзімін ұзартудан бас тартқан Теректі ауданы әкімінің орынбасары Л. Уәлиев пен аудандық жер қатынастары бөлімінің жетекшісі Т. Нұрғалиев тәртіптік жауапкершілікке тартылды. Прокуратура қызметкерлерінің тыңғылықты жұмысының нәтижесінде аталған серіктестік жерді жалдау мерзімін 10 жылға ұзартып алды, - деген облыстық прокуратураның басқарма басшысы Жаннұр Ахметбек ветеринария саласында орын алған заңбұзушылыққа да тоқталып өтті. Оның айтуынша, өткен жылдан бастап күні бүгінге дейін Зеленов ауданының 69 мал өсірушісі ауру малдарын жойғаны үшін төленуге тиісті өтемақыларын әлі күнге дейін толық ала алмай отыр. Өтемақының жалпы көлемі 16 млн. 817 мың 589 теңгені құрайды. Осы жағдайға байланысты прокуратура қызметкерлері тиісті жұмыстарды жүргізуде.
Жиында облыстық кәсіпкерлік палатасының бөлім басшысы Мағрипа Нығышева кәсіпкерлер құқығын қорғайтын кеңесші органдардың жұмысы жайында баяндады. Ол өңірлік үйлестіру кеңесі мен облыс әкімдігі жанындағы «Жұмыспен қамту 2020 жол картасы» мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыру бойынша комиссиялардың жұмысын ерекше атап өтті. Бөлім басшысының сөзінше, аталған комиссиялардың 20 отырысында 138 мәселе қаралып, бірқатар мәселелер тиісті шешімін тапты. Ол сондай-ақ палата қызметкерлерінің жер, сәулет және құрылыс, индустриалды-инновациялық даму, грант бөлу ісіне қатысты тағы да бірқатар комиссиялардың құрамында болуы кәсіпкерліктің дамуы үшін үлкен маңызға ие екенін айтты.
«Қоғамдық қор қаржысы мақсатсыз жұмсалған...» (Серік Иқсанғали) атты материалда ҚР Мемлекеттік қызмет істері министрлігінің облыстағы Әдеп жөніндегі кеңесінің кезекті отырысында жекелеген мемлекеттік қызметкерлердің ісі қаралғаны тілге тиек етілген. Басқосуды облыстық мемлекеттік қызмет істері департаментінің басшысы, әдеп жөніндегі кеңестің төрағасы Мирболат Нұртазин ашып, жүргізген.
Алғашқы мәселе «ҚР Мемлекеттік қызмет істері министрлігінің БҚО-дағы Әдеп жөніндегі кеңестің 14.06.2016 жылғы отырысында қабылданған шешімдердің орындалуы туралы» кеңес хатшылығының меңгерушісі Жақсат Мұратовтың хабарламасы тыңдалып, мақұлданды.
Келесі мәселе «БҚО-дағы Әдеп жөніндегі кеңестің 2016 жылғы 1 сәуірдегі шешімі бойынша ҚР-ның «Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі туралы» заңының 50-бабының 1-тармағы 8-тармақшасында көрсетілген мем-
лекеттік қызметке кір келтіріп, тәртіптік теріс қылық жасағаны үшін 2016 жылғы 16 сәуірдегі Сырым ауданы әкімінің №57 өкімімен Сырым аудандық сәулет, қала құрылысы және құрылыс бөлімінің басшысы Д. Жанклишевке «қызметіне толық сәйкес еместігі туралы ескерту» түрінде берілген
тәртіптік жазаны мерзімінен бұрын алуға келісім сұрау туралы Сырым ауданы әкімінің 2016 жылғы 24 маусымдағы №07-19/871 шығыс хатын қарау» жөніндегі департаменттің басқарма басшысы Думан Ермановтың хабарламасы тыңдалды. Комиссия мүшелерінің бірауыздан қабылдаған шешімі бойынша Д. Жанклишевтің тәртіптік жазасы алынып тасталынды.
Үшінші мәселе бойынша облыстық прокуратураның бірінші басқармасының прокуроры Серік Орынғалиев Жаңақала ауданындағы бір топ мемлекеттік қызметкердің әдепке сай емес қылықтары туралы хабарлама жасады. Ол - әу-бастағы жарғысына сай мәдени және өзге шараларға жұмсалуға бағытталған «Қамыссамар» қоғамдық қоры қаржысының мақсатсыз жұмсалғандығы. Қордың ісіне аудан әкімінің орынбасары Д. Закарин, кәсіпкерлік бөлімнің басшысы Е. Меңдіхан, мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру, спорт бөлімінің басшысы Б. Қарағойшин заңсыз араласқан. Мәселені жіті талқылаған комиссия мүшелері Жаңақала аудандық прокурорының ұсынысы бойынша жоғарыда аталған лауазымды тұлғаларға ҚР «Мемлекеттік қызмет туралы» заңының 50-бабының 1-тармағының 1-тармақшасында көзделген, мемлекеттік қызметке кір келтірген
тәртіптік теріс қылық жасауға жол бергені үшін қызметтеріне толық сәйкес еместігі жөніндегі ескерту беру туралы шешім қабылдады. Отырыс соңында сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Ұлттық бюросының БҚО бойынша департаментінің Бөрлі аймағы ауданаралық басқармасының ұсынысы негізінде Бөрлі аудандық экономика және қаржы бөлімінің басшысы Г. Шамғоноваға, Успенов ауылдық округінің әкімі Г. Зайнуллинге, Приуральный ауылдық округінің әкімі Т. Райымқұловқа, Қарағанды ауылдық округінің әкімі Д. Ақмәмбетовке, Ақсай қаласының әкімі Ж. Ермұқановқа, Бөрлі ауылдық округінің әкімі В. Баштовенкоға, Березов ауылдық округінің әкімі Ж. Хайруллинге қатысты тәртіптік іс қаралды. Олар атқарылмаған қызмет бойынша жа-сақталған актіге қол қойған. Соған орай істің мән-жайын анықтаған кеңес мүшелері Г. Шамғоновадан басқасына қызметіне сәйкес еместігі туралы ескерту тәртіптік жазасын берді. Ал Г. Шамғонованың ісі келесіге қалдырылды. Жаза алғандар туралы шешім Бөрлі ауданының әкіміне ұсыныс ретінде жолданылады.
«Клара, саған кемпір болуға әлі ерте...» (Айша Өтебәлі) атты мақалаға өңірде басшылық қызметтер атқарған зейнеткер Клара Бақтығалиқызының өмір жолы өзек болған.
-Мен өзімді бақытты жанмын деп есептеймін. Өйткені мен бұл өмірде нені арман етсем, соның бәріне қол жеткіздім, - деп бастады бізбен әңгімесін кешегі белсенді комсомол, бүгінде әжелер ауылына дендеп енген Клара әжеміз.
-Мен бүгінгідей жетістікке, отбасылық бақытқа тек адал еңбек пен төзімділіктің арқасында ғана жеттім. Әкем Бақтығали Уәлиев өмір бойы партия қызметінде болды. Ол кісі басшылық қызметте болғандықтан, қызмет бабына қарай жиі қоныс аударып тұрдық және үйге қонақ көп келетін. Бұл менің мінезімнің ашық болуына, белсенді болуыма мықты ықпал етті. Қазталов ауданында дүниеге келгеніммен, менің балалық шағым Жаңақала ауданында өтті. 1954 жылы осы ауданның орта мектебін бітіріп, Алматыдағы зооветеринарлық институтқа оқуға түстім. Оны бітірген соң Фурма-
нов аудандық комсомол комитетінің хатшылығы қызметінде болдым. Кейінірек Алматыдағы зооветеринарлық институттың аспирантурасында білімімді жалғастырдым. Сол кездері «престижный» саналған ВЛКСМ Орталық комитетінің мектебінде, Орталық комитеттің жоғары партия мектебінде де оқыдым. Қысқасы, бүкіл саналы ғұмырымды комсомол, партия қызметіне арнадым. Ол кездегі комсомол, партия қызметкерлерінің беделі қандай еді! - деген Клара Бақтығалиқызы барған сайын алыстап бара жатқан жастық шағын сағына еске алды.
-1962 жылы мен Орал облыстық комсомол комитетінің бірінші хатшысы қызметінде едім. Сол жылы Мәскеудегі Сиездер сарайында өтетін 14-сиезге облыстан жеті делегатты бастап алып бару маған жүктелді. Сиез жұмысы аяқталған соң ұйымдастырушылар қонақтарға Мәскеу қаласын аралатып, Кеңес Одағының белгілі тұлғаларымен кездестірді. Ол кезде жеті қат көкке тұңғыш рет сапар шегіп, адамзаттан ғарышқа алғаш жол салған Юрий Гагариннің атағы жер жарып тұрған болатын. Сиез қатысушыларына сондай атақты кісілермен кездесу бақыты бұйырды. Бір топ жалынды жас Гагаринмен кездесіп, оның қолынан автограф алдық, ғарышкермен біргесуретке түстік. Айтпақшы, 14-сиезге Қазақстаннан барған делегаттар арасында Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев та болды. Ол кезде Нұрсұлтан Әбішұлының қандай қызметте болғаны есімде жоқ, әйтеуір, оның да белсенді комсомол, партия қызметкері ретінде сол сиезге қатысқаны анық, - деген Клара Бақтығалиқызы маған тұңғыш ғарышкермен және болашақ Мемлекет басшысымен бірге түскен суретін көрсетті.
-Бұл - менің Нұрсұлтан Назарбаевпен екінші рет кездесуім. Ол кісімен бұдан бұрын БЛКЖО Орталық комитетінің мектебінде, Орталық комитеттің жоғары партия мектебінде оқығанда кездескенмін. Сол кездің өзінде Нұрсұлтан Әбішұлының көшбасшылық қабілеті көзге ұрып тұратын, сөзге шешен еді. Бұдан кейін Елбасымен тура 53 жылдан кейін, Оралға іссапармен келгенінде кездестім, - дейді Клара апа әңгімесін одан әрі жалғастырып.
-Елбасының алдында «Ару аналар» ансамблі өнер көрсетті. Сонда Нұрсұлтан Әбішұлы мені бірден танып, «Клара, саған кемпір болуға әлі ерте» деді. Үстімде камзол, басымда кимешек болған соң, оған кәдімгі кинодағы кемпірлер секілді көрінген болуым керек. Қапелімде аузыма сөз түспей, күле беріппін. Бір кездегі белсенді, қолды-аяққа тұрмайтын комсомол қызды Нұрсұлтан Әбішұлы «кемпірлікке» қимады-ау деймін, шамасы, - дейді күліп Клара Бақтығалиқызы.
Клара апа өзінің ұлттық киім киіп, қазақы салт-дәстүрді насихаттауға бет бұрғанын өмірлік жан жары болған Дабыл Саржановпен тығыз байланыстырады.
-Мен Маңғыстау облысының келінімін. Партия қызметкерінің орысшалау тәрбиеленген қызына қазақы дәстүрді қатаң ұстанатын отбасына келін болу оңайға түскен жоқ. Оның үстіне енем өте қатал кісі болды, осы күні сол қаталдығы үшін оған риза боламын. Өйткені сол кісінің нұсқауымен, тіпті әмірімен деп те айтуға болады, мен қазақтың салт-дәстүрінің барлығын, оның ішінде келіннің міндеті бар, тамақты қалай пісіру, артық азық-түлікті сақтау, туған-туыспен қарым-қатынас жасау, алыс-беріс мәселесі, бәрін-бәрін үйрендім. Біздің үйдегі отағасының да мінезі ауыр болды. Үйдің тазалығын, қонақ қарсылауды, олармен қалай сөйлесу керек, бәрін-бәрін назарында ұстап, маған қатаң талап қойып отыратын. Өзім комсомол қызметінде болғандықтан, мен, әрине, ешкімнен сөз сұрамаймын, бірақ ол маған жұртпен «комсомолша» емес, кәдімгі адамдарша қарым-қатынас жасауды талап ететін. Өзім 27 жасқа келіп, тұрмыс құ-
рып едім. Әкемнің үйінде жүргенде оқу, жұмыс, карьера деп көп нәрсеге назар аудармаппын. Сөйтсем, отбасын құрып, бала-шағалы болу, біреудің жұбайы, келіні болу дегеннің өзі де үлкен бір өнер екен ғой. Өз дегенін жасайтын, өр мінезді күйеуім қандай қатал болса да, мен оны шын жүрегіммен жақсы көрдім, содан да шығар, оның айтқанын бұлжытпай орындап, жақсы келін болуға тырыстым. Күйеу баласын менің әкем де жақсы көріп, құрмет тұтты. Дабыл екеуміз үйге кіріп келгенде, «Менің «Айқай Адайым» келіп қапты ғой» деп бірінші Дабылды құшақтайтын. Екеуі бір-бірін қатты сыйлап өтті. Меніңше, нағыз ер-азамат менің Дабылымдай болуы керек. Өз әке-шешемнен оқуды, елге қызмет етуді үйренсем, қайын жұртым маған тума-туыс, ағайынмен қалай қарым-қатынас жасауды, бала тәрбиесін үйретті. Екі жақтың қамқорлығының арқасында осы күнге жеттім, - дейді Клара Бақтығалиқызы.
«Жаратылысынан қуатты жан жасы сексенге келсе де, сол баяғы комсомол күніндегідей халыққа қызмет етуін әлі күнге дейін жалғастыруда. Ол жетекшілік ететін «Ару аналар» ансамблі бүгінде облыс көлеміндегі барлық шараларға қатысып, халық шығармашылығын белсенді насихаттауда. Достықты пен ынтымақтастықты, татулықты насихаттап жүрген Клара бастаған әжелер тобының жұмысы өзгелерге үлгі болғандай-ақ», деген сөздермен мақала тартымды.
«Ұлы дала ұрпағына үлгі болар іс көп» (Тілес Жазықбай) атты мақалада ел тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай орнықты ойлар келтірілген.
Мақала «Биыл тәуелсіздігімізге 25 жыл. Осы уақыт ішінде Қазақстан өзін әлемге дербес мемлекет ретінде танытып, экономикасы мен әлеуметтік әлеуеті бәсекеге барынша қабілетті елдердің көшіне енді. Оған Елбасы көп еңбек сіңіргені аян», деп басталған.
Мемлекет басшысы Қазақстанды «Ұлы дала еліне» айналдыруда
көп тер төгіп жүр. «Ұлы дала елі» дегенді елдің намысын ту ету, қазақтың тарихына табындыру, табиғатына тамсандыру деп білемін. Яғни ұлан-ғайыр даланың ұлылығы аңқыған, жер киесін ұстанған халқымыздың әлемдік көкжиекті көксеген көрегендігінен туған ой, көкірегінен шыққан көрікті сөз.
Міне, осындай ұлы мақсаттар іске аса бастағанда елімізді көре алмаушылар іштен де, сырттан да шығуда. Өткен жылдардағы Жаңаөзендегі, Атыраудағы, күні кеше Ақтөбедегі оқиғалар - соның айғағы. Өзекті өртейтіні, жазықсыз адамдар қазаға ұшырады. Құқық қорғау орындары террористерді
ұстады. Оларға қарсы жедел шаралар әлі жалғасуда. Енді жас ұрпаққа бұл бағытта тиісті тәрбие беру шараларын қолға алуымыз керек.
Мұндай шаралардың қазірдің өзінде ауыл-аймақта жүзеге асып жатқанын көріп риза болдық. Мәселен, Ақтөбе оқиғасынан кейін аудан орталығы Чапаевқа іргелес Жайық ауылындағы негізгі мектепке барған едім. Ойым мектеп жанындағы «Батыр» жазғы демалыс лагерінің жайымен, тәрбие жұмыстарымен танысу болатын. Мектеп директоры Мерует Ерментаева жазғы демалыстағы оқушылардың ортасына алып барды. Онда «Жаужүрек
мың бала» атты тәрбие сағатына қатыстық. Режиссер Ақан Сатаев түсірген осы көркем фильм, XVIII ғасырдың бірінші жартысында қазақ халқының жоңғар шапқыншылығына қарсы бірігіп, күрескен қиын-қыстау шақтары туралы тәрбиеші Жанар Қанатқызы әсерлі баяндап берді. Шара барысында осындағы басты кейіпкер Сартай батырдың ерлік істері, көзсіз батырлығы, тапқырлығы жан-жақты әңгіме болды. Оның достарының да жаужүректігі, талай тап келген қиындықтарда бірігіп жол тапқандары, ақылдасып жаудан айласын асырғандықтары көрнекілікпен баяндалды. Тәрбие сағатының қорытындысында мектеп басшысы Мерует Сатқанқызы сол Сартай жасағының ерліктерін үлгі ете отырып, Ақтөбедегі оқиғаларға тоқталды. Фильмдегі Сартай, Таймас, Зере сияқты батыл жүректі жандардың ерлік істерін, Ақтөбедегі террористердің қолынан ерлікпен қаза тапқандардың, соның ішінде жерлесіміз Берікжан Қалиевтың Отанға адалдығын үлгі етті. Сөйтіп, «Бүгінгі күннің батырлары» айдары бойынша қосымша әңгіме өрбіді. «Ерлікті кім жасау керек? Ерлік қалай туады? Тәуелсіз елдің бүгінгі батыр ұрпағы кім?»
деген сұрақтарға жиналғандар өз ойларын айтты. Сондай-ақ елімізде қаскөйлік, теріс пиғылды жандар, діни экстремизммен ауызданғандардың істеген айуандық істері және мұндай жат қылықтан сақтану, оған
қарсы күресу бүгінгі ұрпақтың басты борышы екені әңгімеленді. Осындай қиын шақта Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың халыққа қолдау көрсетуі, жанұяларға түскен қиыншылықты бөлісуі де үлкен адамгершіліктің, ағалық қамқорлықтың жарқын мысалы еді. Президент тапсырмасына орай облыс әкімі Алтай Көлгінов Берікжан Қалиевтың жанұясына үш бөлмелі үйдің кілтін табыстады. Осылайша ерлікті көрдік, ерліктің бағаланғанын көрдік. Бұл - Отанды сүюдің, оны құрмет тұтудың үлгісі.
Жеткіншек ұрпақты тәрбиелеуде мемлекеттік рәміздердің де орны бөлек. Қай-қай ел де ерекше Елтаңба, жігерлі Әнұран, тұғырлы Туымен айбатты болары ақиқат. Жас ұрпақ осы үш құндылықты биік бағалағаны дұрыс. Лагерь жұмысымен танысу барысында «Мемлекеттік рәміздер - Тәуелсіздіктің белгісі» атты айдарлы шараның да куәсі болдық. Мұнда да мемлекеттің айрықша белгілерін құрметтеу бағытында төрде тұрған Ту, Елтаңба, Әнұран жөнінде жан-жақты түсінік берілді. Олардың авторларының фотосуреттері көрсетілді, Әнұран шырқалды. Әнұранды айтқанда оң қолды жүрек тұсына қоюда да мән бар. Ол «жүрегім еліммен бірге» дегенді білдіреді.
Демек, «еліммен мәңгі біргемін» деген асқақтық әрдайым санаңда болғаны ләзім.
Тәуелсіздігіміздің алғашқы жылдары осы рәміздердің үлгісіне конкурс жарияланғаны белгілі. Түр-түсін, көлемін, кескін-бедерін айқындай отырып, әр таңбаның ұлттық салт-санамен үйлесім табуына ден қойды. Қазақ даласының тарихы, салт-дәстүрі, ұлттық таным-түсінігі, жері, табиғаты, бәрі-бәрі осы үш құндылықтың көтерер жүгі тарихта қалар үлкен әріппен жазылған ғасырлық міндеті еді. Бұл сында да Мемлекет басшысы үлкен көрегендік танытты. Баршамыздың ойымыздан шыққан ұлттық бояуымыздың қанық келбетін көрсетер елдік белгілер осылайша өмірімізге енді, ұлттық рухымызға айналды.
«Жоғарыда айтып өткен іргелі істер Ұлы даланың ұрпақтарына Отанды сүюді, тәуелсіздігімізді баянды етер істерге ұйытқы болуды үйретері анық», делінген мақала соңында.
«Экономика мен әлеуметтік мәселелерге баса мән беріледі» (Сәкен Әбілхалықов) атты мақалада облыстық қоғамдық кеңестің кеңейтілген отырысында облыс әкімі Алтай Көлгіновтің өңірдің әлеуметтік-экономикалық даму бағытында биылғы жартыжылдықта атқарылған жұмыстардың қорытындысы және 2020 жылға дейінгі облыс дамуының негізгі бағыттары жөнінде есеп бергені арқау болған.
Қазақстанның «батыс қақпасы» саналатын аймағымыздың республикадағы орны ерекше. Қазіргі кезеңдегі әлемдік өзгерістерді ескеріп, облыс дамуының басым бағыттарын анықтау қажет. Яғни өңірдің инвестицияларға қолайлы, аймақаралық әріптестікке ыңғайлы дамуының негізгі салаларына көңіл бөлінеді.
-Мемлекет басшысы индустриаландыру бағдарламасының 2016 жылғы I жартыжылдықтағы жүзеге асырылу қорытындыларына арналған кеңесте «Біздің қызметіміздің басты мақсаты - халықты лайықты табыс деңгейімен қамтамасыз ете алатын жемісті түрдегі жұмыспен қамту ісі» деп айрықша атап өтті. Бұл мақсатқа біз жаңа сапалы жұмыс орындарын ашу, қолайлы еңбекке жағдай жасау, әрбір жұмысшының қауіпсіздігін қамтамасыз ету және әлеуметтік қолдау арқылы жете аламыз.
Алдын ала мәлімет бойынша биылғы жартыжылдықтағы өндірістік өнімнің көлемі өткен жылғы тиісті кезеңнен 5,6 пайызға төмен болып, 534 млрд. теңгені құрады. Көрсеткіштің төмендеуіне жаһандық экономикалық жағдай әсер етті, яғни табиғи газ өндіру 13,4, газ конденсаты 13,6, мұнай 2,4 пайызға төмендеді. Ал өңдеу өнеркәсібінде 13,2 пайызға өсім бар. Ол мұнай, металлургия, химия, құрылыс материалдары мен машина жасау салаларындағы өндіріс көлемінің артуына байланысты. Аудандар арасында өсім көрсеткішін облыс орталығы (70%), Бөрлі, Зеленов және Теректі аудандары (26%) қамтамасыз етуде. Негізгі капиталға 126,1 млрд. теңге инвестиция тартылды, бұл өткен жылдың салыстырмалы кезеңінен 38,6%-ға көп. Шағын және орта бизнестің де қосып отырған үлесі зор. Мұнда қазір 105 мыңнан астам адамды жұмыспен қамтып отырған 46 мың субъект тіркелген. Жұмыссыздық деңгейі 5 пайызды құрап отыр. Мемлекеттік және салалық бағдарламалар аясында 2 мыңнан астам жұмыс орны ашылып, 3 мыңнан артық жан жұмысқа тұрды. Үдемелі индустриалды-инновациялық даму, «Бизнестің жол картасы - 2020», «Жұмыспен қамту - 2020», «Нұрлы жол» сынды мемлекеттік бағдарламалардың жүзеге асуы өңірдің дамуына үлкен демеу болуда. Мәселен, бір ғана индустриаландыру картасы аясында облыста жалпы сомасы 330 млрд. теңгені құрайтын, 2300 жұмыс орнын ашуды көздейтін 42 жоба іске асуда. «Жұмыспен қамту 2020 жол картасы» шеңберінде тұрғындар 920 млн. теңге көлемінде шағын несие алды, - деді Алтай Сейдірұлы.
Одан кейін облыс басшысы бүгінгі жағдайға талдау жасай отырып, өңірдің алдағы даму барысына кеңінен тоқталды. Әкімнің сөзіне қарағанда, қазіргідей мұнай бағасы төмендеген уақытта экономиканың өсім қалыптастыратын жаңа жолдар іздеу керек. Соған орай облыстың әлеуетін ескере отырып, экономиканың түрлі саласының даму, өңірдің бәсекеге қабілеттілігін арттыру үшін мұнай химиясы саласындағы машина жасау, агроөнеркәсіп кешені, кеме индустриясы, шағын және орта бизнес, көлік-логистика салаларына басымдық берілетін болады. Бұған облыстың географиялық жағынан қолайлы орналасуы да оң ықпал етпек.
Машина жасау саласының дамуына облыс аумағында Қарашығанақ, Шынар (Чинарев) кеніштерінің орналасуы, Батыс Қазақстан машина жасау компаниясы, «Зенит» зауыты, «КазАрмапром», «Оралагрореммаш», «Орал трасформатор зауыты», «Гидроприбор», «Орал механикалық зауыты» сынды өндіріс орындарының жұмыс істеуі толық мүмкіндік береді. Осы жерде айта кету керек, өңіріміз Атырау, Маңғыстау облыстарымен бірге Ұлттық деңгейдегі мұнай кластеріне кіруі де оң ықпалын тигізбек.
Келесі басым бағыттың бірі - экспортқа бағытталған агроөндірістік кешен. Батыс Қазақстан облысы - агроиндустриалды өңір. Аталған сала бойынша сапалы өнімдер шығаруға барлық мүмкіндігіміз бар. Қазір біз, өкінішке орай, ауыл шаруашылығы өнімдерінің көп бөлігін импорттап келеміз. Оның көлемі бүгінде 40%-ды құрайды. Сондықтан бірінші кезекте алдымызда тұрған міндет - импорттың орнын алмастыру. Өңірімізде ет және ет өнімдері, сүт өнімдері, жеміс-жидек, көкөністерді өңдеудің түрлі
мүмкіндіктері бар. Екінші кезеңінде өнімдерді экспорттауға бағытталу қажет. Бұл жерде кластер құрудағы бағыттар бойынша өнімнің шығынын барынша азайту жағын ойластыру керек. Биыл көктемгі егіс жұмыстары уақтылы жүргізілді. Ауыл шаруашылығы мақсатында пайдаланылған жердің көлемі ағымдағы жылы 464 мың гектарды құрады. Соңғы кездегі ауа райы мен климаттық жағдай егістік жұмыстарына кері әсерін тигізіп отыр. Әрине, біз климатты өзгерте алмаспыз, бірақ қандай ауа райы болмасын, оған бейімделе білуіміз керек. Алдымен егін шаруашылығындағы басым бағыттарды айқындап алу, содан кейін біртіндеп ылғалдандыру технологияларын, астықтың жаңа сорттарын пайдалануды, тамшылатып суаруды ендіре отырып, климатымызға бейімделуіміз қажет. Сонымен қатар бізге тиісті инфрақұрылымды дамытып, жерді суландыру жүйесін құру қажет. Сол себепті алдағы уақытта егістікті әртараптандыру, яғни күздік бидай мен майлы дәнді-дақылдардың үлесін көбейту жұмыстары жалғасады. Мал шаруашылығының қажеттілігі үшін жем-шөп өнімдерінің көлемі де ұлғаятын болады. Егін шаруашылығындағы алқаптардың көлемін алдағы уақытта 617 мың гектарға дейін ұлғайтуды көздеп отырмыз. Халықты қысқы мерзімде көкөніспен қамтамасыз етуде аса маңызды жылыжайлар мен көкөніс сақтайтын қоймалар салу бойынша жобаларды іске асыру жалғасады, - деген облыс басшысы құрылыс индустриясы, шағын және орта кәсіпкерлік, көлік-логистикалық жүйе салаларын және облыс орталығын дамыту, инвестиция мен халықаралық байланысты жетілдіру бағытындағы іс-шараларға да тоқталды.
Алдағы уақытта экономикалық ахуалды оңалтумен қатар әлеуметтік мәселелерге де жете мән берілетін болады. Соның бірі - білім беру саласы. Қазіргі уақытта әкімдік мектептердің заманауи интерактивті құрал-жабдықпен қамтылуына баса назар аударып отыр. «BilimMediaGroup» компаниясымен бірлесіп ағымдағы жылдың 1 қыркүйегінде өңірдегі 100 мектептің электронды оқу жүйесі енуіне мүмкіндік туғызылмақ. Аталмыш жүйеге қосылатын мектептер саны жыл өткен сайын көбейе бермекші. Бұл жүйе заман талабы әрі оның пайдасы көп. Мәселен, мектептерде лабораториялық жұмыстар жүргізу үшін арнайы класс керек, кейде қаражатқа байланысты білім ұяларында ол бола бермейді. Ал сандық электронды лабораторияның мүмкіндігі бөлек әрі қолжетімді. Ол баланың ғылыми ұғымдар мен құбылыстарды түсінуіне көмектеседі. Бір сөзбен айтқанда, интерактивті сабақтар баланың жаңа талапқа сай білім алуына көмектеседі. Ендігі мәселе мұғалімде, яғни бүгінгі күннің баласының, нақтылап айтқанда, «сандық дәуірдің перзентінің» сұраныстарына сай мұғалім болу керек. Қазір «ҚПО б.в.» компаниясының әлеуметтік инвестициясы аясында Бөрлі ауданында балабақша, Орал қаласында жастар мен оқушылар сарайы, Ақсай қаласы мен Аралтал ауылдарында үйлер, Ақсайда дене шынықтыру-сауықтыру кешені салынуда. Орал қаласында көпбейінді аурухананың құрылысы аяқталды. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес 1500 жұмыс орнын ашу мақсатында «Жұмыспен қамту 2020 жол картасы» бағдарламасы аясында қосымша 2 млрд. теңгеден астам қаржы бөлінуде. Биылғы екінші жартыжылдықта 177 нысан жаңармақшы. Сонымен бірге 76 әлеуметтік нысанды жөндеп, абаттандыру көзделуде, оның 38-і - білім, 19-ы - мәдениет, 11-і - әлеуметтік қамту, 8-і - спорт нысаны.
«Баяндамамда алдағы уақыттағы облыс дамуының негізгі бағыттарын атап өттім. Әрине, уақыт өте келе бағдарларымыздың жүзеге асыру тәсілдерін және механизмдерін жетілдіріп отырамыз. Атқарылатын бұл жұмыстар мемлекеттік органдардың, коммуналдық ұйымдардың, әр түрлі деңгейдегі депутаттардың, қоғамдық кеңес мүшелерінің және облысымызға жаны ашитын барша азаматтың ортақ еңбегі арқылы жүзеге асады. Сол себепті бәріміз бірігіп, алдағы мақсат-міндеттерді ойдағыдай орындаймыз деп сенемін», - деген сөзін қорытындылаған Алтай Көлгінов.
Газеттің 9 шілде күнгі нөмірінің 1-бетінде «72 отбасы баспаналы болды» (Айым Сүндет) деген ақпарат суретімен, жақсы берілген. Астана күніне орай«Әлеуметтік жалға берілетін тұрғын үй» жобасы аясында Орал қаласының тұрғындарына Зашаған кентінен 72 пәтердің кілті табыс етілді. Салтанатты шараға облыс әкімі Алтай Көлгінов және осы ғимаратты салған «СКФ Отделстрой» ЖШС директоры Валентина Михно қатысты.
Облыс әкімі құттықтау сөзінде бұл маңызды оқиғаның Астана күнімен және Ораза айтымен сәйкес келгендігін атап, ізгі ниетін білдірді.
-Елбасымыз халықты тұрғын үймен қамту мақсатындағы талапты күшейтті. «Нұрлы жол» бағдарламасы біздің облысымызда да қарқынды жүзеге асып жатыр. Бұл орайда жыл соңына дейін аталмыш бағдарлама аясында 14 көпқабатты үй, яғни 1500-ден астам пәтер қолданысқа берілмек. Олардың басым көпшілігі әлеуметтік жағдайына байланысты кезекте тұрған отбасыларға ұсынылады. Қалған бөлігі «Тұрғын үй жинақ банкі» салымшыларына беріледі. Соның ішінде бір тоғыз қабатты үй Ақсай қаласының тұрғындарына арнап салынуда, - деді Алтай Сейдірұлы.
«Әлеуметтік жалға берілетін тұрғын үй» салу жобасы «Нұрлы жол» және «Өңірлерді дамыту - 2020» бағдарламалары шеңберінде жүзеге асырылып келеді. Орал шаһарында бұл бағыттағы жұмыстардың жүруіне қала әкімдігі белсене атсалысуда.
-Бағдарлама отбасымыз үшін қолжетімді болды. Екі бөлмелі пәтеріміз 63 шаршы метрді құрайды. Оның толық бағасы 6 млн. 300 мың теңгеге шықты. Бұл қаржының 50 пайызын үш жыл алты ай дегенде жинадық. Осыған дейін пәтер жалдап тұратынбыз. Ұлымыз Еркеш төрт, ал қызымыз Әлима үш жаста. Өзім Орал магистралды газ құбырлар басқармасына қарасты «Интергаз Орталық Азия»АҚ-да инженер болып қызмет етемін. Келіншегім - Жәңгір хан атындағы БҚАТУ-дың политехникалық факультетінде энергетика кафедрасының аға оқытушысы, - дейді жаңа пәтерге ие болған Гайдар Серіков.
Соңғы жылдары елімізде «Мерейлі отбасы» ұлттық байқауы ұйымдастырылып келе жатқаны аян. «Биғалиевтер отбасы Астанаға барады» (Гүлжамал Кенжеғалиева) атты материалдан белгілі болғанындай, облыстық қазақ драма театрында "Мерейлі отбасы - 2016" ұлттық байқауы өңірлік кезеңінің жеңімпаз-жүлдегерлері салтанатты түрде марапатталған.
Отбасындағы өнегелі құндылықтарды насихаттау арқылы жанұя мәртебесін арттырып, үлгілі отбасыларды халыққа таныстыруды мақсат еткен байқауға аудан-ауыл мен қаладан бірнеше отбасы қатысып, бақ сынады. Салтанатты кешке облыс әкімі Алтай Көлгінов арнайы келді. «Біз үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсететін елміз. «Отан отбасынан басталады» демекші, отбасылық құндылықтарды нығайту мақсатында өткен байқауға алыс-жақыннан келіп, әр түрлі марапат иесі атанып жатқан отбасыларды шын жүректен құттықтаймын. Елбасымыздың алға қойған негізгі мақсаттарының бірі - елдің әл-ауқатын жақсарту. Әр отбасы мемлекеттің қолдауын сезінуі керек. Осы мақсатта елордамыз Астана күні қарсаңында Бөрлі ауданында балабақша ашып, 140 отбасын қуантсақ, облыс орталығында 9 қабатты 72 пәтерлі үйдің кілтін табыстап, 72 отбасыға тағы қуаныш сыйладық. Қоғамдағы отбасының мән-маңызы жоғары. Сондықтан отбасылық құндылықтарымыз нығая берсін!» - деп сөзін сабақтаған облыс басшысы мерейі үстем болған отбасыларды құттықтап, барша жанұяға шынайы бақыт тіледі.
Орал қаласы және аудандарда іріктеу айналымдарынан өткен үлгілі отбасылар «Еліне еңбегі сіңген отбасы», «Ұлттық дәстүрді ардақтаған отбасы», «Шеберлік сырын ұққан отбасы» сықылды түрлі аталымдармен марапатталды. «Көп балалы отбасы» аталымымен марапатталған сырымдық Италиевтер отбасында бес қыз, үш ұл, олардан тараған 17 немере, төрт шөбере бар. Дәл осындай марапатқа ие болған сырымдық Қыдырғалиевтер жанұясында төрт қыз, екі ұл, олардан тараған 42 немере мен бір шөбере өсіп келеді.
Отбасы құндылығын дәріптеген байқауға қатысқан жанұялардың осалы жоқ. Әрқайсысы ұл-қыз өсіріп, отбасы бірлігі мен ынтымағын сақтай отырып, қоғамға да өз үлесін қосып жүрген жандар. Сахнаға үрім-бұтағымен көтеріліп, сыйқұрметке ие болған отбасылар жанұя жарасымын паш етті. Әсіресе, кішкентай сәбилерін көтеріп шыққан аналар көрермен ықыласына бөленді. Отбасылық құндылықтарды дәріптеген байқау қорытындысында үшінші орынды қаратөбелік Қауеновтер отбасы, екінші орынды Орал қаласынан Жұбаниязовтар отбасы иеленді.
Ал «Мерейлі отбасы - 2016» ұлттық байқауынан бірінші орын Қазталов ауданынан қатысқан Биғалиевтер отбасына бұйырды. Байқаудың жеңімпаз отбасыларын арнайы құттықтаған облыс әкімі Алтай Көлгінов Биғалиевтер отбасына отандық шипажайға жолдаманы табыс етті.
Биғалиевтер отбасы - өнер мен кәсіпкерлікті ұштастырып жүрген жанұя. Отағасы Марат пен отанасы Нұржамал үш ұл, үш қыз өсірген. Өнегелі отбасы өнермен қоса, шаруа қожалығын бірге алып келеді. Биғалиевтер отбасы - облысымыздағы отбасылық ансамбльдердің бірі. 1986 жылы құрылған ансамбль 2016 жылы халықтық ансамбль деген атқа ие болды. Сүттей ұйыған татулық пен адал еңбектің арқасында алға өрлеп келе жатқан отбасы мұқтаж жандарға қолұшын беріп, қайырымдылықпен айналысады.
Байқаудың жеңімпазы атанған Биғалиевтер отбасы қыркүйек айында елордамыз Астана қаласында өтетін «Мерейлі отбасы -2016» байқауының гранд-финалында өңір атынан сынға түспек.
Елімізде өтіп жататын республикалық және халықаралық ақындар айтысына батысқазақстандықтар да ұдайы қатысып, жүлде алып жатады. Бұл жолы «Жайық Пресс» ЖШС Сырым аудандық «Сырым елі» газетінің тілшісі Бауыржан Ширмединұлы елордамыз Астанада өткен «Жүйелі сөз» атты ақындар айтысының бас жүлдесін иеленіп, үлкен олжамен оралды. Бұл туралы «Бас жүлде Бауыржанда!» (Гүлжамал Жолдығали) атты көлемді ақпаратта баян етілген.
Ел тәуелсіздігінің 25 жылдық мерейтойы мен Астана күніне арналған «Мыңжылдықтар тоғысындағы Астана» көшпенділер өркениеті фестивалі аясында ұйымдастырылған айтысқа 16 ақын қатысқан.
Айтыстың бірінші күні Бауыржан Ширмединұлы ақтөбелік Марат Ахметовпен, финалда астаналық Аяулым Жұмабекқызымен сөз сайыстырып, басым түседі. Жүрсін Ерман бастаған қазылар алқасы тағы бір айналым жасап, Бауыржанды ақтөбелік Ершат Қайболдинмен айтыстырады. Үш айналымда да қарсыластарынан оза шапқан Бауыржан ең жоғары ұпай жинап, айтыстың бас жүлдесін алып, 1 миллион теңгенің сертификатына ие болды. Өзін қаумалап күтіп алған жұртшылыққа ризашылығын білдірген жас ақын бірнеше рет талпынып, қол жеткізген жеңісінің оңайлықпен келмегенін айтады.
-Жыл сайын тұрақты түрде өтетін айтысты бұл жолы «Ел» продюсерлік орталығы ұйымдастырды. Бұл бір менің ғана жетістігім емес. Айтысқа жоғары деңгейде дайындалуыма үлес қосып, бағыт-бағдар берген, айтыстың әліппесін үйреткен айтыскер ақын Бауыржан Халиоллаға айтар алғысым шексіз. Айтыс додасында көптеген әлеуметтік мәселелер көтерілді. Мен де өз кезегімде ауылдың, елдің жағдайын, көпшілікті алаң көңіл қылған жер мәселесін тілге тиек еттім. Сондай-ақ тілеуімді тілеп, шығарып салып, қаумалап күтіп алып жатқан әріптестерім - «Жайық Пресс» медиахолдингінің ұжымы мен Сырым елінің жұртшылығына ризашылығымды білдіремін, - дейді жас ақын.
«Жеңімпаз жас ақын, әріптесіміз, "Сырым елі" газетінің тілшісі Бауыржан Ширмединұлын құттықтау легі «Жайық Пресс» медиа-холдингінің баспасөз залында жалғасты. Іргелі ұжым алдында айтыстың аламан бәйгесіне қосылған жас ақынның әр қадамына тек сәттілік тілеген «Жайық Пресс» ЖШС-ның бас директоры Жантас Сафуллин Бауыржанға белгілі ақын-жазушыларымыздың кітаптарымен қоса, ақшалай сыйақы табыс етті. Сырым ауданы әкімінің орынбасары Асыланбек Сарқұлов, «Сырым елі» газетінің редакторы Махмет Қажиахметов жас ақынға «Өнер жолында толағай табыстарға жетіп, тіл-көзден аман болсын!» деген ақжарма тілектерін жолдады. Ақ тілектер ақтарылған әдемі отырыс соңында өнер жанашырлары айтыс додасында бас жүлде алған жас ақынмен естелік суретке түсті», делінген хабар соңында.
Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығы және Астана күні мерекесі аясында Еуропа мен Азияны жалғап жатқан еліміздің батыс қақпасы саналатын Орал қаласында «Қарашығанақ Петролиум Оперейтинг б.в» компаниясы бас кеңсесі ашылды. Бұл туралы «ҚПО» жаңа кеңсеге көшті» (Нұрбек Оразаев)деген хабардан оқуға болады.
Ғимаратты пайдалануға беру рәсіміне облыс әкімі Алтай Көлгінов қатысып, компания қызметкерлерін құттықтаған.
-Күні кеше ғана осы ғимараттың тозығы жетіп, қала көшесінің сәнін бұзып тұрған болатын. Мінекей, инвесторларды тартудың нәтижесінде қаламыз тағы бір әсем ғимаратпен толықты. Бұл бас кеңсе аймақтың әлеуметтік экономикалық даму жолында жергілікті басқару органдарымен тығыз қарым-қатынас орната отырып, ел игілігі үшін дұрыс әрі нәтижелі шешімдер қабылдауға мүмкіндік беретін болады, - деді облыс әкімі Алтай Көлгінов.
Компанияның төрт қабаттан тұратын жаңа ғимаратының жалпы аумағы 3800 шаршы метрді құрайды. Әр бөлме заманауи құрал-жабдықтармен толықтай қамтылған.
-Өздеріңізге белгілі, осыданаз уақыт бұрын «ҚПО»-ның бас кеңсесін Оралға көшіру туралы шешім қабылданған болатын. Ондағы мақсат - облыс әкімдігімен екі ортадағы қарым-қатынасты одан әрі нығайтып, компаниямыздың экономикалық, әлеуметтік жағдайларға қатысты кейбір мәселелердің уақтылы шешілуіне де септігін тигізері сөзсіз. Бұл жерде кен орындарына тікелей қатысы жоқ қызметкерлеріміздің сапалы қызмет атқаруына барлық жағдай жасалған. Ал кен орындарында жұмыс жасайтын қызметкерлер Ақсай қаласында қалып, жұмыстарын жалғастыра береді, - деді «ҚПО» компаниясының бас директоры Ренато Мароли.
Салтанатты шараға қатысушылар лента қию рәсімінен соң жөндеуден өткен ғимаратты аралап көрген.
Аймақаралық ынтымақтастықты дамыту жөніндегі Елбасы тапсырмасына сәйкес өңірлерде түрлі шаралар мен кездесулер жиі ұйымдастырылуда. Бұл жолы Оралға Павлодар облысының делегациясы келді. «Ел әлеуетін еселейтін әріптестік» (Гүлбаршын Әжігереева) деген материалда Оралдағы «ҚПО б.в.»компаниясының бас кеңсесінде Павлодар және Батыс Қазақстан облыстарының арасындағы аймақаралық кооперация аясында әріптестік бойынша кеңес өткені айтылған.
Жиынды ашқан облыс әкімі Алтай Көлгінов Павлодар облысының әкімі Болат Бақауов бастаған делегация мүшелеріне «Ақ Жайық өңіріне қош келдіңіздер!» дей келе, басқосудың мақсаты қос өңірдің арасындағы қарым-қатынасты нығайту екенін атап көрсетті.
-Елбасының берген тапсырмасына сәйкес өңірлер арасындағы қарым-қатынасты дамытуға мүмкіндіктер мол. Өңірімізде ең ірі кен орындарының бірі Қарашығанақ мұнайгаз конденсатты кен орны орналасқан. Кен орнында ірі трансұлттық шетелдік компаниялар инвестор ретінде жұмыс жасап, еліміздің және өңіріміздің экономикасының дамуына қомақты үлес қосуда. Мұның өзі Қазақстандағы инвестициялық ахуалдың сәйкесінше жоғары деңгейде екенін көрсетеді. Елбасы да өңірлердің инвестициялық тартымдылығын мейлінше арттыру, өңіраралық кооперацияны нығайту міндеттерін қойып отыр. Жаңа ашылған ғимаратта басқосуымыз бекер емес, өйткені делегация құрамында бізге инвесторлар келіп отыр. Осындай кездесулер үшін ол да оң септігін тигізеді. Батыс Қазақстан облысы - аграрлық, индустриалдық өңір. Көптеген өндірістік кәсіпорындар бар. Ауыл шаруашылығы саласын дамытуға мүмкіндіктер бар. Бүгінгі кездесу екі өңірдің арасында жақсы қарым-қатынасты дамытып, әрі қарай нығайтуға септігін тигізеді деген сенімдеміз, - деді Алтай Көлгінов.
Одан кейін сөз алған Павлодар облысының әкімі Болат Бақауов екі өңірдің арасындағы қарым-қатынасты нығайту бағытындағы іс-шаралардың ұйымдастырылғанына ризашылығын білдірді. «Бизнес делегация құрамында облыстағы кәсіпорын-ұйымдардың басшылары, ірі кәсіпкерлік өкілдері келіп отыр. Олар металлургия, машина жасау, құрылыс индустриясы, ауыл шаруашылығы салаларында тығыз байланыс орнатуға дайын. Алдағы уақытта іскерлік байланыс орнатып, нәтижелі жұмыстар жасаймыз», - деді Болат Бақауов. Оның айтуынша, өңіраралық әріптестіктің астары отандық тауарларды сатып алуда, отандық кәсіпкерліктің қызмет көрсетуіне жүгінуде. Тапсырыстарды орналастыру кәсіпорындардың табысын еселейді. Мұның өзі кәсіпорынды сауықтырып қана қоймайды, сонымен бірге күллі еліміздің, өңірлердің экономикасын өрге сүйрейді. Соңғы жылдары индустриаландыру бағдарламасы шеңберінде Павлодар облысында машина жасау, металлургия, химия, агроөнеркәсіп салаларында 80-ге жуық жаңа өндіріс орны құрылған. Павлодарлық өндірісшілердің батысқазақстандық мұнайгаз кәсіпорындарымен әріптестік байланыс тәжірибелері бар. «KSP Steel» - Қазақстандағы мұнайгаз саласы-на жіксіз (бесшовный), болат құ-бырлар шығаратын тұңғыш кәсіпорын. Бұл компания Ресейдегі және еліміздегі мұнайгаз компанияларын өз өнімдерімен қамтуда. «Біздің өнеркәсіптік әлеуетіміздің ауқымы әлдеқайда кең әрі сан түрлі», - деп түйіндеді сөзін Болат Жұмабекұлы.
Қос өңірдің арасындағы әріптестікті дамытуды көздеген жиынға Павлодар өңіріндегі болат құбырлар, болат дайындамалар, кабельдік-өткізгіштік өнімдер, жылу сақтайтын материалдар, энергетикалық жабдықтарды жөндейтін кәсіпорындардың, ауыл шаруашылығы саласынан қағаз, май өңдейтін, астық өндіретін, раушан гүлін өсіретін және өзге де компаниялардың өкілдері қатысты. Сондықтан екіжақты әріптестікті дамытудың өндірістік нұсқалары аз емес. Өңірде пайдалы металл қазбасы мен көмірдің 39, жалпы кең таралған пайдалы қазбалардың 104 кен орны бар. Ресурстық әлеуетті толық пайдалану мақсатында «Павлодар» арнайы экономикалық аймағы құрылып, жұмыс істеуде. Батыс Қазақстан облысы сияқты бұл өңір де Ресеймен шектеседі. Облыс аумағынан Сібір нарығына шығатын теміржол көліктік дәлізі (Оңтүстік Сібір және Орталық Сібір теміржол магистралі) қалыптасқан. Жалпы өңір басшысының айтуынша, Павлодар облысы Қазақстанның дамыған индустриялық өңірлерінің бірі болып табылады. Дамыған халықаралық және аймақаралық байланыстар, дамыған өндірістік базалар, табиғи ресурстар, көліктік-логистикалық инфрақұрылымның болуы Павлодар облысының инвестициялық тартымдылығын күшейткендей.
Басқосуда павлодарлық тараптан «Казэнергокабель» АҚ-ның бас директоры Олег Крук, «KSP Steel» ЖШС-ның директоры Эдуард Креймер өздері басшылық жасайтын кәсіпорындардың тыныс-тірлігімен таныстырды. Голландтық технологиямен күніне 25 мың дана раушан гүлін өсіріп, еліміздің біздің өңірден өзгесін түгел дерлік қамтып отырған «Green Нouse KZ» жылыжай кешенінің директоры Айтмағанбет Сәрсенбекұлы бір құшақ гүлін әкеліп, Алтай Сейдірұлына ұсынып, өз өніміне жақсы жарнама жасады.
«Машзавод» машина жасау компанияларының консорциумының операторы «Зениттехсервис» ЖШС директоры Көшербай Айғожаұлы оралдық машина жасаушылардың әлеуетімен таныстырып, әріптестерін «ҚПО» нарығына кіру үшін консорциумға мүшелікке шақырды. Сондай-ақ кездесуде «ҚПО»-ның өндірістік қызметі, жобаларды кеңейту келешегі, жергілікті үлесті дамыту шараларын іске асыру мақсатында Павлодар облысының өндірістік кәсіпорындарының «ҚПО»-ның сатып алулар үрдісіне қатысу мүмкіндігі сөз болды. «ҚПО б.в.» компаниясының бас директоры Ренато Мароли өткен жылы Павлодар облысында болып, бірқатар кәсіпорындардың өндірістік әлеуетімен танысқанын, өндірілетін труба, кабель және химия өнімдерін көріп-білгенін айтып өтті. Бас директордың айтуынша, бүгінде «ҚПО»-ның деректер базасында 3800-ден астам қазақстандық кәсіпорын тіркелген. 1997 жылы Өнімді бөлу туралы түпкілікті келісімге (ОСРП) қол қойылғаннан бергі уақыт ішінде «ҚПО»-ға отандық компаниялармен жеткізілген тауарлардың, көрсетілген қызметтердің жалпы құны 5,5 млрд. АҚШ долларынан асты.
Аймақаралық кооперация шеңберінде өткен кеңестің соңында Павлодар және Батыс Қазақстан облыстарының әкімдіктері арасында экономиканың түрлі салаларында өзара әріптестік туралы меморандумға өңір басшылары Болат Бақауов, Алтай Көлгінов қол қойды.
-Батыс Қазақстан облысында Қарашығанақ жобасын кеңейту жоспарланған. Кәсіпорындарымыздың ішінен «KSP Steel» компаниясының әлеуеті күшті. Оның өнімдері Ресейге, еліміздің барлық өңірлеріне шығарылады. Сондықтан компанияның өнімдері кен орнын кеңейту жобасына қатысатын болады. «Казэнергокабель» компаниясының кабель өнімдері Ресейге, ел нарығына шығарылады. Соныман қатар құрылыс материалдары да нарықта сұранысқа ие. Өңір кәсіпорындарының өнімдері қазақстандық үлесті арттыруға үлестерін қосса дейміз, - деді Павлодар облысының әкімі Болат Бақауов журналистерге берген сұхбатында.
Облыс әкімі Алтай Көлгіновтің айтуынша, облысымыз бұған дейін Алматы, Маңғыстау, Атырау, Солтүстік Қазақстан облыстарымен әріптестік жөнінде келісім жасаған. «Павлодар облысының делегациясымен кездесудің пайдалы жағы көп. «Зениттехсервис» консорциумы «KSP Steel», «Казэнергокабель» зауыттарымен әріптестік орнатуға ынталы. Ауыл шаруашылығы саласындағы бірқатар кәсіпорындар өзара байланыс орнатуға ықыласты. Мұндай кездесулер өзара әріптестікті нығайтуға жол ашады», - деді облыс басшысы Алтай Көлгінов.
Жиыннан кейін өңірге келген павлодарлық меймандар Оралдағы «Орал трансформатор зауыты», «Орал сауда-өнеркәсіп компаниясы», «Стекло сервис» ЖШС-лардың өндірістік нысандарында болып, осы мекеме-кәсіпорындардың жұмыстарымен танысқан.
Облыстық газет дін мәселелерін де үнемі назарда ұстайды. Бұл жолы ҚМДБ-ның Маңғыстау облысы бойынша өкіл имамы Смайыл Сейтбековтың «...Адасудан сақтағай» атты көлемді мақаласы осы көкейкесті тақырыпқа арналған.
«Әлемдердің Раббысы Аллаға сансыз мадақтар мен мақтаулар және Пайғамбарына (с.ғ.с.) салауаттар, оның отбасы мен сахабаларына сәлемдер болғай.
Қазіргі кезде еліміздің барлық аумақтарына тарап, танымал болып қалған «таблиғ жамағаты» деп аталатын топтардың болмысы, олардың ұстанымдарының дұрыс немесе бұрыс екендігі жайлы сұрақтар көп түсуде. Бұл сұрақтарға жауап айтуды бастаудан бұрын түрлі ақпарат құралдарында осы жамағат туралы жарияланған мәліметтермен танысатын болсақ, олардың кейбірінде: «Таблиғ жамағаты» - ислам дінінің өркендеуіне өзіндік үлесін қосып, дін үшін көптеген жақсылықтар жасап жүрген жамағат. Көптеген адамдар олардың септігімен дінге бет бұрып, Ислам дінін қабылдады» деп алғыс айтса, сопылармен жұлдыздары теріс кейбір ағымдардың серкелері: «Таблиғ жамағатының» ұстанымы сопылардың ұстанымына жақын. Сондықтан олар адасқан бидғатшы, тіпті шірк жасайтын азғындаған топ, оларға мүлде жақындауға болмайды» деп даттайды.
Дегенмен осы қарсылас пікір айтқан жақтардың әрқайсысының дәлел ретінде алға тартқан уәждерін қарастырып көргенімізде, олардың уәждері Құран мен сүннәға емес, өздерінің қалаулары мен жеке көзқарастарына негізделген екендігінің куәсі боламыз. Бірақ пенденің қалауы мен оның жеке көзқарастары үнемі де Құран мен сүннәнің талаптарына сай келе бермейді. Сондықтан біз бұл сұрақтардың жауабын Құран мен сүннәға негіздеп қарастыруымыз қажет. Сондықтан алдымен «Таблиғ жамағаты» деген сөз қайдан шықты, Құран мен сүннәға негізделген бе, жоқ па, оған «таблиғшылардың» өздері қандай дәлелдер келтіреді?» деген мәселеден бастаймыз.
Сөйтіп: «Таблиғ» сөзінің мағынасы жеткізу, хабарландыру, ескерту деген мағыналарды аңғартады. «Таблиғ жамағаты» өздерінің осылайша аталуының себебін «Сахих Әл-Бұхари» кітабындағы Абдулла ибн Омар (р.а.) келтірген хадистегі Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.):
«Менен бір аят болса да (адамдарға) жеткізіңдер!» деген сөзімен байланыстырады. Сөйтіп, «Хадисте Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «жеткізіңдер», яғни «таблиғ жасаңдар» деп әмір еткен. Ендеше, Аллаға шақырушы әрбір адам «мүбәллиғ» - «жеткізуші» болып табылады. Міне, осыдан біздің жамағатымыз «таблиғ жамағаты», яғни «аяттарды жеткізушілердің жамағаты» деп аталады. Бұл атаудың негізі Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) сөздерінде бар болғандықтан, бидағат болып саналмайды» деп тұжырымдап уәж айтады. Үстірт қараған адамға «таблиғшылардың» бұл уәждері орынды сияқты көрінеді, бірақ зерделеп қарағанға оның шикі тұстары бар екендігі мәлім болады.
Хазіреті Абдулла ибн Омардың (р.а.) келтірген хадисі «ұмуми» (жалпылама мағына беруші) хадистердің санатына жатады. Яғни хадистегі Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.): «жеткізіңдер» деген сөзі жалпылама айтылып, «жеткізу» қажет екендігін аңғартқанымен, «жалғыз өзі жеткізуі керек пе, әлде жамағат болып па», «қандай тәсілмен жеткізу», «қашан жеткізу», «кімдерге жеткізу» қажет екендігі дәлдеп, таратып айтылмаған. Сондай-ақ хадисте «аяттарды жеткізуші жамағаттың болуы қажет екендігі» туралы ешқандай нұсқау да, тіпті оған сілтеу болатын мағына да келмеген. Сондықтан бұл хадис «Таблиғ жамағаты» сияқты жамағаттың болуына шарғи тұрғыдан дәлел бола алмайды. Ал шарғи дәлел болмаған жерде осындай жамағаттың болуы қажет деп тұжырымдау шариғат тұрғысынан бидғатқа жол ашу болып табылады.
Хадистегі аса бір мән беретін мәселе, Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) сахабаға: «Саған мұсылмандардың жамағаты мен олардың имамы лазым (яғни мұсылмандар жамағатын іздеп тауып, олардың имамына ілесуің қажет)!» деп нұсқау берді. Міне, осы үкімге сай шеттен келген адам жергілікті жамағатқа қосылып, оның имамы ұстанған жолын ұстануы уәжіп. Сондықтан шеттен келген адам жергілікті имамның ұстанған жолына қайшылық жасауы дұрыс емес. Егер қайшылық жасаса, бүлік шығарған болып табылады. Бұл қағида «Таблиғ жамағатының» өкілдеріне де қатысты. Егер бұл қағидаға бойсұнбаса, онда олар Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) нұсқауларына бойсұнбаған болып табылады.
Шариғат үкімдеріне бойсұнудың және жамағаттың ұстанған жолын ұстанудың уәжіп екендігін мына бір хадис те дәлелдейді, онда Абдуллах ибн Омар (р.а.): «Мен Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.): «Кімде-кім Алла Тағаланың тағатынан қолын тартса (Құран мен сүннәнің үкімдеріне бойсұнбаса), онда ақирет күні оның үшін ақталатын ешқандай құжаты болмайды және кімде-кім жамағатқа қарсылық жасап жүріп өмірден өтсе, әлбетте ол адам жахилият өлімімен дүниеден өтеді» дегенін есіттім» деген1.
Міне, осы келтірілген хадистерде жергілікті жамағат «Сәуадүл ағзам» жамағаты болып табылатындығы, сондықтан оның имамының ұстанған жолын ұстану баршаға бірдей уәжіп болатындығы, оған қайшылық жасаупендені жахилиятқа ұшырататындығы туралы Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) анық нұсқаулар берген. Соған қарамай өздерін білгіш санайтын кейбіреулер жамағаттың немесе жамағат имамының кейбір істеген амалдарын ұнатпай (сүннәға сай емес деп), өз бетімен (жамағаттың немесе жамағат имамының істегенінен басқаша) жол ұстанғылары, сөйтіп, өз ұстанымдарын басқаларға да тыққыштағылары келеді. Сол мақсатта олар мешіт имамдарымен пікірталасқа түседі немесе өздеріне жұрттың назарын аудару үшін, көрсете тұрып қасақана жамағаттың амалдарына қайшы келетін амалдар жасайды.
«Таблиғ жамағаты» да осындай топтардың қатарына жатады. Олар имамдардың қарсылық жасағандарына қарамай өздері дағуатқа барған елді мекендердегі мешіттерге адамдар жинайды, соданмешіттің имамына емес, өздеріне құлақ астыруға тырысады. Сөйтіп, мешіт жамағатымен немесе олардың имамдарымен пікірталасқа түсіп, кейде текетіреске салынып жатады. Барған елді мекендерінде аралап жүріп дағуат жасайды, олар мұндай дағуаттарын «баян» немесе «хұтба» деп атайды. «Баян» кезінде адамдарды дағуат тыңдауға жинап, оларды бірнеше топқа бөліп, оның әрбіріне жетекші тағайындалады.
Сөйтіп, оларға Фатиха сүресі мен бірнеше қысқа сүрелер үйретіледі. Осылайша, бірнеше күн өткеннен кейін, сол адамдарды өздерімен бірге «дағуатқа» шығуға міндеттейді. Бұған олар: «Сапарға шығып дағуат жасау, дағуатшының санасын тәрбиелейді. Сендер енді дағуатшысыңдар, адамдарға ненің халал, ненің харам екендігін
түсіндіріп берушісіңдер, адамдардың Исламға келуіне жауаптысыңдар» деп үгіт жүргізеді. Содан әрбір адам өзінің шамасына қарай олармен бірге бір күн, яки үш күн, жылына 40 күн, өмірінде төрт ай дағуатқа шығуы қажет болады. «Таблиғшылар» мұндай дағуатқа шығуды «хуруж» дейді. Олар өздерінің ойдан шығарған бұл бидғат істерін құптау үшін «Әлі Имран» сүресінің 110-аятындағы: «Сендер адамдар үшін (яғни адамдардың арасынан қанша үмбет) шығарылған (болса, сол) үмбеттің ең жақсысы болдыңдар. (Өйткені) сендер Аллаға иман келтіріп, игілікке әмір етесіңдер және мүнкәр істерден тыясыңдар» деген үкімді алға тартып: Міне, аятта «Сендер (адамдарды тура жолға шақыру үшін) әмр мағруф жасайсыңдар, (оларды) мүнкәр (тыйым салынған) істерден бөгейсіңдер» делінген. Сондықтан біздер дағуатқа шығып адамдарды тура жолға шақыру үшін әмр мағруф жасаймыз және оларды мүнкәр істерден бөгейміз деп уәж айтпақ болады. Бірақ бұл аят олардың бидғаттарын ақтауға дәлел болмайды. Өйткені аятта дәл «таблиғшылар» сияқты бөлек жамағат құру туралы да немесе бір күн, яки үш күн, жылына 40 күн, өмірінде төрт ай дағуатқа шығу қажеттілігі жайлы да ешқандай нұсқау берілмеген. Сондай-ақ дінге дағуат ету, оны елге өз деңгейінде түсіндіре білу кез келген адамның қолынан келе беретін шаруа емес, оған қажетті деңгейде діни сауат керек. Бұл туралы аяттарда да, хадистерде де нақты нұсқаулар келген.
Бұған қоса олар барған мешіттерін жатақхана ретінде пайдаланып, ішінде ішіп-жеп, бірнеше күн жатып алатындары да бар. Әрине, мешіттерде бірнеше күн жатып алғаннан соң, онда өздерінің кір-қоңын жуып, сосын оларды кептіру үшін жайып қойып мешіттердің сыйқын кетіреді.
Егер біреу олардың мұндай істерінің дұрыс немесе бұрыс екендігі жайлы сұраса, олар: «Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) дәуірінде сахабалар күндіз де, түнде де мешітте жатып, тіршілік жасай беретін, сондықтан біздің бұл тіршілігіміз сүннетке қайшы емес» деп жауап айтады.
Бұл мәселенің ақиқатын білмейтін адамдар олардың айтқан уәжіне қарсы пікір айта алмайды. Содан олар өз білгендерін істеп жүре береді. Негізінде, олардың мұндай әрекеттері шариғатқа сай емес, мұны «таблиғшылардың» өздері де біле бермейді.
Ал, негізінде, сахабалардың күндіз де, түнде де мешітте жатып, тіршілік жасаған кездері, Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) «Хажжатүл-уадаъ», яғни «Қоштасу қажылығы» деп аталатын қажылығына дейін жалғасқан. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) аталған қажылығынан қайта оралғанынан соң: «Мешіттегі Әбу Бәкрдің (р.а.) есігінен басқа есіктердің барлығы түгел жабылсын» деп әмір еткенінен кейін, мешіттің ішіне қарай шығарылған есіктердің барлығы бітеп тасталды. Содан бастап сахабалар да, олардан басқалар да мешітте түнемейтін, күндіздері жатпайтын, тек намаз оқуға немесе Рамазан айында иғтикафта отыруға келетін болды.
Міне, куәсі болғаныңыздай, «Таблиғ жамағатының» ұстанымында көптеген қателіктер мен бұрмалаушылықтардың бар екені мәлім болды. Ендеше, осындай адасушылыққа ұшырамаудың ең тура әрі сенімді жолы - түрлі күдікті топтарға немесе жамағаттарға ілесуден аулақ болып, ең тура, ең сенімді «Сәуадүл ағзам» жамағатын ұстану. «Сәуадүл ағзам» дегеніміз - «Ең үлкен топ». Бұл жайлы «Сүнән ибн Мажә» кітабында Әнәс бин Маликтен (р.а.) риуаят етілген хадисте Пайғамбарымыз (с.ғ.с.):
«Әлбетте, менің үмбетім адасу (қателесу, салғыласу, жолдан таю сияқты істердің) үстінде жиналмайды, сондықтан егер (түрлі топтар пайда болып) ихтилафқа (қайшылықтарға) кездессеңдер, сендерге «Әс-сәуадүл-ағзам» жамағатының ұстанған жолын ұстану уәжіп болады» деген.
Бұл хадисте екі бірдей үкім бар, оның бірі - Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Менің үмбетім адасу (қателесу, салғыласу, жолдан таю сияқты істердің) үстінде жиналмайды» деген үкім. Міне, осы үкімге байланысты қазіргі мұсылман жамағатының (біз де осы қатарда) ұстанған жолы дұрыс жол болып табылады. Өйткені бұл жол Пайғамбарымыздан (с.ғ.с.) бері қарай жалғасып үзілмей, мұсылман жамағаты ұстанып келе жатқан ұлы жол. Сондықтан мұның тура жол екендігіне күмән жоқ.
Екінші үкім - Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Егер (түрлі топтар пайда болып) ихтилафқа кездессеңдер, сендерге «Сәуадүл ағзам» жамағатының ұстанған жолын ұстану уәжіп болады» деп нұсқау берді. Бұл - түрлі топтар пайда болған дәуірлерде, олардың қайсысының жолын ұстану уәжіп екендігін айқындайтын үкім. Яғни түрлі топтар мен жамағаттар пайда болып, олардың арасында ихтилафтар шыққан дәуірлерде мұсылмандарға «Сәуадүл ағзам» жамағатының ұстанған жолын ұстану уәжіп болады. «Сәуадүл ағзам» сөзінің тілдік мағынасы - басым көпшілік, басқаларға қарағанда көп санды, аса көп санды жамағат дегенді аңғартады. Ал шариғи мағынасы Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) өзінен бастау алып сахабалардың басым бөлігі ұстанған және олардан кейінгі табиғиндердің де, табиғиндерге ілескендердің де басым көпшілігі ұстанған, сөйтіп, өздерінен кейінгі келген үмбетке қолма-қол өтіп, үзіліссіз жалғасып, мұсылмандардың басым көпшілігі ұстанып келе жатқан «әхлүс сүннә уәл жамаға» деген жолды көрсетеді.
Ендеше, «әхлүс сүннә уәл жамаға» жолын ұстанатын ең көп санды жамағат «Сәуадүл ағзам» жамағаты болып табылады. Демек, мұсылмандарға қай елде өмір сүретіндіктеріне қарамай, өз елдеріндегі ең көп санды жамағаттың ұстанған жолын ұстанулары уәжіп болады.
Енді «Таблиғ жамағатының» тағы бір уәжін қарастырып көреміз. Олар өздерінің дағуатқа шығуларының қажет екендігіне «Сахих Әл-Бұхари» және «Сахих Мүслим» кітаптарында келген мына бір хадисті де дәлел ретінде алға тартып:
Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) хазреті Әлиді (р.а.) Хайбар шайқасына жібере тұрып: «Алла Тағала сенің себебіңнен бір адамды хидаят етуі (тура жолға түсіру), сенің қызыл түсті түйелерің болғанынан абзал-жақсырақ» деген. Сондықтан Алла Тағала біздің себебімізден адамдарды хидаят етуі үшін дағуатқа шығуымыз керек. Үйіңде отыра берсең, «Мені тура жолға дағуат ет» деп, ешкім сені іздеп келмейді. Сол себепті біз өзіміз дағуатқа шығамыз» деп уәж айтады.
Сырттай қарағанға олардың бұл уәжі де жөн сияқты көрінеді, бірақ үңіліп қараған адам ондағы бірқатар қисынсыздықтарды байқайды:
«Таблиғшылар» келтірген бұл хадис те, олардың жоғарыда уәжге тартқан хадис сияқты «ұмуми» (жалпылама мағына беруші) хадистердің санатына жатады. Яғни хадистегі Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.): «Алла Тағала сенің себебіңнен бір адамды хидаят етуі» деген сөзі жалпылама айтылып, яғни «сенің себебіңнен» дегенде, қандай тәсілмен себепші болуы ашып айтылмаған. Ал дағуатқа жамағат болып шығу қажет екендігі туралы хадисте мүлде сөз жоқ. Сондықтан бұл хадис те жоғарыда келтірілген хадис сияқты, «Таблиғ жамағатына» ұқсаған жамағаттың болуына және олардың дағуат қылуы үшін арнайы мезгілдер белгілеп, әр ай сайын үш күн, әр жыл сайын 40 күн және өмірінде төрт ай ел аралап дағуат етулерінің шарт болуына шарғи тұрғыдан дәлел бола алмайды. Олай болса, мұндай жамағаттың болуы және олардың дағуат қылуы үшін арнайы мезгілдер белгілеп, әр ай сайын үш күн, әр жыл сайын 40 күн және өмірінде төрт ай ел аралап дағуат жасауды шарт етулері де шариғат тұрғысынан бидғат болып саналады.
Міне, осы атап өтілген дәлелдердің өзі «таблиғ жамағатының» ұстанымы мен олардың амал-әрекеттерінде шариғатқа сай келмейтін көптеген олқылықтар бар екендігін көрсетеді. Сондықтан олардан аулақ жүру адасудан аулақ болу деп тұжырымдауға болады.
Лайым Жаратқанның өзі бізді адасудан сақтағай, әмин», делінген мақалада.
Астана күніне орай өңірде ашылған нысанның бірі - Бөрлі ауданы Бөрлі ауылындағы бөбекжай. Бұл Сәкен Әбілхалықов «Бөрліде жаңа бөбекжайда» баян еткен. 140 орындық «Ақсұңқар» бөбекжайы ашылу рәсіміне облыс әкімі Алтай Көлгінов, ҚР Парламенті Сенаты мен Мәжілісінің депутаттары Бірғаным Әйтімова, Бақтияр Мәкен қатысып, ауыл тұрғындарының осынау қуаныштарымен бөліскен.
-Осы мектепке дейінгі тәрбие орнының пайда болуымен ауылдағы балабақшаға байланысты кезек жойылды. Бұл да бір жетістік. Енді ата-аналар алаңдамай жұмыстарына барады, ал бөбектер осы жерде алғашқы білім нәрімен сусындайды, тәрбие алады. Мемлекет басшысы ең бірінші кезекте әлеуметтік мәселелерге назар аударуды талап етеді. Мұндай игілікті істің бәрі Елбасы тапсырмасына сәйкес жүзеге асуда. Осы сәтті пайдаланып, балабақша құрылысына тапсырыс берген «ҚПО б.в.» компаниясы басшылығына ризашылығымды айтқым келеді. Осы компанияның көмегінің арқасында өңірімізде әлеуметтік, инфрақұрылымдық нысандар салынып, жөнделуде. Сондай-ақ бұл ғимаратты салған мердігер компанияның ұжымына да алғысымыз шексіз, - деп бөрліліктерді құттықтаған облыс әкімі бөбекжайға көрімдік ретінде үлкен, заманауи теледидар сыйлады.
Өз кезегінде сөз алған ҚР Парламенті депутаттары да бөрліліктерді Астана күнімен, ауылда бөбекжайдың ашылуымен құттықтап, өздерінің ізгі тілектерін айтып, республикамыздағы әлеуметтік қолдау шараларына тоқталды. Ал «ҚПО б.в.» компаниясы бас директорының орынбасары Марат Кәрімов консорциум мемлекетпен бірлесіп әлеуметтік жобаларды жүзеге асыруға ниетті екенін жеткізді. «Өткен жылы облыс және Бөрлі ауданының әкімдіктері Бөрлі ауылында балабақша салу жөнінде ұсыныстарын айтқан болатын. Міне, бүгін біз бірлескен сол жоспарымыз ойдағыдай жүзеге асқанын көріп тұрмыз, - деді Марат Шайдоллаұлы. - Өнімді бөлу жөніндегі келісімге сәйкес компаниямыз 1998 жылдан бері өңірдің әлеуметтік-инфрақұрылымдық жағдайына қолдау көрсету мақсатында 300 млн. доллардан астам қаржы бөлді. Одан бөлек 2014 жылғы Үкімет қаулысына сәйкес Бөрлі ауданындағы әлеуметтік жобаларға қолдау үшін 2014-2016 жылдар аралығында 30 млн. доллар қаржы қаралды. Ашылып отырған балабақша - осы бағыттағы жобаның бірі. Батыс Қазақстан облысының әлеуметтік тұрғыдан дамуына да компаниямыз өз үлесін қосып отырғанына қуаныштымыз».
Аталмыш нысанның құрылысын жүргізген «Назтур» ЖШС-ның бас директоры Лесбай Елеусінов балабақша басшылығына символдық кілтті табыстаған соң облыс әкімі мен ардагер-ұстаз Қарлығаш Меңдібаева лента қию рәсімін жасады.
Бір жастан бастап бүлдіршіндерді қабылдайтын балабақшада алты топ жасақталған. Балалар үш тілде тәлім-тәрбие алады. Соған орай тиісті кабинеттер жабдықталған. Мұнда 12 тәрбиеші, ағылшын, орыс тілдерінің мұғалімдері, психолог, әлеуметтік педагог, музыкант, хореограф қызмет ететін болады. Штатта 44 адам бар, негізінен ауыл тұрғындары жұмысқа тартылды.
Балабақша ішін аралап көрген облыс басшысы, Парламент депутаттары және ата-аналар құрылыс сапасына, тиісті құрал-жабдықтармен қамтылуына жоғары баға берген.
Парламент депутаттары заңшығарушылық жұмыстарды атқарумен бірге өңірлерге жиі шығып, сайлаушыларымен кездесіп, олардың ұсыныс-тілектеріне құлақ қоятыны мәлім. «Депутаттар Ақсайда» (Айнагүл Сақболсынова) деген материалда ҚР Парламенті Сенатының депутаты Бірғаным Әйтімова мен Парламенті Мәжілісінің депутаты Бақтияр Мәкен іссапармен келіп, өңірді аралағаны айтылған.
Жұмыс барысында депутаттар облыстың бірқатар аудандарында болып, жергілікті жерлердегі мемлекеттік бағдарламалар мен әлеуметтік жобалардың жүзеге асырылу жағдайымен танысты. Депутаттар Бөрлі ауданындағы «Ақсұңқар» балабақшасының ашылу салтанатына және Ақсай қаласындағы күрделі жөндеуден өткен Жамбыл көшесінің қайта берілуіне арналған шараларға қатысты. Сондай-ақ олар Пугачев ауылына барып, таяу күндері тұрғын үй құрылысына берілуі тиіс жер телімдеріне жүргізіліп жатқан газдандыру, жарық жүргізу және су өткізу жұмыстарымен танысты. Бұл жұмыстарды «KazConsructionCrop» ЖШС жүргізіп жатқан болатын. Бұдан басқа Бірғаным Әйтімова мен Бақтияр Мәкен аудандық қоғамдық кеңестің отырысына қатысты. Кеңес отырысында ауыл өміріне қатысты бірқатар өзекті мәселелер талқыланды. Жиында дәріханаларда сатылып жатқан дәрілер бағасының тым қымбаттығы мен үш тілді білім беруге көшуге байланысты мәселелер де көтерілді. Бірғаным Әйтімова мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың «ХХІ - ғасыр: соғыссыз әлем» атты манифесі жөнінде әңгімелеп, жиналғандарға біздің еліміздің жақында ғана Азия-Тынық мұхиты аймағынан 2017-2018 жылдарға Біріккен Ұлттар Ұйымының Қауіпсіздік кеңесінің тұрақты емес мүшесі болып сайланғаны жөнінде айтты. Сенат депутаты елімізде қабылданып жатқан жаңа заң туралы айтып, олардың маңызын ауыл тұрғындарына түсіндірді. Оның сөзінше, облыстың өткен жылғы экспорттан тапқан табысы 5,1 млрд. АҚШ долларын құраса, импорттан небәрі 0,9 млрд. АҚШ доллары түскен.
Бұдан соң сөйлеген Бақтияр Мәкен жақында елімізде «Қоғамдық кеңес туралы» заңның қабылданғанын және осы заң аясында республикамыздың түкпір-түкпірінде осындай қоғамдық кеңестердің құрылып жатқанын айтты. Оның сөзінше, қазіргі таңда елімізде 225 қоғамдық кеңес бар және олардың құрамындағы адам саны - 6 мың.
Жиын соңында жергілікті қоғам өкілдері астаналық қонақтарға түрлі сұрақтар қойды. Мысалы, аудандық аналар кеңесінің төрайымы Мариям Сиражева мен «Бастамашыл әйелдер» ұйымының жетекшісі Дариға Нұрашева үш тілді білім беру мәселесі бойынша өз пікір-ұсыныстарын айтса, облыстық мәслихат депутаты Максим Пак ауылдарда ғаламтор жоқ екенін жеткізді.
Кездесу барысында қойылған сұрақтарды қойын дәптерлеріне түртіп алған депутаттар жиында айтылған ұсыныстар мен пікірлерді жоғарыдағы тиісті орындарға жеткізетіндерін айтты. Жиынды қорытындылаған аудан әкімі Алдияр Халелов астаналық меймандарға алғысын айтып, кездесуге жиналғандарды Астана күнімен және Ораза айттың басталуымен құттықтаған.
Жәнібек ауданының орталығында Астана күніне орай «Дипломмен ауылға» бағдарламасы бойынша 10 тұрғын үй пайдалануға беріліп, оларға мұғалімдер, балабақша, денсаулық сақтау және мәдениет қызметкерлері қоныс тепті. Бұл мекенжайларды кәсіпкер Есқайыр Елемесов басқаратын «Символ» ЖШС құрылысшылары екі айдың ішінде іске қосты. Бұл туралы «Баспана, дәмхана һәм дүкен» (Нұрымбек Жапақов) деген ақпаратта сөз болған.
Аудан орталығында қызмет ететін 10 жас маманға пәтер кілтін табыс ету рәсімінде сөз алған аудан әкімі Наурызбай Қарағойшин көпшілікті Астана күнімен шын жүректен құттықтап, аудандағы жас мамандарға бұдан былай да барлық жағдайдың жасала беретінін айтып, пәтер кілтімен қоса естелік сыйлығын да тарту етті. Жаңа қонысқа ие болған жас мамандардың атынан сөз алған аудандық жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталықтың теолог маманы Азат Қаратай өздеріне көрсетіліп отырған осындай қамқорлықтары үшін Елбасына, облыс, аудан әкімдеріне шынайы ризашылығын білдірді.
Мереке күні аудан орталығында кәсіпкер Нұргүл Қошқарбаеваның «Адал» азық-түлік дүкені ашылды. Аталмыш дүкенді кәсіпкер құрылысшылар жалдап, өз қаржысына салдырған. Алдағы уақытта 2-3 адамды жұмыспен қамтымақ. Нысанның ашылу салтанатында дүкен иесі жиналғандарға «Қош келдіңіздер!» айтып, сауда орнының есігін айқара ашты. Бұдан соң жұртшылық кәсіпкер Меңсұлу Тұрғалиеваның «Бистро» дәмханасының ашылу салтанатына қатысты. Кәсіпкер «Орал» шағын несие ұйымынан 6 миллион теңге несие алып, тамақтандыру орындарын ашып отыр. Өзінің шаруа қожалығы да бар кәсіпкер барлығы 15 адамды жұмыспен қамтуда. Дәмхананың тұсаукесерін аудан әкімімен бірге қиған кәсіпкер жұртшылықты су жаңа дәмханасының қызметімен таныстырды.
«Бизнес пен биліктің тиімді әріптестігі - палатаның басты міндеті» (Айша Өтебәлі) - бұл материалға облыстық кәсіпкерлік палатасының ағымдағы жылдың алғашқы жартыжылдығында атқарған жұмыстары арқау болған.
Қазақстанның орталық коммуникациялық қызметі БҚО филиалында өткен баспасөз мәслихатына облыстық кәсіпкерлер палатасының директоры Нұрлан Қайыршин, директордың құқықтық мәселелер жөніндегі орынбасары Нұржан Мақсотов, директордың экономикалық мәселелер жөніндегі орынбасары Марат Нұрғуатов және адам капиталын дамыту бөлімінің басшысы Айгүл Әбілқайырова қатысқан.
Н.Қайыршиннің сөзіне қарағанда, палатаның басты міндеті - билік пен бизнестің тиімді әріптестігі негізінде экономиканың дамуына қолайлы жағдай жасау. Қазіргі таңда палата кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау, әкімшілік кедергілерді азайту, кәсіпкерлерге қаржылық емес қолдау көрсету, өңірлік даму картасы, адами капиталды дамыту бағыты бойынша жұмыстануда. Палатаға жер теліміне, мемлекеттік сатып алу ісіне, рұқсат алу мәселесі, салық, бәсекелестік және тариф бағасы бойынша шағымхаттар көптеп түседі.
Енді жоғарыда аталған бағыттар бойынша ағымдағы жылдың алты айында атқарылған жұмыстарға бөлек-бөлек тоқталып көрейік. Кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау бойынша биылғы алты ай ішінде 75 жазбаша шағым қаралып, соның 47-сі оңдышешілді. Бұдан басқа палата кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау бойынша төрт рет отырыс өткізіп, бизнес субъектілерінің 15 түйткілді мәселесін қарады, солардың 10-ы оң шешімін
тапты. Палата мен прокуратура органдары арасында бірігіп жұмыстану жөнінде меморандум бар. Осыған орай жеделтоп өкілдері кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау бойынша 15 рет бизнес субъектілерінің шақыртуына барып, жеті жағдаят бойынша кәсіпкерлерге көмектесті. Сөйтіп, кәсіпкерлерге қатысты құқықбұзушылықтар дер кезінде тоқтатылып, олар жеке кәсіптерін одан әрі жалғастыруға мүмкіндік алды. Сондай-ақ палата қызметкерлері 11 сот отырысына қатысып, 15 процессуалдық сот құжаттарын дайындады. Бұдан басқа облыстық кәсіпкерлер палатасы бес әкімшілік кедергіні анықтады. Оның үшеуі жергілікті, екеуі республикалық деңгейде. Палата қызметкерлерінің жүйелі жұмысының нәтижесінде жергілікті деңгейдегі 13 және республикалық деңгейдегі төрт әкімшілік кедергі жойылды. Заңнамаға өзгеріс енгізу жөніндегі екі ұсынысымыз мемлекеттік органдармен келісіліп, тағы үш ұсыныс қаралуда.
2014 жылдың 30 қазанында облыс әкімдігімен кәсіпкерлікті дамыту және қолдау бойынша ынтымақтасып, жұмыстану жөніндегі меморандумға қол қойдық. Соның арқасында бизнесті дамытуда маңызы зор бірқатар комиссияның құрамына кірдік. Алдағы уақытта жер, архитектура және құрылыс, индустриалды-инновациялық даму, грант бөлу секілді бизнестің дамуына зор ықпал ететін тағы бірқатар комиссиялардың құрамына енуді жоспарлап жүрміз. Өйткені біз осындай комиссиялардың құрамында болу арқылы жергілікті кәсіпкерлердің ұсыныс-тілектерін жоғарыға жеткізіп, өңірімізде шағын және орта бизнестің дамуына ықпал етеміз.
Ал енді кәсіпкерлерге қаржылық емес қолдау көрсету ісіне келер болсақ, жыл басынан бері бизнесті сервистік қолдау аясында 460 бизнес субъектісіне 475 қызмет көрсетілді. Кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығы арқылы 3742 адамға 3798 рет қызмет көрсетілді. «Бизнес кеңесші» курсы аясында 351 адам оқытылып, «Іскер байланыс» арқылы шағын бизнеспен айналысатын бір кәсіпкер Германияға оқуға жіберілді. Бизнесті қорғау бойынша БАҚ-та 127 материал жарияланды, - деген Нұрлан Серікұлы келесі кезекте сауда нүктелері арқылы отандық өнімдерді өткізу жұмыстарына тоқталды. Оның сөзінше, былтыр қаладағы сауда нүктелері арасында ұйымдастырылған «Жылдың ең үздік супермаркеті» атты конкурс осы бағытта ұйымдастырылған жұмыстардың тиімділігін көрсетті.
-Бұл конкурсты ұйымдастырғандағы мақсатымыз дүкен сөрелеріндегі жергілікті өнім түрлерін көбейтіп, олардың тұрғындарға қолжетімді бағамен жеткізілуін қамтамасыз ету болатын. Біз сол мақсатымызға жеттік деп ойлаймын, өйткені конкурс аясында сатылған өнім түрлері 158-ден 178-ге дейін артты. Сауда нүктелеріне тауарын ұсынатын компаниялар саны 36-дан 55-ке бір-ақ көтерілді. Тұрғындар тарапынан сұраныс көп болғандықтан, жергілікті тауарлар дүкен сөресінен әлі күнге дейін түспей келеді. Бұл жергілікті кәсіпкерлерге мықты қолдау болды. Жергілікті тұрғындар ешқандай қоспасыз, дәруменге толы жергілікті өнімдерді пайдаланып, қарық болса, кәсіпкерлер өнімдерін өткізіп, кәсіптерін одан әрі дамытуға мүмкіндік алды. Осындай тиімді шараны биыл да жалғастырып отырмыз. Ағымдағы жылдың 22 сәуірінде аталмыш конкурсты тағы ұйымдастырып, конкурсқа Ақсай қаласындағы сауда жүйелерін де қостық. Палата мемлекеттік сатып алу жұмысының ашық жүргізілуіне де өз үлесін қосып келеді. Осы мақсатта құрылған бақылау комиссиясы үш айдың ішінде құрылыс саласына қатысты ұйымдастырылған мемлекеттік сатып алу ісіне қатысты екі рет жиын өткізді.
Сондай-ақ өңірде инвестиция тарту ісі де жылдан-жылға дамып келеді. Мысалға айтар болсақ, биылғы инвестиция көлемі 22,6 млрд. теңгені құрайды, яғни былтырғы осы кезеңмен салыстырғанда инвестиция көлемі 25,5 пайызға өсті. Инвестицияның ең үлкен көлемі тау-кен өндірісіне тиесілі, бұл 97,7 млрд. теңгені құрайды. Қазіргі таңда өңірімізде жалпы сомасы 1,2 млрд. теңге болатын әлеуетті инвестициялық жобалар базасы құрылған, оның құрамында 28 әлеуетті жоба бар. Осы жобаларды жүзеге асыру үшін инвесторлар іздестірілуде. Қазіргі уақытта әлеуетті түрік инвесторларымен келіссөздер жүргізіліп, өңірімізде қазақ-түрік индустриалдық аймағы жасақталуда. Теректі ауданының Пойма стансасы маңында аумағы 300 гектарды құрайтын индустриалды аймақ ұйымдастыру үшін жер телімі дайын тұр. Бұдан басқа мемлекеттік жеке меншік серіктестігі негізінде биыл 1461,2 млн. теңгеге төрт жобаны жүзеге асыру жоспарлануда, - дейді облыстық кәсіпкерлер палатасының басшысы.
Нұрлан Қайыршин бұдан әрі адам капиталы мен туризм және ауыл шаруашылығы кешенінің дамуы жөнінде әңгімеледі. Оның сөзінше, «БЖК - 2020» бағдарламасын жүзеге асыру үшін биыл облысқа 2 млрд. 881,1 млн. теңге бөлінді. Қазіргі таңда аталған бағдарлама үш бағыт бойынша («Инфрақұрылым мен тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын дамыту негізінде тұрғындарды жұмыспен қамту», «Кәсіпкерлер ұсынысын ынталандыру» бағдарламасы және «Жұмыс берушінің сұранысына орай тұрғындарды оқыту және орын ауыстыру арқылы жұмыспен қамтуға ықпал ету») сәтті жүзеге асуда. Сондай-ақ кәсіптік білім берудің дуальды жүйесі де дамып келеді. Нұрлан Серікұлының айтуынша, бүгінгі таңда облыста дуальды оқыту бойынша 18 колледжбен, 59 кәсіпорынмен 66 үшжақты келісімшарт жасалған. Оқытудың бұл жүйесіне барлығы 1 115 оқушы тартылған. Жалпы, бүгінгі таңда палата оқу орындарымен кәсіпорындар арасында үшжақты жеті медеткерлік шарт жасасты. Оларды атап айтар болсақ, облыстық кәсіпкерлер палатасы Орал "Сервис" технологиялық колледжі" МКҚК-мен және «Евнеева» ЖК-мен, «Жайық жарығы» ЖШС-мен және политехникалық колледжбен, «Отделстрой» СКФ» ЖШС-мен және политехникалық колледжбен, «Көпжасар» ЖК-мен және Жаңақала колледжімен, «Сағынғалиев» ЖК-мен және Жаңақала колледжімен, «Әбуов» ЖК-мен және Жалпақтал колледжімен және «Шахизада» ЖК-мен және Жалпақтал колледжімен медеткерлік шарт жасалған.
Өңірімізде туризм саласы да дамып келеді. 2011-2015 жылдар аралығында 11 туристік нысан пайдалануға берілген. 2020 жылға дейін тағы үш туристік нысан құрылысын жүргізу жоспарлануда. Ал ауыл шаруашылығы бойынша ағымдағы жылдың алғашқы жартыжылдығында 44 ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативі тіркелсе, соның ішінде 43 ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативі етті бағытта, тек бір ғана кооператив картоп өнімдерін өсіруге арналған.
Жиын соңында журналистер облыстық кәсіпкерлер палатасы қызметкерлеріне сұрақтар қойып, оған тиісті жауап алған.
Өңір басшысы Ақ Жайыққа келген түрлі сала өкілдерін, құрметті меймандарды, сондай-ақ танымал мерейтой иелерін қабылдап отырады. Бұл жолы «Облыс әкімі қабылдады» деген ақпаратқа (Айымгүл Төлеуғали) облыс әкімі Алтай Көлгіновтің еңбек ардагері, облыстық, қалалық ардагерлер кеңесінің белсенді мүшесі Клара Саржанованы қабылдағаны арқау болған. Өңір басшысы ардагерді мерейлі 80 жасымен құттықтап, облыс мәдениетінің дамуына қосқан үлесі үшін алғысын білдірген.
Клара Бақтығалиқызы 1961 жылдан Орал облыстық комсомол комитетінің бірінші xатшысы қызметін атқарған. 1965 жылы Алматыдағы малдәрігерлік институтының аспирантурасын бітірген. Кейін Шыңғырлау, Камен аудандарында мамандығы бойынша еңбек еткен. 1969 жылдан республикалық деңгейдегі зейнеткерлікке шыққанға дейін СОКП Орталық комитеті жанындағы жоғарғы сырттай оқу мектебінің меңгерушісі, облыстық партия комитетінің партия және кеңес қызметкерлерінің шеберлігін жетілдіру курсының меңгерушісі болып қызмет атқарған. Зейнеткерлікке шыққаннан кейін де қоғамдық жұмыстарға белсенді араласып, көп ұлтты "Ару аналар" ансамблін ұйымдастырды.
Облыс әкімі сондай-ақ Астанада өткен республикалық айтыста бас жүлдемен оралған айтыскер ақын Бауыржан Ширмединұлын қабылдады. Алтай Көлгінов жас ақынның өнерге қосып жүрген үлесін баса айтып, жылы лебізін білдірді.
Бауыржан Ширмединұлы 1992 жылы 30 шілдеде Сырым ауданы Өлеңті ауылында дүниеге келген. Поэзия мен айтыс өнерінде 2012 жылдан бері танымал. Биыл ҚР Мемлекеттік Рәміздері күніне арналған «Менің Рәміздерім - ұлтымның мақтанышы!» атты облыстық жазба ақындар мүшәйрасында І орын алды. Бауыржан - М. Өтемісов атындағы БҚМУ университетінің 80 жылдығына арналған республикалық ақындар мүшәйрасының, Ж. Досмұхамедовтің 125 жылдығына арналған республикалық «Ардақтысы Алаштың» атты ақындар мүшәйрасының жеңімпазы. «Облыс ақыны» атағының иегері қазіргі таңда Сырым аудандық «Сырым елі» қоғамдық-саяси газетінде тілшілік қызмет атқарады. Ғ. Қараш пен Е. Бұйрин атындағы «Тілші болғым келеді...» облыстық сайысының бас жүлдегері, «Жыл үздігі - 2015» БҚО жастар премиясының дипломанты, «Үздік жас тілші», «Тәуелсіздік тірегім!» атты әлеуметтік желілердегі үздік пабликтың жеңімпазы сияқты бірқатар жетістіктері бар. Өткен жылы спорт жаңалықтарын жариялауда «Үздік журналист» атанды.
Осы жылы туристік өлкетану қызметін насихаттаудағы қызметі үшін «Үздік тілші» аталымын алды.
Өңірде басшы кадрлар ретіне қарай ауысып жатады. «Жаңа тағайындаулар» деген тақырыппен берілген ақпаратта қос бірдей мекеменің басшысы тағайындалғаны айтылған.
Атап айтқанда, Батыс Қазақстан облысының жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының бұрынғы басшысы Жанболат Ғайнешұлы Иманғалиевтың денсаулығына байланысты жұмыс орнын босату жөніндегі өтініші қабылданып, Жанат Асылханұлы Асантаев конкурстық негізде аталған облыстық басқарманың басшысы болып тағайындалды.
Жанат Асантаев 1970 жылы туған, білімі жоғары, мамандығы - инженер, екінші мамандығы - заңгер.
Ол Қазақстан Республикасы Көліктік бақылау комитетінің бас маманы, Астана қаласының Соттар әкімшілігінің аға сот орындаушысы, бөлім басшысы, Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі Нормативтік-құқықтық актілерді сараптау басқармасының бас маманы, бастығы қызметтерін атқарды. Одан әрі Жанат Асантаев Заң департаменті директорының орынбасары, Қапшағай қаласы әкімінің орынбасары, Алматы облысы әкімі аппаратының әлеуметтік сала бөлімінің басшысы, Батыс Қазақстан облысы әкімі аппаратының талдау және бақылау бөлімінің басшысы болып істеді.
2014 жылдың шілдесінен бастап ол Батыс Қазақстан облысы еңбек инспекциясы басқармасының басшысы қызметін атқарды.
Сол секілді Батыс Қазақстан облысының энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының бұрынғы басшысы Бауыржан Жанпейісұлы Талдықбаевтың басқа қызметке ауысына байланысты Ғалым Ғұбашұлы Орынғалиев конкурстық негізде аталған басқарманың басшысы болып тағайындалды.
Ғалым Ғұбашұлы 1955 жылы туған, білімі жоғары, Батыс Қазақстан ауыл шаруашылығы институтын инженер-механик мамандығы бойынша бітірген. Еңбек жолын Камен ауданының (қазіргі Тасқала) Амангелді атындағы совхозда инженер болыпбастаған. Кейін сол ауданда басқарушылық лауазымдарда болған. Аудандық арнайы мамандандырылған шаруашылық бірлестігінің бас инженері, «Шиповский» совхозы партия комитетінің хатшысы, Ульянов ауылдық округінің әкімі, аудандық коммуналдық кәсіпорындар комбинатының бастығы болып істеді. 2002-2007 жылдары Орал қаласы әкімінің орынбасары, Орал қаласының тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің бастығы болды.
2007-2012 жылдары Бөрлі ауданы әкімінің орынбасары, 2012-2016 жылдары Орал қаласы әкімінің орынбасары болып істеген.
«Орал өңірі» газетінің 12 шілде күнгі санындағы басты мақала деп облыс әкімінің Жаңақала ауданынан жасаған сапары ізінде жазылған «Атқарылған да, атқарылатын шаруа да аз емес» (Өмірзақ Ақбасов) деген материалды айтуға болады. 1-беттен басталып, 6-бетте жалғасқан мақалада айтылғанындай, мал шаруашылығын дамыту - басты бағыттардың бірі. Осы орайда өңір басшысы Алтай Көлгінов мамандармен жүздесіп, осы саланың аудандағы мән-жайымен танысу үшін, өзекті мәселелерді өз ауыздарынан естіп, одан шығудың жолдарын бірлесе талқылау мақсатымен келген.
Қызылоба ауылдық округіндегі көлтабандардың суландыру жүйесін әңгімелеген Жаңақала ауданы әкімінің орынбасары Дархан Закарин: - Аудандағы суармалы көлтабандардың жартысына жуығы осы Қызылоба ауылдық округінің аумағында. Биыл су тәуір келді дегеннің өзінде алты көлтабанның үшеуіне ғана су шықты. Су алудағы басты қиындықтар - каналдар мен су қақпаларының тозып, су ұстамауы. Онсыз да аз келген суды ысырапсыз алу мүмкін болмай тұр, - дей келе, су қақпаларын жаңартуға қаржы қажеттігін алға тартты.
-Соңғы жылдары бізге суды Жайық тасығанда ғана беріп келеді. Жайық кеш тасиды. Кеш берілген судың пайдасы аз. Бұрын Дөңгелек қоймасына ерте су толтырып, ақпан айының соңынан бастап су бере бастайтын еді. Сол жүйені қалпына келтірсе, - деді «Наурыз» шаруа қожалығының басшысы Наурыз Бекмашев.
-Қанша су қақпасын жөндеу керек, оған қанша қаржы қажет? Нақты есебін шығарып, ауданның даму жоспарына енгізіп, құжаттарын әзірлеңіздер. Бәрін бірден болмаса да, бұл мәселені шешеміз. Өйткені мал шаруашылығын дамыту мал азығының мол қорына, суға тәуелді жұмыс, - деді өңір басшысы.
Ал Н. Бекмашевтың ұсынысына облыстық су шаруашылығының басшылары Дөңгелек су қоймасына ертерек су толтыру жұмысын қалпына келтіру төртінші кезекпен жоспарға енгізілгенін мәлімдеді.
Облыс басшысы шабындықты аралап көріп, осы мүмкіндікті ұтымды пайдаланып, биылғы бітік шөпті уақтылы шауып жинап алуды, төрт түлік басын көбейтуді тапсырды.
Қызылобалықтар күні бүгінге дейін 4200 гектар жердің шөбін орып, 7,5 мың тонна мал азығын дайындаған еді. Ол - округтегі тапсырманың 33,9 пайызы. Өңір басшысы округтегі мал азығын дайындау қарқынына ризалығын білдірді.
Мұнан кейін облыс басшысы Чапаев - Жаңақала - Сайқын аутожолын жөндеп жатқандарға ат басын бұрды.
Облыс әкімдігінің қолдауымен бұл күрежолды асфальттау өткен жылы аяқталып, ел игілігін көруде еді. Десе де мерзімі келгенде жөнделіп отыратыны да белгілі жай. Биыл жолдың мерзімі келген 51-76 шақырым аралығын күрделі жөндеуге республикалық бюджеттен 1200 млн. теңге қаржы бөлініп, оны жарияланған конкурс жеңімпазы - мердігер «UNISERV» жөндеу жұмысын бастап кеткен-ді.
Облыс басшысы жолшылармен жүздесіп, жұмыс барысымен танысып, жөндеуді сапалы жүргізіп, уақтылы аяқтауды тапсырды.
Мұнан кейін өңір басшысы Алтай Көлгінов «Мадияр» жеке кәсіпкерлігінде жиналып, күтіп тұрған аудан кәсіпкерлерінің ортасынан табылды. Мұнда да облыс басшысы кәсіпкерлерге өзінің келген мақсатын әңгімелеп, кәсіпкерлікті қолдаудың аудандағы жағдайын, түйінді мәселелерін ашық айтуды өтінді.
-Кіл жастардың ортасында бір қарт неге жүр демеңіз. Мен зейнеткерлікке шыққаннан кейін 17 жылдай кәсіпкерлікпен айналыстым. Жасым келгесін ғана балама тапсырдым. Үкімет кәсіпкерлікке кең қолдау көрсетіп отыр. Оның игілігін де көріп отырмыз. Әсіресе, соңғы жылдары біздің ауданда мал басын көбейту, түлік атаулының тұқымын асылдандыру ісі жақсара түсті. Десе де мені жастардың мал шаруашылығына барғысы келмейтіні көп алаңдатады. Жұмыссыз жастарды қазір тапшылық етіп отырған малшы, механизаторлыққа тартудың бір тетігі жоқ па? - деді зейнеткер Қ. Текебаев.
-Мұның да нақты есебін алып, жұмыс берушілердің қанша еңбекақы төлейтінін біліңіздер. Ойластырып көрейік, - деген облыс басшысы аудандағы жұмыссыздар санын сұрады.
Аудандағы халықты жұмыспен қамту бөлімі басшысының айтуынша, күні бүгін ауданда 89 жұмыссыз бар екен. Оның 44-ін малшылыққа бағыттаған, барғаны аз. Бірі мал баққысы келмейді, бірі жұмыс берушімен келіспейді. Қысқасы, малшы мен механизатор ауданда қат мамандыққа айналып келеді.
Бұл мәселеге байланысты аудандық кәсіптік лицейге арнайы барған облыс басшысы кадр дайындауды аудан қажетіне орай жүргізуді, жұмыссыздықты осы саламен ұштастыруды тиісті адамдарға тапсырды.
-Ерінбеген адамға жұмыс бар.Екі рет үкіметтен несие алып, кәсібімді жүргізіп, өзімді-өзім жұмыспен қамтып отырмын. Алғашқыда несие алып, мал өсірдім. Шаруам оңға басып, несие қарызын мерзімінен бұрын қайтарым. Енді екінші рет алып, автокөлікке газ құю стансасын ашумен айналыудамын. Әлеуметтік жұмыс орнының көмегі көп, соны пайдаланудамын, - деген кәсіпкер Ә. Бөкеновке қолдау білдірген облыс әкімі қалған кәсіпкерлерді де осындай іскерлікпен жұмыс жасауға шақырды.
Мұнан соң Алтай Сейдірұлы рухани орталықта орналасқан
кітапханаға кіріп, оқырмандармен тілдесті. Балғын оқырмандардың тақпағын тыңдап, ризашылық танытып, күй студиясындағы өнерпаздардың өнерін тамашалауды да ескерді.
Рухани орталық залында аудан ардагерлерімен, жастар өкілдерімен кездесуде: -Бүгін аудандарыңызға халықтың тыныс-тіршілігімен танысып, мұндағы адамдарды не алаңдатады, не толғандырады, соны білуді, ой бөлісуді мақсат етіп келдік, - деген өңір басшысы қожалық басшыларымен су алу, мал шаруашылығы жайын, кәсіпкерлермен кәсіпкерлікті дамыту мәселелерін талқылап, пікір алысқанын айтып, көпті көрген қариялардан ашық пікір білдіруді сұрады.
-Ақиық алыптар мен жайсаң жандар еліне қош келдіңіз! - деген соғыс және еңбек ардагері Мәжит Жаданов бұл елде С. Меңдешев бастаған талай қайраткерлер мен ғалымдар шыққанын айтып, қазіргі ауданның дамуына ризашылығын білдіріп, облыс басшысына ақ батасын берді.
-Ендігі батыр еңбектен шығады, - деген аудандық әйелдер кеңесінің төрайымы, ардагер ұстаз Н. Өтешова жастарды еңбекке үндей отырып, ашық пікірлесуге жағдай жасаған облыс басшысына аналық тілегін жеткізді. Сонымен қатар аудан орталығына тағы бір балабақша мен спорттық сауықтыру кешені қажеттілігін облыс әкімінің назарына ұсынды.
Ал аудандық мәслихат хатшысы З. Сисенғали аудан халқы үшін маңызды төрт мәселені көтерді.
Біріншісі - Құлшықтан жерасты су құбырын тарту арқылы ауыз су
мәселесін шешуге, екіншісі - Сарыкөл, Жуалыой, Мұқыр ауылдарына газ отынын тартуға, үшіншісі - аудан орталығындағы қарқынды құрылысқа ере алмай қалған инфрақұрылым мәселесін шешуге, төртіншісі - аудан орталығындағы көшелерді жөндеуге қаржылық қолдау көрсету еді.
Облыс басшысы бұл мәселелердің бәріне де қанағаттанарлық нақты жауап берді.
Алтай Көлгінов аудандық мешіт пен діни оқу орталығына кіріп, жұмысымен танысуына да уақыт тапты.
Түстен кейін өңір басшысы Жаңажол ауылдық округіне жол тартып, ондағы Айдархан су жүйесімен танысып, ауылдарды сумен қамтудың тиімді жолдары жайында мамандармен, Мәстексай, Жаңажол ауылдарының тұрғындарымен ой бөлісті.
Мәстексайда еңбек ардагеріТ. Сапарғазиев пен осы округ әкімі С. Мұхамбетжанова су тапшылығын, қазіргі қиын жағдайды қинала әңгімеледі.
Ауданмен арадағы жолды жөндеу керектігін аудандық мәслихаттың депутаты С. Сұлтанова жеткізді.
Облыс басшысы мамандардың пікірін келтіре отырып, сұрақтардың бәріне тұшымды жауап берді.
-Бар мәселені бірден шешу мүмкін емес. Қазір ең бастысы - су мәселесі. Осымен жұмыстанамыз. Қалған мәселелер ретімен, кезегі-кезеңімен шешіледі, - деді өңір басшысы.
Жаңақазан ауылындағы М. Жүнісов атындағы мектепте де мұғалімдермен жылы шырайлы жүздесу өтті. Облыс әкімі еліміздің ертеңі - білімді, тәрбиелі ұрпақ екенін әңгімеледі. Мектеп музейімен танысты.
Облыс басшысының келерін естіген халық мәдениет үйіне де мол жиналған екен. Мұнда А. Көлгінов модельді кітапхананың ашылуына куә болды. Тұрғындарды Астана күнімен құттықтап, ел тәуелсіздігінің 25 жылдығы аясында атқарылып жатқан істерді сөз етіп, тәуелсіздік тұғырын еңбекпен, ынтымақпен нығайтуға шақырды.
Ауданда алтыншы болып ашылған модельді кітапхананы тамашалап, Ұлттық кітапхана, Орынбор кітапхана басшыларымен байланысқа шықты.
Ел болғасын мұқтажы болатыны белгілі. Мұнда да арнайы келген облыс басшысына ел атынан ауыз су мәселесін шешу, Құлшық құмнан су жеткізу, өткен жылы орта мектеп ашылған Жуалыойға газ тарту, ауданмен арадағы жолды жөндеу, тағы басқа мәселелерді айтып, қолдау сұрағандар қанағаттанарлық жауап алды.
Жаңақала ауданын бір күн бойы аралап, біраз саланың өкілдерімен кездесіп, мұң-мұқтаж, ұсыныс-тілектерін тыңдап, мәселелерді саралап, ой түйген облыс басшысы Алтай Көлгінов сөзінде «ауданда атқарылған да, атқарылатын да істер аз емес», деді.
«Ортақ іске серпін бермек» (Айша Өтебәлі) деген материалда «Нұр Отан» партиясы төрағасының бірінші орынбасары Мұхтар Құл-Мұхаммед пен «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының төрағасы Абылай Мырзахметов ынтымақтастық жөніндегі меморандумға қол қойғаны сөз болған.
Онлайн режимінде өткен бұл шараға «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Серік Сүлеймен, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, «Нұр Отан» партиясының фракция мүшесі Бақтияр Мәкен, БҚОФ кәсіпкерлікті қолдау жөніндегі облыстық кеңес төрағасы Ж. Жақыпов, облыстық кәсіпкерлер палатасы директорының орынбасары Нұржан Мақсотов, кәсіпкерлікті қолдау жөніндегі облыстық кеңес мүшелері мен орта және шағын бизнес өкілдері қатысқан.
Шараны «Нұр Отан» партиясы төрағасының бірінші орынбасары Мұхтар Құл-Мұхаммед жүргізді.
-Жыл басынан бері «Нұр Отан» партиясы «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасымен бірқатар жұмыстарды бірігіп өткізді. Атап айтар болсақ, демократиялық күштердің біріккен коалициясының үлкен жиынын, содан кейін жер мәселесі бойынша және басқа да шараларды бірлесіп ұйымдастырды. Қарап отырсам, біздің атқаратын жұмыстарымыздың «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы қызметімен тоқайласатын тұстары көп екен. Сондықтан жыл аяғына дейін атқаратын жұмыстарымызды нақтылап, бір жүйеге келтіріп алу үшін, «Нұр Отан» партиясы мен «Атамекен» ұлттық кә-
сіпкерлер палатасының қоян-қолтық жұмыс жасауы үшін жұмыс жоспарын бекітіп, арнайы меморандумға қол қойсақ, артық болмас деп ойлаймын.
Баршаңызға белгілі, біз өткен жылдың аяғында үдемелі индус-
триялық-инновациялық даму бағдарламасының бірінші бесжылдығын аяқтап, келесі бесжылдығына аяқ бастық. Өткен жылдары ел экономикасында орын алған нәрселер аз емес. Әлемде болып жатқан дағдарыс жағдайы біздің экономикамызға да зардабын тигізуде. Дегенмен Елбасы белгілеп берген «Нұрлы жол», «Бизнестің жол картасы - 2020», «Жұмыспен қамту - 2020», «Агробизнес - 2020» бағдарламаларын жүзеге асыру арқылы біз көптеген жетістіктерге қол жеткіздік. Осы бағдарламаларды жүзеге асыру барысы алдағы уақытта да «Нұр Отан» партиясының басты назарында болмақ.
Мемлекет басшысы жақында Астана күні қарсаңында өткен үл-
кен жиында ел алдына тағы бір міндет қойды. Ол - ел экономикасын көтеру үшін шағын және орта бизнесті дамыту мәселесі. Яғни еліміздің ЖІӨ-сіндегі шағын және орта бизнес үлесін 50 пайызға жеткізу. Елбасымыз бұл мәселе жөнінде бұдан бұрын да айтып жүр. Мемлекет басшысының пікірінше, ел экономикасын дамыту үшін бұрынғыдай үлкен кәсіпорындарды сала бермей, енді шағын және орта бизнесті дамытуға көшу керек. Шағын және орта бизнесі дамыған ел дағдарыс жағдайында қатты қиналып қалмайды. Бұл ретте Елбасымыз Германияны үлгі етеді. Мемлекет басшысы айтқандай, Қазақстанды әлемнің дамыған ең үздік 30 мемлекетінің қатарына қосу үшін ел экономикасын өркендету керек. Ал ол үшін кәсіпкерлердің жұмыс істеуіне мейлінше қолайлы жағдай жасауымыз керек. Бұл күрделі істе «Нұр Отан» партиясы маңызды рөл атқаруы тиіс. Біз отандық кәсіпкерлерге жедел және тиімді көмек көрсету үшін орталықтағы, сонымен бірге өңірлердегі барлық ресурстарды іске қосамыз, - деді «Нұр Отан» партия төрағасының бірінші орынбасары өз сөзінде.
Бұдан кейін сөйлеген «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының төрағасы Абылай Мырзахметов еліміздің басты саяси күшімен бірлесіп жұмыс істеу және осы мақсатта меморандумға қол қою палата үшін ерекше жетістік болуымен қатар, үлкен жауапкершілік жүктейтінін айтты.
-Кәсіпкерлікті дамыту, оның ішінде орта және шағын бизнесті өркендету, ең алдымен, жұмыссыздықты жою үшін, халықтың әл-ауқатын жақсарту үшін қажет. Тұрғындарды шағын микробизнеске үйрету, бизнес негіздеріне оқыту елімізде кәсіпкерліктің дамуына жол ашады. Қазіргі уақытта еліміздің түкпір-түкпірінде палатаның 188 филиалы бар, олар тұрғындарға жеке кәсіпті жүргізу тәртібін түсіндіріп, оларға заң бойынша қалай әрекет ету керектігін үйретеді. Қысқасы, өзіңіз бастаған жетекші күшті біз қостаймыз. Қоғамдық саяси күш біріксе, үлкен табыс әкеледі, - деген Абылай Мырзахметов «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының «Нұр Отан» партиясымен ел игілігі үшін бірігіп жұмыстануға дайын екендігін жеткізді.
Жиын барысында республикамыздың әлеуетті кәсіпкерлері өз кәсіптері жөнінде әңгімелеп, мемлекетіміздің орта және шағын бизнесті дамыту бағытындағы саясатын қолдады. Шара соңында «Нұр Отан» партиясы мен «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы ынтымақтастық жөніндегі келісімге келіп, меморандумға қол қойды. Бұл құжаттың басты мақсаты -отандық кәсіпкерліктегі бәсекелестікті арттыру бойынша бірлескен және келісілген әрекеттерді жүзеге асыру барысында өзара қолдау және белсенді ынтымақтастықты қамтамасыз ету.
Бұдан кейін «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Серік Сүлеймен сөйлеп, партияның облыстық кәсіпкерлер палатасымен бұған дейін де қоян-қолтық жұмыс істеп келе жатқанын айтып, бүгінгі ынтымақтастық жөніндегі меморандумның палатамен бірлескен жұмысты одан сайын жетілдіруге септігін тигізетінін жеткізді.
Жиынды қорытындылаған ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Бақтияр Мәкен шағын және орта бизнестің дамуы үшін Батыс Қазақстан облысында барлық жағдайдың бар екенін айтты. Оның сөзінше, бүгінде ауыл тұрғындары көп өзгерген, олардың көпшілігі жеке кәсіппен айналысуға бет бұрған. Депутат мұны жақында ауылдарды аралағанда байқапты. Ол сондай-ақ тұрғындардың заң шығарушы органдардың жұмысы жөнінде, сондай-ақ мемлекеттік бағдарламалар туралы түсіндірме жұмыстарын қызыға тыңдағандарын жеткізді. Парламент депутатының пікірінше, меморандумға қол қою партия мен палата жұмысын бір жүйеге келтіріп, ортақ іске серпін бермек.
Пардамент депутаттары елге келгенде, тұрғындарды қабылдауға да уақыт табады. Бұл жолы ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Бақтияр Мәкен «Нұр Отан» партиясының қоғамдық қабылдау бөлмесінде алдын ала тіркелген 15 облыс тұрғынын қабылдап, олардың өтініш-тілектеріне құлақ салды. Бұл туралы «Қабылдаудан қуанып шықты» деген ақпаратта (Айша Өтебәлі) айтылған.
Қабылдауға алдымен кірген Социал Пұсырманов депутатқа көпшіліктің тілегін жеткізу үшін келіпті. Ол Мәжіліс депутатынан өзі тұратын кент тұрғындарының атынан Зашаған кентіне осы өңірдің біртуар тұлғасы, белгілі ақын Жұбан Молдағалиевтің есімін беруді сұрады. Бақтияр Мәкенұлы үлкен кісінің бұл өтінішіне қазіргі уақытта мораторий жариялануына байланысты еліміз бойынша көшелер мен ауылдардың және нысандардың атын өзгерту уақыт-
ша тоқтатылып тұрғанын айтып, бұл мәселені мораторий мерзімі аяқталғаннан кейін республикалық деңгейдегі тиісті орындарға жеткізуге уәде берді. Жас депутат С. Пұсырмановтың жаңадан тұрғызылған үйіне жылу жүйесін өткізу жөніндегі өтінішіне де көңіл көншітерліктей жауап берді.
Қабылдауға келесі кезекте кірген Зай Әбужәлитов есімді қария
бұрын Қазталов ауданында тұрғанында зейнетақысына қосымша жәрдемақы алып келгенін, қалаға көшіп келгелі осы жәрдемақысының тоқталып қалғанын айтып, депутаттан соны қалпына келтіру жөнінде көмек сұрады. Бақтияр Мәкенұлы қазіргідей бюджет тапшылығы кезінде бұл мәселені шешудің қиындығын айтып, қарияның бұл өтінішін қаперінде ұстайтынын айтты. Ал Данагүл есімді әйел өзінің төрт баланың анасы екенін, солардың кішісі - бір жастан асқан баласының мүгедектігіне байланысты көп қиындық көріп жүргенін айтып, көз жасын төкті. Оның сөзінше, бір жас жарымдағы кіші баласы ДЦП ауруымен ауырады, оның үстіне көзі көрмейді. Қалада бала-шаға-
сымен пәтер жалдап тұратын әйел өзінің де, жұбайының да тұрақты жұмысы жоқ екенін, балаларының және мүгедек баласының жәрдемақысымен күн көріп отырғанын айтып, депутаттан көмек сұрады. Бақтияр Мәкенұлы жылаған жанға көмек беру үшін дереу «Шапағат» оңалту орталығының басшылығымен телефон арқылы байланысты. Бұл мәселені шешу үшін депутат Данагүлге қабылдаудың соңына дейін күте тұруын өтінді. Қабылдаудан соң халық қалаулысы бұл мәселені «Шапағат» оңалту орталығының басшылығымен асықпай сөйлесіп, оңтайлы шешпек ниетте.
Депутаттың қабылдауында болған Ләззат Қайырова Ақжайық ау-
данынан келіпті. Ләззаттың айтуынша, Райымбек дейтін жүрегі ауыратын інісін жүрек талмасы ұстаған кезде кардиологиялық орталыққа жеткізу қиын болып жүр. Сол үшін олар осы қаладан уақытша пәтер жалдап отыр. Дәрігерлер оның жүрегін ауыстыру керек деп шешіп, донор жүрекке кезекке қойған. Пәтер ақысын әрең төлеп жүргенін айтқан апасы депутаттан інісіне ота жасағанға дейін уақытша тұратын орын жөнінде көмек сұрады. Бақтияр Мәкенұлы бұл жағдайды облыстық денсаулық сақтау басқармасы арқылы шешуге болатынын айтып, Ләззаттан шара соңына дейін күте тұруын өтінді.
Қабылдауға келушілердің барлығы жас депутаттың орынды жауабына риза болып тарасты. Олардың қайсыбірі депутаттың іс-әрекеті арқылы сол мезетте нақты көмек алса, кейбіреулері алдағы күннің жақсылығынан үмітті болып кетті.
Бақтияр Мәкен - ҚР Парламенті Мәжілісіндегі ең жас депутаттардың бірі. Бұрын Батыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары қызметін атқарған депутатқа жергілікті деңгейдегі мәселелерді шешу аса қиынға түспеген тәрізді. Қабылдауда болған тұрғындардың өтініш-тілектерінің тез қабыл болғаны да нақ осы себептен-ау деп ойладық. Қалай болғанда да, бұл жолы көмек сұрап келгендердің көбісінің шаруасы оң шешіліп, үйлеріне қуанып қайтты.
«Жақында ҚР Сенат депутаты Бірғаным Әйтімовамен бірге
ауыл-ауылдарды аралап, тұрғындардың жағдайын өз көзімізбен көрдік, олардың өтініш-тілектерін тыңдадық. Біз өз тарапымыздан тұрғындарды елімізде қабылданып жатқан жаңа заңдармен таныстырдық, оларға Елбасы тапсырмасы бойынша жүзеге асырылып жатқан мемлекеттік бағдарламаларды түсіндірдік. Бүгін, міне, «Нұр Отан» партиясының қабылдау бөлмесінде түрлі жағдайлар бойынша қиналып жүрген бір топ тұрғынды қабылдадым. Олардың көпшілігі тұрмыстық жағдайға байланысты әлеуметтік мазмұндағы мәселемен келді. Жергілікті деңгейде шешілетін мәселелерді сол бойда шешуге тырыстым, ал республикалық деңгейдегі мәселелер-
ді қыркүйек айында Астанаға барғанда, тиісті органдардың назарына ұсынамыз. Жоғарыға жұртты қинаған мәселелер жөнінде айтып, оны заңды түрде шешілетіндей жағдай жасаймыз. Біздің ел аралап, осындай қабылдауларды ұйымдастырғандағы басты мақсатымыз - қиналған жандарға қолұшын созу, оларды дұрыс жолға бағыттау, тығырықтан шығу жолдарын көрсету. Дұрыс жөн сілтеп, тиянақты кеңес беру арқылы да көптеген адамдардың қиын жағдайын жеңілдетуге болады», деді Б.Мәкен.
Облыстық газетте мәдениет пен өнер мәселелері де үнемі көтеріліп отырылады. «Ескерткіштің орны композицияға сай таңдалмақ» - Нұртас Набиоллаұлы берген бұл материалға Орталық коммуникациялар қызметінің облыстық филиалында өткен өңірдегі халықтық дәстүрлі өнердің дамуына арналған баспасөз мәслихатында айтылған мәселе арқау болған.
Шарада облыстық мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасының басшысы Дәулеткерей Құсайынов және облыстық халық шығармашылығы орталығының директоры Медхат Қамбетов тақырыпқа сай баяндама жасады. Дәулеткерей Атауұлы облысымыздағы халық өнерпаздарының осыған дейінгі айтулы жетістіктеріне жан-жақты тоқтала келіп, алдағы жұмыс жоспарларымен бөлісті.
-Биыл Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 25 жыл. Бұл жылы да дәстүрлі өнер, қазақ халқының біртуар тұлғалары мен өнер дүлдүлдерінің мерейтойлары аталып өтілмек. Облыстық халық шығармашылығы орталығының ұйымдастыруымен үстіміздегі жылдың ІІ жартыжылдығы маңызды шаралармен айшықталады. Оның ішінде жыр-терме өнерінің ардақтылары - Жақсылық Сәрсенғалиев, Қалампыр Рахимова, Қаламқас Орашевалардың есімін ұлықтауға арналған «Термелетіп жырлайын» республикалық дәстүрлі термешілер байқауы, Қаратөбе ауданында халық композиторы, әнші-ақын, күйші-домбырашы Мұхит Мерәліұлының 175 жылдығына арналған «Сары дала сағынышы - сал Мұхит» республикалық әншілер байқауы және Батыс Қазақстан облысының аудан, қала көркемөнерпаздарының «Тұғыры биік тәуелсіздік» халық шығармашылығы фестивалін үстіміздегі жылдың шілде айынан бастап белгіленген кестеге сәйкес өткізу жоспарлануда. Фестиваль облыстық мәдениет және өнер орталығының амфитеатрында өтеді. Оған қала, аудан орталықтарындағы
халықтық, жанрлық көркемөнер-паздар ұжымдары қатысады және қолөнер шеберлерінің көрме-сі облыс жұртшылығының назарына ұсынылады. Фестивальдің қорытынды гала-концертіне үздік деп танылған өнер ұжымдары қатысады. Ал 2017 жылы атақты күйші-сазгер Мәмен Ерғалиұлының 150 жылдығына арналған «Күй күмбірі - дала дүбірі» аймақтық-республикалық домбырашылар байқауы, Марабай жыраудың 175 жылдығына арналған «Жыр дүлдүлі - Марабай» республикалық жыршылар байқауы, қолбасшы батыр, би, шешен Сырым Датұлының туғанына 275 жылдығына «Сайын дала Сырымы» республикалық ақындар айтысы, 2018 жылы күйші-сазгер, домбырашы, күй өнерінің классигі Құрманғазы Сағырбайұлының 195 жылдығына арналған «Күй атасы» аймақтық-республикалық домбырашылар байқауы, «Жайық айтысына - 60 жыл» облыстық ақындар айтысын өткізу жоспарлануда. Айтыс өнерін дамытуға үлес қосқан аға-апаларымыз өте көп. Солардың бірі Кенжеғали Балабасов алдымыздағы 15 шілде күні 75 жасқа толады. Елімізге танымал ақын Бауыржан Қалиолла эстафетаны лайықты қабылдап алып, айтыс өнерінің дамуына мұрындық болып келе жатыр. Кеше ғана шәкірті Бауыржан Ширмединов республикалық айтыстың бас жүлдесін жеңіп алды, - деді облыстық мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасының басшысы Дәулеткерей Құсайынов.
Жиын соңында Астана күніне орай өткізілген республикалық айтыстан бас жүлдемен оралған жерлесіміз Бауыржан Ширмединұлы сайыстан алған әсерімен бөліскен.
Қазақстан халқы БҚО ассамблеясы құрамында түрлі этномәдени бірлестіктер өз мерекелерін ұдайы ұйымдастырып отырады. Бұл жолы қалалық мәдениет және демалыс саябағында "Татар мәдени орталығы" қоғамдық бірлестігі дәстүрлі Сабантой мейрамын тойлады. «Саябақтағы Сабантой» деген ақпараттан (Айымгүл Сүндет) белгілі болғанындай, аталмыш мейрамның тариxы тереңде. «Оны ұрпақтан-ұрпаққа жалғастыру мақсатында күні бүгінге дейін барлық сән-салтанатымен тойлап жүрміз. Сабантой Қазақстанда мекендейтін ұлттар арасындағы достықты нығайтады. Мерекеге қонақтардың көп келуі қуантады», - дейді татар мәдени орталығының төрайымы Галима Ваганова.
Саябаққа жиналған көпшілікті аталмыш мерекемен құттықтауға облыс әкімінің орынбасары Марат Тоқжанов, Татарстанның өкілетті өкілі Рүстем Валиулов және ҚХА мүшелері келді. Рустем Валиулов татар диаспорасының белгілі өкілдеріне Бүкіләлемдік татар конгресінің атынан медальдар мен алғысxаттар табыстап, Татарстан президенті Рустам Минниxановтың құттықтау хатын оқып берді.
Мерекелік шараға жергілікті өнерпаздармен қатар Ресей мен Татарстанның белгілі әртістері де қатысты. Олар татар тілінде әндер шырқап, ұлттық билерді орындады.
Концерттік бағдарлама ұлттық ойындар мен көңілді жарыстарға ұласты. "Көрәш" ұлттық күресінен 22 жастағы Нұрбол Серіков жеңімпаз атанып, қанжығасына қой байлады. Саябақ төрінде татар ұлттық бұйымдарынан көрме ұйымдастырылды. Оған Марат Халелов, Алина Ваганова, Рузалия Хантемірова секілді жас шеберлер өз жұмыстарын ұсынды.
Шара "Татарча марафон" атты гармоншылар сайысымен аяқталған.
Мемлекеттік бағдарламаларды жүзеге асыру назардан тыс қалмақ емес. Мысалы, Жәнібек ауданы кәсіпкерлерінің мемлекет тарапынан берілетін жеңілдіктерді пайдалануға жыл санап ынтасы артып келеді. Бұған аудандық кәсіпкерлік бөлімі де тиісінше ықпал жасауда. Бұл жөнінде «Төрт жобаны іске асыру көзделуде» атты ақпаратта Нұрымбек Жапақов хабарлаған.
Аталмыш бөлімнің басшысы Роберт Биғалиевтің мәліметінше, бүгінгі таңда кәсіпкерлерге «Бизнестің жол картасы - 2020» бағдарламасы және ауылдағы кәсіпкерлікті дамыту бойынша несиелер берілуде. Бұл ретте 19 пайыздық мөлшерлемемен берілген несиенің 10 пайызын демеуқаржы ретінде мемлекет төлейді, ал кәсіпкер жыл ішінде несиенің 9 пайызын төлейді. Ауылдағы кәсіпкерлікті дамытуға «Даму» қоры арқылы 500 миллион теңге және облыстық бюджеттен 500 миллион теңге, барлығы бір миллиард теңге мөлшерінде қаржы 8,5 пайызбен республика бойынша алғаш рет біздің облыста бөлініп отыр. Күні бүгін аудандық кәсіпкерлік бөлімінің қызметкерлері осы бағытта бөлінген қаржыны кәсіпкерлердің несиеге алуына ықпал жасау мақсатында ауылдық округтерді аралап, түсіндіру жұмыстарын жүргізуде.
Бүгінде жоғарыда аталған екі бағытқа сәйкес төрт жобаны іске асыру көзделуде. Дәлірек айтқанда, бұл жобалардың екеуі мал шаруашылығын дамытуға арналса, біреуі жеке дүкенге қосымша жабдықтар алуға, тағы бірі тас шығаратын цех ашу үшін бағытталуда.
Елбасы Жолдауын, Президент тапсырмаларын орындауда түрлі сала басшыларының сөздері, пікір-ұсыныстары маңызды. Облыстық білім басқармасының басшысы Айгүл Мыңбаева «Бәсекеге қабілеттіліктің бір тетігі» білім саласындағы өзекті мәселелерді сөз еткен.
«ҚР Президенті Н. Назарбаев 2009 жылғы «Жаңа әлемдегі жаңа Қазақстан» атты халыққа Жолдауында еліміздің жоғары қабілетін қалыптастыру және азаматтардың мәдени жүйесін кезең-кезеңмен ілгерілету мақсатында «Үштұғырлы тіл» саясатының жобасын белгіледі. Осы орайда көптілді білім беруді мектепке дейінгі, орта, жоғары білім беру ұйымдарында қазақ, орыс, ағылшын тілін меңгертуге бағытталған жұмыстар жүзеге асырылуда. Бүгінгі таңда көптілділікті енгізудің алғышарттарына толық жағдай жасалған. Жалпы алғанда, көптілділікті дүниежүзілік деңгейдегі бәсекеге қабілеттіліктің негізгі бір тетігі ретінде қарастырған жөн.
Егер осыларды ескерсек, оқыту мемлекеттік тілде, яғни ана тілінде және ұлтаралық қатынас орыс тілінде жүргізіледі. Орыс тілді мектептер, колледж, жоғары оқу орны және барлық оқу орнында орыс тілінен басқа бір шет тілі жүргізіледі. Бұл Қазақстанда екітілді жағдай қалыптастырылған және көптілді білім жүйесі бар дегенді білдіреді.
Көптілді білім беруді жүзеге асыру тәжірибесі Назарбаев зияткерлік мектебінде қалыптасқан. Қазіргі заманғы халықаралық тәжірибенің талдауын ескере отырып, тілдерді оқытудың деңгейлік жүйесіне негізделген үштілділік оқыту моделі енгізіліп отыр. Бұл модель оқушылардың қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде ауызша және жазбаша тілін толық игеруіне негізделген.
Шет тілді ортаға енгізуде интерактивті әдістердің мүмкіндіктері мен оқу үдерісіне екінші және үшінші тілдің енгізу ережелерін ескерген жөн. Биология, физика, химия, математика, информатика пәндерінің ағылшын тілінде оқытылу тәжірибесі қазақ-түрік мектеп-лицейінде қалыптасқан.
Бүгінгі білім беру жүйесі алдында ерте жастан ағылшын тілін оқыту міндеті тұр. Көптілді оқытуды білім жүйесінің барлық кезеңінде: «мектепке дейінгі ұйым - мектеп - жоғары оқу орны - мектепке дейінгі ұйым» көптілділікті дамытудың айналмалы кезеңі осылайша рет-ретімен жүзеге асады.
Мұғалімдер мен оқушылардың алдындағы негізгі мақсат - жеке көптілділік мәдениетті дамыту, кәсіби деңгейін көтеру, өз елінің тарихы мен дәстүрін білу, көптілділікті меңгере алу, қандай жағдай болса да үштілділікті білу, өз-өзін алға қарай жетелей алу.
Көптілділікті дамыту мақсатында біздің облысымызда да жүйелі іс-шаралар жүргізілуде. Ағымдағы жылдың ақпан айында Орал қаласындағы №42 «Ақ ниет» гимназиясында «Көптілділікті дамыту аясында шет тілін ерте жастан оқыту» атты семинар-практикум өткізілді. Әдіскерлер мен мұғалімдер қойылған сұрақтардың өзектілігіне мән беріп, ағылшын тілін ерте жастан оқыту жүйесі туралы өз ойларын, пікірлерін ортаға салып саралады. Облыстық қазақ-түрік мектеп-лицейі базасында «Көптілділік білім - заман талабы» атты жаратылыстану-математика бағытындағы аудандық, қалалық, облыстық мұғалімдерге арналған семинар-практикум ұйымдастырылды. Сондай-ақ үштілділік идеясын дамыту, әлемдік білім жүйесінде таратылған көптілділік практикасын мектептердегі пәндерді шет тілінде оқыту, жасөспірімдердің қызығушылығын арттыру мақсатында «Көптілділік білім - жаңаша оқытудың бір тетігі» атты дөңгелек үстел өтті. Дөңгелек үстелге М. Өтемісов атындағы БҚМУ оқытушылары, Ж. Досмұхамедов атындағы педагогикалық колледж оқытушылары, Назарбаев зияткерлік мектебінің мұғалімдері, аудандық және қалалық әдістемелік кабинеттің әдіскерлері, жаратылыстану-математика бағытындағы жалпы орта білім беретін мектептердің мұғалімдері қатысты. Ақсай қаласындағы №3 мектепке дейінгі ұйымы базасында «Балабақшада үштілдік - көптілді мәдениетті тұлға ортасын қалыптастыру» атты семинар өткізілді.
Жалпы орта білім берудің сапалылығы мен бәсекеге қабілеттілігін арттыруда көптілділікке байланысты жұмыстарды жалғастыру қажет. Мұндай модельдерді жалғастыру үшін біз жаңа бағыттағы мұғалімдерді дайындауымыз керек.
Осы мақсатта М. Өтемісов атындағы БҚМУ-да өткен ағылшын тілі курсын 35 мұғалім тәмамдады. Қалалық және облыстық мектептердің 60 информатика пәні мұғалімдеріне қазақ-түрік мектеп-лицейінің мұғалімдері тілдік курстарын жүргізді.
Облыстық тілдерді дамыту басқармасының ұйымдастыруымен Батыс Қазақстан индустриалдық колледжінде 42 мұғалімге арналған ағылшын тілі курсы өтуде. Курсты ұйымдастырудағы мақсат - ағылшын тілін үйретуге белгілі тәртіпті кезеңмен жаңаша білім бағдарламасына ену. Алдағы оқу жылында механикалық өңдеу, КИП және өндірістегі автоматика мамандығында информатика пәнін ағылшын тілінде оқыту жоспарлануда.
Биылғы маусым айында қазақтүрік лицейінің базасында облыс
бойынша 500 5-6-сынып оқушыларын қамтыған «Көптілділікте қолжетімділікті және сапаны қамтамасыз ету» тақырыбындағы тілдік мектеп жұмыс жасады.
Атқарылған шаралардың барлығы 2019-2020 оқу жылынан бастап мектептегі жоғары буында көптілді білім беруді енгізуге арналған дайындық жұмыстары болып табылады.
Алда пән мұғалімдеріне тілдік курстар, мұғалімдер мен оқушыларға онлайн-сабақтар және онлайн-консультация жүргізіледі. Орал қаласындағы Назарбаев зияткерлік мектебінде мұғалімдер тағылымдамадан өтеді және қазақ-түрік лицейінің мұғалімдерімен іс-тәжірибе бөліседі», делінген мақалада.
«Орал өңірі» газетінің 14 шілде күнгі нөмірінде Орал қаласында электрод өндіретін зауыттың ашылғаны жөнінде «Тұңғыштың тұсауы кесілді» (Айша Өтебәлі) деген көлемді ақпаратта мәлім етілген. Бұл - өңірдегі осындай тұңғыш зауыт. Оның ашылу салтанатына облыс әкімінің орынбасары Игорь Стексов қатысты.
«БатысГазСтрой» ЖШС жанынан ашылған бұл зауыт дәнекерлеу жұмысына қажетті электродтардың түрлі маркасын шығаруды бұдан бір апта бұрын бастапты. Шағын кәсіпорынның сынақ мерзімінен еш кедергісіз өткенін айтқан «БатысГазСтрой» ЖШС директоры Сапарғали Айтқалиев жиналғандарды электрод даярлайтын цех жұмысымен таныстырды.
-«БатысГазСтрой» ЖШС газ өткізумен, су өткізумен, жол және көпір құрылысымен айналысады. Жұмыс барысында біз үнемі жекелеген материалдардың жетіспеушілігіне тап болып жүреміз. Соның ішінде дәнекерлеу жұмысына қажетті электродтардың жетіспеушілігі айқын сезілетін. Бізге бұл материалдар көрші Ресей елінен келетін. Біреулерге үнемі тәуелді болудан шаршап кеттік. «Осы электродтарды өзіміз дайындап көрсек қайтеді?» деген ой келді. Сөйтіп, желтоқсан айында осы бағытта жұмыстануды бастадық. Ресейдің кәсіби мамандарымен байланысып, электрод даярлайтын зауыт жобасын жасауға кірістік. Бізге осы жұмысымызды жүзеге асыруға Мәскеу қаласының «Роттекс» компаниясы көмектесті, жігіттерге көп рахмет! 6-7 айдың ішінде жоба дайын болды. Өздеріңіз көріп тұрсыздар, бүгінде зауыт өзінің алғашқы өнімін бере бастады. Іске қосылғанына бір аптадай ғана болған зауыт бір ауысымда 2 тонна, тәулігіне 6 тонна электрод шығарады. Бір айта кететін жәйт, электрод даярлайтын мұндай зауыт облысты былай қойғанда, бұрын-соңды елімізде болмаған. Мұндай электрод зауыты - Қазақстанда әзірге тек біреу, ол - осы кәсіпорын, - деген Сапарғали Наурызұлы жиналғандарға арнайы құрылғыларды пайдалану арқылы электродтарды қалай даярлайтынын көрсетті.
Оның сөзінше, электрод өндіретін құрылғылар Ресейден сатып
алынған. Аталмыш өнімді дайындауға қажетті сымтемір мен оның сыртын қаптайтын күкіртті жабындар да Ресейден әкелінеді екен.
-Бірақ бұл уақытша жағдай, егер осы жобамыз сәтті жүзеге асып жатса, Қазақстанның қойны-қонышы кең, қазынаға толы ел ғой, бұл шикізатты өз елімізден де табармыз деп ойлаймын, - дейді іскер басшы үлкен сеніммен. Электрод даярлауға қажетті шикізат арнайы құрылғыда уатылып, уақ түйіршіктерге айналады, иленеді. Содан кейін оны электродтардың сыртын қаптауға пайдаланады. Цехта тастарды да қамырша илеп, ұнтаққа айналдырып жіберетін тағы бір қуатты құрылғы бар. Бұл құрылғының атқаратын міндетін жабдықтарды цех ішіне орналастырып жүрген ресейлік жігіт бізге тәптіштеп тұрып түсіндіріп берді.
Жұмысшылардың айтуынша, бұл құрылғылар 1 минутта 120 дана электрод сымын дайындап үлгіретін көрінеді.
-Әзірге цехта бір ауысыммен оншақты жұмысшы істеп жатыр, кейін жұмыс көлемі ұлғайғасын, жігіттер екі немесе үш ауысымда істейтін болады. Әр ауысымда он адамнан болса, бұл цех толық қуатына көшкенде барлығы 30 шақты адамды жұмыспен қамтамасыз етеді. Кәсіпорын электродтың 50-ден астам түрін шығаратын болады. Ал енді «Кәсіпорын өніміне сұраныс бар ма? Электродтарды қалай өткізесіздер?» деген сұраққа жауап берер болсам, әзірге Ақтөбе, Ақтау және Атырау облыстарының кәсіпорындарымен келісім жүріп жатыр. Нарықтық қарым-қатынас болғандықтан, базарларда Қытай мен Ресейден әкелінген электродтар, әрине, толып тұр. Бірақ тұтынушылар қай өнімді де сапасына қарап бағалайды ғой. Сондықтан, жігіттеріме әуелден «Сапасы-сізден, бағасы - бізден» деп шарт қойғанмын. Егер жігіттердің шығарған өнімі сапалы болса, әрине, тауарымыз өтімді болады. Барлық кәсіпорындар сияқты, біз де өз тауарларымызды жарнамалаймыз, жер-жерден сауда нүктелерін ашып, кәсіпорын өнімдерін саттыққа шығарамыз. Әзірше, электрод зауыты «БатысГазСтрой» ЖШС-ның жанынан жұмыс істейді. Бірақ, кейіннен, өндіріс орны аяғынан тік тұрғаннан кейін жеке мекеме болып тіркеледі, - дейді «БатысГазСтрой» ЖШС басшысы Сапарғали Айтқалиев жаңадан ашылған өндіріс орнының болашағынан үлкен үміт күтіп.
Осы жерде облыс әкімінің орынбасары Игорь Стексов кәсіпорын ұжымын жаңа өндіріс орнының ашылуымен құттықтап, олардың жұмысына жеміс тіледі.
-Бүгін өңірімізде тағы бір жаңа өндіріс орны ашылды, бұған бәріміз де қуанып тұрмыз. Бұл зауыттың бұрынғылардан бір айырмашылығы, кәсіпорын таза кәсіпкердің өз қаражатына құрылды. Кәсіпкер бұл зауытты жасақтау үшін өз қалтасынан 100 млн. теңге қаражатын шығарды. Бұл жағдай қазақстандықтардың ел саясатын түсініп келе жатқанын көрсетеді. Бұрыннан «БатысГазСтрой» ЖШС-ны басқаратын Сапарғали Наурызұлы - шағын және орта бизнесті дамытуға үлкен үлес қосып жүрген белгілі кәсіпкер. Іскер басшының бұл істе де оза шауып, үлкен жетістікке жететініне сенімім мол. Барша кәсіпкер осы ағамыз секілді бизнестерін жолға қойып, жаңа кәсіпорындарды жиі ашып жатса, елімізде, ең бастысы, жұмыссыздық азайып, ел экономикасы көтерілер еді. Экономикамыз өрлесе, барша халық үшін жақсы болары сөзсіз, - деген Игорь Стексов өз сөзінде.
Елімізде мал ішінен түрлі ауру шығып, жұртшылықты алаңдатып отырғаны аян. Осы мәселе «Мал молалары түгенделуде, бірақ анықталмай отырғандары да баршылық» (Сәкен Мұратұлы) деген мақалада сөз болады.
Осыдан бір айдай уақыт бұрын Қарағанды облысындағы Еркіндік ауылында сібір жарасы шығып, екі адам қаза болғаны белгілі. Ауру қоздырғышын жұқтыруға ашық қалған мал көмінділері негіз болғандығы болжануда. Ауыл маңындағы жайылымнан табылған қорым жылдар бойы қоршаусыз тұрған. Сібір жарасын ескертетін арнайы белгі де болмапты. Төрт түлік болса, бұл маңда еркін жайылып келген...
Ал Батыс Қазақстандағы жағдай нешік? Аталмыш дертке шалдығып өлген түлікке қатысты мал молалары қаншалықты анықталған? Оларды қоршау жұмыстары қалай жүруде?
-Өңірімізде 1938-2013 жылдар аралығында тіркелген сібір жарасы ошақтарының кадастры бойынша тіркелген ауру ошағы саны - 228. Күні бүгінге дейін біз соның 144-ін таптық. Қалғаны іздестірілуде. Алайда ол оңай жұмыс емес. Себебі бұрындары аталмыш ауруға қатысты құжаттар жөнді дайындалмаған. Арнайы жасақталған жұмыс тобы бұрынғы мал мамандарынан, ауыл ақсақалдарынан сұрастырып іздестіру жұмыстарын жалғастыруда. Бұл бағыттағы іс-шараларға байланысты 2015-2016 жылдары аудандық бюджеттерден 18 055 мың теңге бөлінді. Оның 1 754 мың теңгесі сібір жарасы көмінді орындарына қоршаулар мен белгілер орнату үшін, ал 16 301 мың теңгесі жер жобасын, жер актісі дайындауға және Ұлттық экономика министрлігінің жер кадастрының автоматтандырылған жүйесіне енгізу жұмыстарына бөлінді. Жоғарыда айтып өткен 144 қорымның 84-інде
қоршаулары, арнайы белгілері бар. Бірақ олардың біразы бұрын ағашпен, тікенек сыммен қоршалған. Бұл бүгінгі талапқа сай келмейді. Сол себепті ондай мал молалары қайта қоршалатын болады. Анықталған мал молаларының 79-ы жер кадастрының автоматтандырылған жүйесіне енгізілді. Кейбір анықталған мал молаларының орындары шаруа қожалықтарына тиесілі жер телімінде орналасуына байланысты келісім жұмыстары жүргізілуде және ол орындарға белгілер қойылып, тиісті құжаттар дайындалуда. Күні бүгінге облыс бойынша сібір жарасына байланысты эпизоотиялық жағдай тұрақты, - дейді облыстық ветеринария басқармасы басшысының орынбасары Ерболат Ахметов.
Егер аудандарға бөліп қарасақ, анықталмай отырған қорымдардың көпшілігі Теректі ауданының еншісінде екен. Аудандық ветеринария бөлімінің бас маманы Жанайым Бисенғазиеваның сөзіне қарағанда, мұнда сібір жарасына шалдығып өлген малдарға қатысты 25 мал моласы табылмай отыр. Ал белгілі болғаны - 14. Олар негізінен Ұзынкөл, Долиный, Подстепный, Богданов, Покатилов ауылдарының төңірегінен табылған. «Біздің қолымызда 1958-1982 жылдар аралығындағы ауру ошақтарының кадастрлық құжаты бар, - дейді Жанайым Бисенғазиева. - Сол құжатта Приречный ауылында әр жылдары сібір жарасынан өлген малдар, яғни 1965 жылы сиыр, 1968 жылы шошқа, 1988 жылы тағы бір шошқа бір молаға көмілгендігі белгіленген. Бірақ ол моланың нақты орнын білу қиынға соғып тұр. Себебі ол кезден бері жер бедерінде, аумақтық жағдайға байланысты біраз өзгеріс болды. Мал қорымын анықтайтын да ешқандай белгі жоқ. Ауыл тұрғындары да шамасын айтқанымен, дәл осы жер деп көрсете алмай отыр. Болжамды жерлерді қазып та қарай алмаймыз. Өйткені аурудың қоздырғыштары топырақтың астында 100 жылдан астам уақыт өмір сүреді. Егер олар топырақтың беткі қабатына шығып кетсе, үлкен қауіп төндіреді. Спораларға күннің суықтығы да, ыссылығы да еш әсер етпейді. Айта кетер бір жайт, егер осы іздеу жұмыстары барысында малдар осылай бір жерге көмілгені анықталса, онда қорым саны да айтарлықтай азаяды».
Мал моласы демекші, мамандар ауылдағы ағайынға өздері жөнді білмейтін жерлерге мал жаюға сақ болу керектігін ескертеді. Себебі ол жерлерде қараусыз, ашық-шашық күйінде мал молалары болуы әбден мүмкін. Ал осыдан бес-алты жыл бұрын Шығыс Қазақстан облысында топырақтың беткі қабатында жатқан ауру қоздырғыштары мал арқылы адамға жұққан дерегі тіркелді. Бұл жөнінде Семей мемлекеттік медициналық университетінің «Ғылым мен денсаулық» деп аталатын журналында кең көлемде жазылған. Қысқаша баяндап өтсек, 2011 жылы 22 қыркүйегінде ҚР ДСМ МСЭҚК ШҚО бойынша департаментінің Үржар аудандық басқармасына Мақаншы ауруханасынан телефон арқылы жедел хабарлама түскен. Онда 1966 жылы туған М. есімді азаматқа «Сібір жарасы, терілік формасы» диагнозы қойылғаны айтылған. Науқастың сөзіне қарағанда, ол үш күн бұрын моншаға түскеннен кейін жалпы әлсіздік пайда болып, дене қызуы көтерілді. Осы күні сол жақ шынтақ буынның ішкі жағында терісі қызарып, қышыған. Қышыған жерін науқас қасыған. Артынша сол жерде кішкене жара пайда болғасын дәрігерге барған. Оны терапевт, инфекционист, хирург, дерматолог қарап, аталмыш диагнозды қойған. Эпидемиологиялық-эпизоотиялық тексеру кезінде анықталғандай, М. осы дертке шалдығар алдында өзінің үйіндегі тоқтысын сойып, етін отбасымен, ауласында құрылыс жұмыстарын жүргізіп жатқан жігіттермен бірге жеген. Терісін сатқан. Тоқтыны соярдан бұрын қой бағып келеді. Қойлар «Үшінші бесжылдық» деген жерде жайылған. Артынан белгілі болғандай, бұл жер сібір жарасының ошағы болып саналады екен. Себебі 2001 жылы аталмыш дертке шалдыққан ірі қара малы дәл осы жерде сойылыпты. Мал сойған бес жігіттің екеуі ауру жұқтырған. Соған байланысты науқастан (оның жарасынан, қанынан) және ауру ошағының сыртқы ортасынан (ет, қи, жүн, топырақтан) жиырмаға жуық сынама алынып, олар ШҚО СЭҚД-ның аса қауіпті жұқпалы аурулар зертханасына жеткізілді. Зерттеу қорытындысында сойылған қой терісі мен науқастан алынған сынамаларда сібір жарасына оң әсері анықталды. Осылайша Мақаншы ауылдық округіндегі «Үшінші бесжылдық» жеріндегі топырағы жұқпаның көзі болып саналды. Споралар шаңмен бірге малдың жүніне түскені белгілі болды. Науқас сойылған малдың терісін сатуға апарғанда, терідегі споралар оның қолындағы микрожараға енген. Науқас уақтылы дәрігерге барып, толық ем қабылдауының нәтижесінде бұл аурудан жазылды. Бұл азамат пен қарым-қатынаста болған 19 адам медициналық-обсервациялық бақылауға алынып, оларға ем-дом шаралары жасалды. Науқастың қора-жайына, мал сойған орынға және тері сатып алған адамның тері қоятын қоймасына ветеринария қызметкерлері залалсыздандыру жұмыстарын жүргізді. Ауылдағы барлық төрт түлік мал сібір жарасына қарсы егілді. Одан кейін адамдарда және мал арасында сібір жарасы тіркелген жоқ.
Мамандар малдарға екпе жүргізу сібір жарасынан сақтанудың ең тиімді әдісі екенін айтады. Сол себепті мемлекет тарапынан тиісті мөлшерде дәрі бөлініп, барлық малға тегін екпе жүргізілуде. Облыстық ветеринария басқармасынан алынған мәліметке қарағанда, алты айлық жоспар бойынша өңіріміздегі 281,197 мың бас ірі қара, 550,810 бас қой, 45,820 бас жылқы, 2,999 мың түйе, 17,160 мың бас шошқа, яғни 100 пайыз сібір жарасына қарсы егілген.
-ҚР «Ветеринария туралы» заңына сәйкес, тұрғындар, шаруашылық иелері мал ауырған немесе өлген әрбір жағдайды шұғыл арада мал дәрігеріне хабарлауы керек. Мұндай жануарларды ветеринар келгенше соймау қажет. Ауру малды жасырын сойып, етін, терісін, жүнін және тағы да басқа өнімдерін саудалау адамдар мен жануарлардың дертке шалдығуына әкеліп соғуы мүмкін. Сол себепті олар қылмыстық жауапкершілікке тартылады. Осы сәтті пайдалана отырып тұрғындар малдарын уақтылы ектіру керектігін және ет пен үй жануарларынан алынатын басқа да өнімдерді арнайы мал дәрігерінің бақылауынан өтпеген, сатуға рұқсат құжаттары жоқ жеке тұлғалардан алмаған жөн екенін де ескерткім келеді, - дейді облыстық ветеринария басқармасы басшысының орынбасары Ерболат Ахметов.
Ісмерлік - ежелден келе жатқан өнер. Оның қазіргі жай-күйі қалай? Бұл туралы Гүлжамал Жолдығалидың "Қолыма ине-жіп алсам, санам сергіп, рахаттанып қаламын" деген мақаласынан оқуға болады.
«Соңғы кездері әр үйдің төрінен құрақ көрпелерді жиі байқап жүрміз. Сан алуан түсті маталарды қиюластырып, қиықтарды үйлестіріп, құрақ көрпе жасап, тысын тігетін ісмер апа-әжелердің қатарының көбейіп келе жатқаны бізді қуантады. Сондай қолы шебер әжелердің бірі Алтынай Мәмбетованы арнайы іздеп бардым», дейді автор.
Кейіпкеріміздің ине-жіппен достығы 7-сынып оқып жүргенінде басталыпты. Дәл осы жылы әкесі «Қызым ісмер болсын» деп іс тігетін машина сыйға тартады. Ол кезде аядай ғана ауылдағы әр үйде іс машина жоқтың қасы еді. Сондықтан ол әкесі сыйға тартқан машинамен ең әуелі өзіне, кейін анасына көйлек тігіп береді. Әрі қарай үйдегі жыртылған киім-кешекті жамап, төсек-көрпелердің тыстарын тіге бастайды. Ол кезде көрпелерге құрақ салмайды. Матаны ұзыннан қиып, тіге беретін. Бүгіндері жасы 70-ке жақындаған Алтынай әжейдің ісмерлікке қызығушылығы сол кездерден бастап ояна бастайды. Ақкөңіл Алтынай әже жасап жатқан көрпе тыстарын көрсетіп, әңгімесін айтты.
-Құрақ көрпетыстарын тігуге үш-төрт күн уақыт кетеді. Қиықтарды сызғышпен өлшеп, түп-түзу қылып, қиып аламын. Көрпетыс сәнді болу үшін түстерінің сәйкес келуі, қиып алған қиықтарының бір-бірімен үйлесім табуы маңызды. Негізінен осы көрпетыстарды Семей жақтың халқы жақсы алады. Өзім Семей, Астана, Алматы қалаларына жиі барамын. Жүрген жерімде өзгеше дүние көрсем, суретке түсіріп аламын. Келген соң сол дүниені жасағанша асығамын. Құрақтан құрап көрпенің тысын жасау - үлкен еңбек. Біраз уақытың кетеді. Сонда да жаным қалайтын іс болғасын тастағым келмейді, - дейді кейіпкеріміз. Балалық шақтан басталған ине-жіпке құштарлық өмір жолында, кейіннен отбасылы болғанда да, өзіне көп көмегін тигізіпті. Қаратөбе ауданының Шөптікөл ауылында тұрған Алтынай әжей сауыншы болып жұмыс жасайды. Жұбайы ертеректе қайтыс болғандықтан, бес баланы тәрбиелеп өсіру де оңай болмайды. Әйтсе де негізгі жұмысына қоса, арасында өтініш айтқан ауыл келіншектеріне көйлек тігіп беріп, аз-мұз еңбегін алып жүреді. Жастайынан еңбекке бейім өскен Алтынай әжей ауыр жұмыстан қашпайды. Сиыр сауып, қой қырқып, арасында іс тігіп, бес құлынын жетілдіріп-жеткізеді. Кейіннен зейнеткерлікке шыққан соң, өзі қалаған ісмерлікпен дендеп айналыса бастайды. Кейіпкерімізге қыз жасауына салатын төсеніш, шай көрпелер жасауға тапсырыс көптеп түседі екен. «Алты төсеніш көрпе мен шай көрпе, диванға қоятын кішкентай көпшіктерге тапсырыс береді. Оны жасау үшін бір айдай уақытым кетеді», - дейді Алтынай әжей.
Халық арасында құрақ сөзінің мағынасы «Құдай құрастырсын» дегенді білдіреді деген пікір бар. Бұрындары өмірге келген перзенті шетіней берген ерлі-зайыптылар ел ішінде мата қиындысын жинап, бір-біріне жалғап, құралған матадан «құралсын, көбейсін» деген ырыммен көйлек тіккен немесе көп жыл зарыға күткен перзентін «Тіл-көзден аман болсын» деген ниетпен құрақ көрпеге ораған. Жаңадан қосылған шаңырақ иелеріне де «Дүние құралып, мал-мүлік бітіп, үй болып кетсін» деген тілекпен тысы құрақ көрпе-көпшік сыйлаған.
-Жалпы әйел затының ісмерлікке жақын болғаны дұрыс. Өзім қолыма ине-жіп алсам, санам сергіп, рахаттанып қаламын. Одан бөлек іс тігу әйел адамдарды сабырлылыққа, үнемділікке, төзімділікке үйретеді. Құрақты түрлі түсті маталардан құрайтындықтан, адам ойының ұшқырлығы, қиялы артады. Әсемдікке, әдемілікке құштар бола бастайсың. Үнемі құрақ құрап жүргеннен кейін бояулардың сырын біліп, дүниетанымың кеңейеді. Сондықтан икемі болса, әйел адамдарға іс тіккен өзі үшін де, отбасы үшін де пайдалы, - дейді Алтынай әжей.
Біздің кейіпкеріміз құрақ көрпе тігуден бөлек тоқымамен де айналысады. Ол кісі тоқыған қолғап-шұлықты қыс мезгілінде ауыл тұрғындары ерекше қызығушылықпен сатып алады. Сондай-ақ ол кісінің қолынан шыққан жөке (мочалка), шәйнек-құманның астына төсейтін төсемелері де сұранысқа ие. Одан бөлек бау-бақша өсіріп, ауласын гүлмен көмкеріп қойған ісмер әжейдің еңбекқорлығы - бөлек тақырыпқа жүк боларлық әңгіме. Бастаған ісін аяқтағанша тыным таппайтын әжейдің аналық жүрегімен көз майын тауысып, құрап берген құрақ көрпелері талай жастың құралып, үй болып кетулеріне ықпал етіп жатқан шығар.
Біз де өз тарапымыздан жаны сүйген іспен айналысып, айналасына шуақ сыйлап жүрген кейіпкеріміздің деніне саулық, жанарына шырақ, қолына қуат тілейміз.
Айта кетейік, құрақ көрпе - жай ғана көрпе емес. Оның маңызы тереңде. Ертеректе құрақ көрпені «Үй болып, бірігіп кетсін, көбейсін, өссін» деген ниетпен қыз жасауына арнайы салып жіберетін болған. Сондай-ақ бір айырылып, бір қосылып, үйлесе алмай жүрген жастарға да «Тезірек көңілдері жарасып, құралып кетсін» деген ниетпен құрақ көрпе сыйлаған.
Құрақ құрау кезінде ою-өрнек пен өлшемге ғана емес, мата түсі-
не де аса зор мән берілген. Түрлі түсті бояуымен көз қарықтыратын құрақта жиі пайдаланылатын түстердің сыры мынадай: көк, көгілдір түс ашық аспанды, сәттілікті бейнелейді. Қызыл түс - жанған оттың, аққан қанның, өмірдің белгісі. Жасыл түс жастықтың, бастаудың, көктемнің, өсімдіктің сырын шертсе, ақ түс парасаттылық пен асқақтықтың, адамдық пен ар
тазалығының мәнін ашады. Сары түс - даналықтың, білімділіктің, қара түс - қиындық пен қараңғылықтың белгісі. Сол себепті құрақта бұл түстер бір-бірімен тығыз байланысып, өмірдің бір ғана түстен тұрмайтынын анық ұқтырады. Сондықтан болар, шеберлер қызылдың жанына жасылды, ақтың жанына қараны, көктің жанына сарыны қойып, әр түсті өзінше сөйлетуге тырысады. Құрақтың біртегіс, әдемі шығуы үшін астарлап тіккен.
Қолөнер шеберлері құрақ тігісін қарсы құрақ, шаршы құрақ, шырша құрақ деп үш түрге бөледі. Қарсы құрақ бір-біріне қарсы тігілсе, шырша құрақ шырша тәрізді бір-бірімен қиылыса отырып жалғасады. Ал шаршы құрақ төртбұрышты қиындылардың бірі екіншісіне жалғанады. Осылайша, мата түрін өзгерте отырып, түрлі өрнектерді өмірге әкелуге болады.
«Қордың басты мақсаты - халықтың әл-ауқатын арттыру» - «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ-ны бүгінде халық жақсы біледі. Әсіресе, кең байтақ еліміздің ауыл шаруашылығын өркендетуге үлес қосып келе жатқан шаруа баққан малшыға, диқанға, жалпы, жыл-он екі ай күнкөрісін ауылдағы кәсіппен байланыстырған еңбекқор жандар оны өзіне мықты сүйеніш көреді. Осы қор арқылы өзі қалаған кәсіптің тізгінін ұстап, бүгінде талай нәтижеге қол жеткізген шаруалар еліміз бойынша бірнеше мыңдап саналады. Келешегі кемел қор алдағы уақытта да талай еңбеккердің томағасын сыпырары кәміл. Осыған орай журналист Есенжол Қыстаубаев аталмыш қордың өңірдегі филиалын басқарып отырған Қайриден Есенғалиұлы Жәкиевті әңгімеге тартып, сұхбат құрған.
Әу баста 2005 жылдан, яғни өзі құрылған уақыттан бермен қарай «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» ауыл тұрғындарын, ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірушілерді және шағын кәсіпкерліктің барлық саласын шағын несиелендірумен айналысып келеді. Ұшан-теңіз жұмысқа толы жүріп өткен 10 жылда ауыл шаруашылығындағы кәсіпкерлікті дамытуға 12,1 млрд. теңге бөлініп, оны 9 700 займшы алған екен.
Бертін келгесін, дәлірек айтқанда, 2013 жылдан бастап аталмыш қордың облыстардағы филиалдары еліміздің «Жұмыспен қамту 2020» бағдарламасын жүзеге асырудың аймақтардағы өкілет-ті органы болып табылады. Содан бері өткен 2013-2015 жылдарда біздің филиал 1496 адамға 2 млрд. 918 млн. теңге несие берген. Сол арқылы жаңадан 2 150 жұмыс орны ашылды. Жұмыссыз жүрген 803 адам жеке кәсібін ашуға, бұрыннан шаруамен айналысып келе жатқан 681 кәсіпкерге өзінің бизнесін әрі қарай дамытуға қор үлкен көмегін тигізген.
Ал үстіміздегі 2016 жылға келетін болсақ, биыл жыл аяғына дейін облыстың барлық аудандарына 918,9 млн. теңге несие беру жоспарланған. Осынау қаржыны облыстық аймақтық комиссия тиынына дейін есептеп, аудандарға бөліп қойған. Несие бес жылға дейін 6 пайыз жылдық үстемемен беріледі. Негізгі қарызды 18 айдан кейін, яғни 1,5 жылдан соң қайтара бастау керек.
Көп әріге бармай, соңғы үш жылдың төңірегінен әңгіме өрбітсек, жоғарыда айтқан 2 млрд. 918 млн. теңгені түрлі салаларда кәсіп жүргізген 1496 адам өзінің ғана емес, ел игілігін үстемелеуге жұмсады. Соның ішінде агроөнеркәсіпті дамытуға 1170 адам бел байлап, 2 млрд. 251,3 млн. теңгеге несиеленді. Жеңіл өнеркәсіп саласында 27,0 млн. теңгені 20 заемшы алды. Кәсібін құрылыс саласында жүргізетін 10 адам 18 млн. 950 мың несиеге қол жеткізді. Денсаулық саласы мен түрлі әлеуметтік қызмет көрсетуге бел байлаған екі адам 4 млн. 100 мың теңгені иемденді. Басқа да қызмет көрсету түрлерімен айналысуды мақсат еткен 296 адам 617 млн. теңге несиеге жүгінді. Шағын несиені негізінен ауыл шаруашылығы саласында жүргендер, соның ішінде мал шаруашылығын өркендеткісі келгендер көбірек алуда. Олардың қатарынан үш жыл ішінде біздің несиеге қол жеткізгендер 8569 бас ірі қара, 16800 бас ұсақ мал, 766 бас жылқы және 27 мың бастың үстінде құс алып, бүгінде жұмыстарын қызу жүргізуде. Мұның сыртында шаруалар малға қажетті 6700 тонна түрлі азықтар, 1300 қондырғы және 45 түрлі ауыл шаруашылығы техникаларын алды. Айтпақшы, ауылдағы кәсіпкерлермен бірге қаладағы кәсіпкерлерді де ұмытқан жоқпыз. Оларға жоғарыда айтқан 918,9 млн. теңгеден 158 млн. теңге оралдық кәсіпкерлердің кәсібін өркендетуге бөлінді.
Қордың директорлар кеңесі ҚР Үкіметінің 2015 жылдың 31 наурызындағы №162 «Жұмыспен қамтудың жол картасы 2020» бағдарламасын бекіту туралы қаулысына енгізілген өзгерістер мен толықтыруларды орындауды өзінің алдына мақсат етіп қойып отыр. Қаулыға енгізілген өзгерістер мен толықтыруларда «Жұмыспен қамтудың жол картасы 2020» бағдарламасы шеңберінде екінші бағыт бойынша несиелендіруді 2016 жылдың 1 қаңтарынан бастап, кәсіпкерлікті дамытудың аймақтық картасына сай жүзеге асыру, оның ішінде «Агробизнес - 2020» бағдарламасына сай басты бағыттардың бірі ретінде аталған жеке қосалқы шаруашылықтар негізінде ұсақ тауарлар өндіруді ұйымдастыру, сондай-ақ қаржының басым бөлігін тұрақты жұмыс орындарын құру туралы шарт қоя отырып, тұрғындарды еңбекке орналастыру жөніндегі орталықтар арқылы міндетті түрде жұмысқа тартуға бағыттау - бүгінгі күндегі басты мақсат. Ақиқатына келсек, ет пен сүттің 75-80 пайызы жеке шаруалардың қосалқы шаруашылықтарынан өндіріледі. Осыған орай Ауыл шаруашылығы министрлігі ауыл тұрғындарын жұмысқа тартуды бұрынғыдан да күшейтіп, олардың қосалқы шаруашылықпен айналысуына барынша жағдай туғызуды мақсат етіп отыр. Ол үшін министрлік тарапынан бүгінде тиімді шаралар әзірленіп жатыр.
Осы арада алынған несиелердің кері қайтарылу мәселесіне де
тоқталып кеткім келеді. Өйткені бүгінде 2013 және 2014 жылдардағы несиелерді қайтару мерзімі күшіне енді. Бірден айтайын, оларды қайтару барысы көңілді мүлдем көншітпейді. Қазірдің өзінде қайтарылмаған қарыздың бәрін жинақтап айтсақ, 57,8 млн. теңгеден асады. Бұл дегеніңіз -
қайтарылуға тиісті қарыздың 3,7пайызын құрайды. Әсіресе, Жаңақала, Сырым, Ақжайық, Зеленов аудандарындағы қайтарылмаған қарыздың портфелі өзге аудандармен салыстырғанда «жуандау». Соның ішінде қарызды өтеудің мерзімін кезінде жұмыссыз ретінде қарыз алғандар мүлдем сақтамай отыр. Оларға үкімет несиені өз ісін ашсын, сөйтіп, жұмыс істесін, жанұясын асырасын, елге, қоғамға пайда келтірсін деп тамаша мүмкіндік туғызды ғой. Сол жеке адамдар қайтармаған қарыздар бүгінде барлық қарыздың 76,7 пайызын құрайды. Бұл жағынан келгенде, Қаратөбе, Зеленов, Бөкей ордасы, Ақжайық, Жаңақала аудандары «көш бастап» тұр. Қарызды қайтару жұмыстарының барысы мүлдем сын көтермеуі - аудандарда арнайы құрылған комиссиялардың бағдарламаға қатысушыларды таңдауға қалай болса, солай қарағандарынан болып отыр деп айтуға әбден болады.
Өйткені несие алушыларды таңдап іріктейтін бұл комиссиялар қарыз алушылардың қаржылық мүмкіндігін, басқа да табыс көздерін сараптап, зерттемейді, шамаға соғады деп несиені бөліп жіберген. Жергілікті атқарушы органдардың да бұл жерде кінәлары жоқ деп айта алмаймыз. Олар өз ісін ашқысы келетіндерге сол тұрғылықты жердің, яғни ауданның ерекшелігі мен мүмкіндігін ескере отырып, бизнестің сол жерге тиімді, сұранысқа ие болатын түрін таңдауда дұрыс бағыт-бағдар бере алмай келеді.
Адамдар ашатын кәсіптің түрін жергілікті атқарушы органдар біз
жоғарыда айтқан әр аймақта арнайы дайындалған кәсіпкерлікті дамытудың картасымен тығыз байланыстырмайды. Сөйтіп, адамдардың қолға алған бизнесі бастамай жатып, тұралап, алынған қарыздың қайтарылмауы қордалана түсуде. Тоқсан ауыз сөздің тобықтайына келсек, аудандардың әкімдері аудандық ведомствоаралық комиссиялардың жұмысын тиісті деңгейіне қоюлары қажет. Ол комиссияға жұмыспен қамту орталықтарынан басқа ауыл шаруашылығы, кәсіпкерлік бөлімдері, кәсіпкерлер палатасы, жер қатынастары бөлімдері, халыққа қызмет көрсету орталықтарының, бір сөзбен айтқанда, несие алушы кәсіпкерлерге алғашқы экономикалық баға бере алатын мамандар тартылуы керек. Мұның сыртында несие алуға сұраныс жасағандарды таңдарда, ең алдымен, ауылдық округ әкімдері де тікелей жауапты болуы тиіс. Өйткені олар өз ауылдарының адамдарын, олардың мүмкіндіктерін жақсы біледі. Айтпақшы, біздің қор 2016 жылдың 1 шілдесінен 1 қазанға дейін «Борышты өсімпұлсыз қайтар!» акциясын жариялап отыр. Шаруалар бұл мүмкіндікті пайдаланып қалғандары жөн.
Тағы бір айта кететін мәселе, біздің ауыл шаруашылығын қаржымен қолдайтын қорымыз «Бизнестің жол картасы - 2020» бағдарламасы шеңберінде шағын қаржы ұйымдарын несиелендіре бастады. Оның мақсаты - аймақтық кәсіпкерліктің тұрақты және баланстандырылған өсуі мен жұмыс істеп жатқан және жаңа жұмыс орындарын ашуды қамтамасыз ету. Ол үшін үстіміздегі жылға 2 млрд. 647 млн. теңге, соның ішінде біздің облысқа 152 млн. теңге бөлінді. Бұл еліміз бойынша алсақ, барлық облыстарда жүзеге асырылады. Бөлінген қаржы моноқалалар, шағын қалалар, ауылдық елді мекендердегі шағын қаржы ұйымдарын несиелеу арқылы шағын бизнес субъектілерін шағын несиелеуге бағытталады. Несиелеу бағдарламасының талаптарына сәйкес, қарыздар шағын несие ұйымдарына одан әрі өз жобаларын жүзеге асырып жатқан немесе асыруды жоспарлаған кәсіпкерлерге бағытталады. Түпкі қарыз алушыларға берілетін шағын несиелердің мақсаты өз ісін ұйымдастыру мен кеңейту және айналымдағы капиталды салалық шектеусіз толықтыру болып табылады.
Қарыз алушы - шағын қаржы ұйымына берілетін қарыздың ең көп сомасы - 350 млн. теңге. Ал енді одан әрі түпкі қарыз алушыға 10 млн. теңгеден аспайды. Шағын қаржы ұйымына (ШҚҰ) бекітілген сыйақы үстемесі - жылдық 4 пайыз, жылдық тиімді сыйақы үстемесі 4,5 пайыздан аспайды. Түпкі қарыз алушылар үшін номиналды үстеме - жылдық 12 пайыз. Бұл несиелердің мерзімі 54 айдан аспайды. Айналымдағы капиталды толықтыруға бекітілген мерзім 36 айдан ұзақ емес.
«Жалпы, 2006 жылдан бастап «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ шағын несие (шағын қаржы) ұйымдарын қолдауға 10 млрд. 226 млн. теңге бағыттады. Бұл қаржыдан түпкі қарыз алушыларға 23 мыңға жуық шағын несие берілді. 2007 жылдан бастап «ҚазАгро» Ұлттық басқарушы холдингі» АҚ құрамына кіретін қордың түпкі мақсаты, ең басты миссиясы - ауылдағы кәсіпкерлікті дамыту, ауылдық жерлерде тиімді шағын несиелеу жүйесін дамыту, сол арқылы халықтың әл-ауқатын арттыру. Біз де осы бағытта жұмыстана береміз», деген Қ.Жәкиев сұхбатының соңында.
Газет тілшілеріне кейде оқырмандардың сұрауы, өтініш-тілегі бойынша іссапарға шығуға тура келеді. «Күрмеуі күрделі көлтабандар» (Сырымбек Тұяқов) - соның жемісі.
Елбасы Н. Назарбаев белгілеген «Қазақстан - 2050» стратегиясының 3-бағыты «Азық-түлік саласының перспективалы инновациялық кластері» бойынша жайлауда бағылатын мал шаруашылығын қалпына келтіру мен жайылымдарды суландыру инфрақұрылымын жаңғырту сықылды мал шаруашылығын дамытуға қатысты келесі мәселелер қазіргі таңда өзекті тақырыпқа айналып тұрғандай. Өңірімізде мал басы көбейгенімен, жайылымдардағы су көздерінің тапшылығы анық байқалуда. Ал бұл мақаланың жазылуына Бөкей ордасы ауданындағы Хан ордасы ауылы тұрғындарының өтініші сеп болды. Көпшілік оқырманға түсінікті болуы үшін 62 адам қол қойған хатты дәл сол күйінде оқып көрелік.
«1963 жылдан бері Қопаға су келуі тоқтатылып қалғаннан кейін талай рет қуаңшылық жылдары су тапшылығынан өте қатты қиыншылықтарға кезігіп, аса үлкен шығындарға ұшырағандығымызды біздің өлкенің үлкендері күрсіне еске алып отырады. Есімізге түсірсек, 1972 жылдың қуаңшылығы «Орда», «Бисен», М. Мәметова атындағы кеңшарлар мал азығын Жамбыл облысынан дайындауға мәжбүр болған. Ал 1974 жылдың қуаңшылығы өз облысымыздың Приурал ауданынан мал азығын дайындауға мәжбүр еткен. Содан соң 1980 жылы мал азығын Жымпиты ауданынан дайындап тасыды. Ал 1984 жылғы қуаңшылықта көршілес Жаңақала ауданындағы Қамыссамардың қамысын шауып, малға талғажу етуге ғана мәжбүр болдық. 1986 жылғы қуаңшылықта Зеленов ауданының егіс алқаптарынан тобанды буып және Тасқала ауданынан шөп дайындап, ол жеткіліксіз болып Фурманов ауданының «Сарықұдық» кеңшарының дайындап қойған шөбін қыстың үш айы бойы тасып, кеңшар мен жеке тұрғындардың малын аман әрең алып шыққан жағдай болған еді. Қазіргідей нарық заманында мал азығын өзге облыс, өзге аудандардан дайындау мүмкін емес. Ал 51 жыл бойы су түспеген Қопа әбден өзінің ресурсын тауысып, кеуіп кетті. Беті бір елі тұз. Ол желмен жан-жаққа ұшып, өсімдік жамылғысының көптеген түрлерінің жойылуына себепші болуда. Желмен көтерілген тұз адамдарға зиян тигізіп отыр. Қопаға су түсірудің бірден-бір жолы - шаруашылыққа ешқандай қызмет етпей тұрған биіктігі 14-15 метрлік Мұратсайдағы бөгетті бұзу. Күні бүгін бөгетте балық өсірілмейді, суармалы егіс егілмейді. Бұзған кезде қоймада су қалады, оған мұратсайлықтардың еш күмәні болмасын. Ол үшін Мұратсайдағы бөгетке шлюз қойса деген ұсынысымыз бар. Егер Қоспаға су түссе, Орда ауылдық және Бисен ауылдық округтерінің құмды өңірлері малға жайылымға жарап, мал басын арттыруға мүмкіндік болар еді. Мал суаруға қол жеткізер едік. Табиғаттағы су айналымы қалпына келіп, өсімдік жамылғысының түрлері көбейіп, мал басын өсіруге үлкен мүмкіндік болар еді. Сонымен бірге Хан ордасы ауылдық округі аумағындағы Әймекен жерасты суының деңгейінің төмендеу қаупі жойылады. Бірнеше жылдан бері Жәнібек ауданының тұрғындары да осы Әймекен жерасты суын тұтынып отыр. Ендеше, көрші Жәнібек ауданы Ресейден келген суды біздің Қопаға жіберуге ниетті болулары керек. Сонда табиғи үрдіс сақталып, Әймекен жерасты суының деңгейі төмендемейді және жоғарыдағы айтып өткеніміздей, мал шаруашылығына қолайлы жағдайлар қалыптасар еді. Егер Жәнібек ауданы Қопаға Ресейден келген суды жіберуге ниетті болмаса, біз де Әймекен жерасты суын Жәнібекке бермеу жөнінде мәселе қозғауымыз керек»...
Қарағайлы орманға көмкерілген Хан ордасына көп кешікпей жолымыз түсті. Ауылдық округ әкімі Мейрамбек Аққалиев, ауыл ақсақалы Төлеген Өтешов, аудандық әкімдіктің бас маманы Асылбек Ерешевпен бірге құм Нарынды шарлауға шықтық. Мақсатымыз - мақалаға арқау болған Қопа көлтабанының орнын көріп, бағамдау. Ауылдың солтүстік-шығысына шыға бере Төлеген ағамыз көлікті тоқтатты.
-Міне, бір кездері осы тұста аққулар жүзіп, үйрек-қазы қаңқылдаған дария болатын, - дейді ақсақал жоталары биік құм далаға көз қиығын салып.
Жел айдаған жаққа құмы көшіп жатқан ен дала төсінен айдын-көлді елестеткен қарияның жүзінен сонау жылдарға деген сағыныш сағым болып көлбеңдегендей.
Жүрдек көлікпен жүйтки жүріп, көлтабанның орнын бірер сағатта аралап шықтық. Аракідік аялдаған тұста ақсақал дәл сол жердің өткен тарихынан сыр шерте тұрып, тұз жамылған көлтабанның орнына қарап мұңая түседі.
-Мұратсайдағы бөгетті көрсеңіздер, бәрі түсінікті болар, - деді қария бізбен қоштасар сәтте.
Ат басын бірден Мұратсайға бұрып, аталмыш округтің әкімі Сұңғат Қойшыкеновтің қызмет бөлмесіндегі аз-кем дидарластықтан соң ауыл ақсақалы Каспи Жахатовтың бастауымен бөгет басына бет алдық.
1961 жылы кеңшардың шаруашылық есебінен салынған бөгет 1980 жылы «Каззапгипроводхоз» институтының жобасымен қайта жаңартылған. Бөгеттің техникалық сипаттамасына үңілсек, топырақтан көтерілген, ұзындығы - 822, ені - 9, ең жоғары биіктігі - 11 метр.
Қалыпты жағдайдағы су көлемі 16,3 млн. текше метрді құрайтын Мұратсай су қоймасына соңғы екі жылда мүлдем су келмепті. Қойма суының тартылғанын жағажайда жайқалған құрақ пен жүректі айнытар қолаңсы иістен-ақ аңғаруға болатындай.
Отыз жылдан астам жөндеу көрмеген бөгеттің сыйқы да адам шошырлық. Бөгет үстіндегі жолмен лайсаң уақыттарда техника түгілі ат-арбамен жүріп өтудің өзі қорқынышты көрінері кәміл. Бөгеттің сол жағында табиғи су айналмасы бар. Көктемде тасқын бола қалған жағдайда су осы айналмамен Тайғара сайына түседі екен. Айналманың су жіберу қабілеті - секундына 77,7 текше метр.
Өткен ғасырдың сексенінші жылдары аталмыш аймақтағы 1460 гектар жерге бақша дақылдары және мал азығы үшін көпжылдық шөптер егіліп, оны суаруға Мұратсайдың суы пайдаланылған.
-Кеңшар тарағаннан кейін суармалы егістік жерлер иесіз қалып, суландыру жүйесі істен шықты. Су қоймасы жылдан-жылға тартылып барады. Оның үстіне осы қойманы балық өсіремін деп қалалық кәсіпкер жалға алған. Су қоймасын жалға беру жөнінде тендер өткізілетіндігін ауылдағылардың ешқайсысы білмей қалды. Қалалық «Пульс» газетінде ха барландыру жарияланған екен. Біздің ауылға ондай газет келмейді ғой. Ауылдастарым әлі күнге соған наразы.
Жол бастап жүрген Каспи ағамыз бір кезде дәл осылай деп ағынан жарылғаны.
-Расымен де, маған да ешкім ескертпеді. 2014 жылдың қыркүйек айында тендер өткен екен. Биылғы сәуір айында ауыл тұрғындары осы мәселе бойынша бас қосып, жиналыс хаттамасын облыстағы сала басшыларына жібердік. Мамыр айында облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының мамандары келіп, тұрғындармен кездесті. Тұрғындар тендердің қайта өткізілуін талап етуде, - дейді ауылдық округ әкімі.
Міне, осылайша қоймаларына су келмей қалғанына мұңайып отырған мұратсайлықтар өз өкілдерінің қатынасуынсыз өткен тендерге де наразы.
Қопаның тұз басқан даласын да, Мұратсай су қоймасы мен оның бөгетін де біраз әңгімелеген автор мақаласын былайша түйіндеген.
Жалпы аумағы 17 мың гектарға жуықтайтын Қопа көлтабанын толтыру үшін сала мамандарының есептеуінше, 170 млн. текше метр су қажет. Ал Мұратсай қоймасына жылына берілетін су көлемі - 2,6 млн. текше метр. Мұратсайға су Жәнібек суландыру жүйесі арқылы, Жәнібекке Ресейдің Палласовка суландыру жүйесі арқылы жылына 30 млн. текше метр берілетіндігін де естен шығармаған абзал.
Бөкейліктер аталмыш мәселеге қатысты өңір басшылығын да құлағдар етіп, тиісінше жауап та алып үлгеріпті.
«Мұратсай су қоймасынан төменгі Қопа көліне тұрақты түрде су беру үшін ең алдымен Жәнібек магистралды каналын күрделі жөндеуден өткізу қажет. Бұл шара Қазақстанның су ресурстарын басқару мемлекеттік бағдарламасын іске асыру жөніндегі 2014-2020 жылдарға арналған іс-шаралар жоспарында қаралған. Ал Мұратсай су қоймасын күрделі жөндеуден өткізу және Қопа мен Мұратсай су қоймасын қосатын өзекті тазарту жұмыстарын жүргізу үшін жобалық сметалық құжат әзірлеу Бөкей ордасы әкімдігіне тапсырылатын болады. Осы құрылыс жұмыстары атқарылғаннан кейін Ресейдің Палласовка суландыру жүйесінен Жәнібек суландыру жүйесі арқылы Қопа көлдеріне су алу үшін республикалық бюджеттен қаражат сұралатын болады» делінген облыс әкімінің бірінші орынбасары Арман Өтеғұлов қол қойған қатынас хатта.
Облыстағы сала мамандары жайылымдық жерлерді суландыруды жедел қолға алу қажет деп есептеуде. Себебі мал саны көбейгенімен, жайылымдағы су көздері тартылып, топырақ қабаты кеуіп, өсімдік қорының сиреп бара жатқандығы айтпаса да түсінікті.
Ресми мәліметтерге сүйенсек, облыс аумағында 1950-1980 жылдары салынып пайдалануға берілген 59 су қоймасы мен су арнасы нысандары бар. Осының 27 құрылғысы мемлекеттік коммуналдық меншік иелігінде болса, 32 құрылғысы жергілікті жердегі әкімдіктер, кәсіпорындар, жауапкершілігі шектеулі серіктестіктер балансында тұр.
Бүгінгі таңда облыста жалпы көлемі 10 млн. 105 мың гектар жайылым жерлер есепте болса, оның 8 млн. 249 мың 500 гектары суландырылатын жерлер есебінде тұр. Суландырылатын жайылымдық алқаптар есебі жаңғыртуды қажет етеді, себебі мұндай жайылымдылық алқаптарды түгендеу жұмыстары 20 жылдан астам уақыттан бері жүргізілмеген. Осы мәселені реттеу үшін сала мамандары ауыл шаруашылық алқаптардың жарамды суармалы жерлерін картаға түсірген.
-Біздің облыстағы 255 985 гектар көлтабанның 55 839 гектары жүйелі суармалы жерлер есебінде тұр. Ал соның жыл сайын орта есеппен 2 500 гектары ғана суарылады. Қалған 53 мың гектары кезінде иесіз қалды. Оларды қайта қалпына келтіру үшін көп қаражат керек. Көлтабандардың 130 мың гектардан өзгесі пайдалануға жарамсыз. Себебі кей жерлерде кепілді су көздері жоқ. Топырағы сортаңданған, қамыс-қоға басып кеткен. Сондықтан мұндай жерлерді суарылмайтын жерлер санатына аудару қажеттігі туындауда, - дейді «Қазсушар» РМК Батыс Қазақстан филиалының бас гидротехнигі Шынболат Бекұлы.
Мемлекеттік қорда орналасқан 31,9 мың гектар суармалы жерлердің жағдайына келетін болсақ, оның ішінде 21,8 мың гектар жерде су көздері жоқ, қалғаны су сору техникаларының істен шығып қалу себебінен пайдаланылмай отыр екен.
«Міне, өңіріміздегі көлтабандардың жалпы жай-күйі осындай. Күрмеуі қаншама күрделі болса да, ауылдағы ағайын мәселенің біртіндеп шешілеріне үміт артатыны ақиқат», делінген мақала соңында.
Әр өңірде елге сыйлы ақсақалдар болады. Оларға дүниеден өткеннен кейін де құрмет көрсетіледі. Соның бірі - Батыс Қазақстан мен Көкшетау облыстарында басшылық қызметтер атқарған соғыс және еңбек ардагері Бисен Жұмағалиев. «Жұрт жадындағы тұлға» (Нұрбек Оразаев) деген ақпаратта Орал қаласының құрметті азаматы болған Бисен Жұмағалиевке ескерткіш тақта ашылғаны айтылған. Ол тұрған үйдің маңдайшасына орнатылған естелік тақтаның ашылу салтанатына өңірдің соғыс және еңбек ардагерлері, марқұмның үзеңгілес жолдастары мен ұрпақтары қатысты.
Бисен Жұмағалиев 1922 жылы 22 желтоқсанда Батыс Қазақстан облысының бұрынғы Тайпақ ауданы Сайқұдық ауылында дүниеге келген. 1940 жылы педагогикалық училищені бітірген ол еңбек жолын мектеп мұғалімдігінен бастаған. 1942жылдың қаңтар айында майданға аттанып, 13-дивизияның құрамында Ленинград қаласын қорғауға қатысқан. Майдангер соғыс жылдары қару мен қаламды қатар ұстап, «На страже Родины» газетінің қазақ тіліндегі «Отанды қорғауда» атты парақшасын шығаруға тұрақты атсалысқан. Осылайша ол 1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысындағы қазақтан шыққан 79 әскери журналистің бірі болды. Өзі соғыста қан кеше жүріп, қазіргі «Орал өңірі», сол кездегі «Екпінді құрылыс» газетіне майдандағы жағдай, қазақ жауынгерлерінің жанқиярлық ерлігі, тылдағы ел-жұрттың жанкешті еңбегі туралы мақалалар жолдап тұрған.
Бисен аға майданнан оралған соң 1945-1955 жылдары БҚО «Екпінді құрылыс» газетінің редакторы, Фурманов ау-дандық партия комитетінің бірінші хатшысы болып қызмет атқарады. 1960-1985 жылдары Орал, Көкшетау облыстық партия комитеттерінің хатшысы қызметінде болады. 1985 жылы зейнет демалысына шыққан соң Көкшетау қаласындағы Куйбышев атындағы мемориалдық музейдің директоры болып еңбек етеді. Ұлы Отан соғысындағы қазақ жауынгерлерінің ерліктері, Ленинград қорғаушылары туралы «Степные зари Приуралья», «Обновленная степь», «10 лет с М. Шолоховым» атты кітаптар жазған. Бисен Жұмағалиұлы Отан соғысы, үш мәрте Еңбек Қызыл Ту, «Құрмет Белгісі» ордендерімен, бірнеше медальдармен марапатталған.
-Мен Бисен ағамен 60 жыл бойы араластым. Ол тек менің ғана емес, халықтың тәрбиешісі болған жан. Барлық саналы ғұмырын халықты, әсіресе, жастарды тәрбиелеуге арнады. Өмірге деген құлшынысы зор еді. Марқұм ешқашан жеке басындағы немесе қызметтегі, болмаса соғыста кездескен қиындықтар туралы сөз қозғамайтын. Ең басты ұстанымы дұрыс өмір сүру, қоғамға адал қызмет ету, халықтың құлы болу еді. Тіпті құрметті демалысқа шыққан соң да қоғамдық белсенділігін бәсеңдеткен жоқ. Ол соңғы демі шыққанша облыс әкімінің штаттан тыс кеңесшісі ретінде еліміздің әлеуметтік-экономикалық өркендеуінің алғышарты - ұлтаралық жарасымның нығаюына және халық пен биліктің арасындағы екіжақты тиімді байланыстың беки түсуіне, жас ұрпақтың елжанды азамат болып қалыптасуына ұдайы мүдделілік танытты. Бисен аға өзінің еңбекқорлығымен, адами қасиетімен өз-өзіне ескерткіш қойып кеткен жан, - деді ескерткіш тақтаның ашылу салтанатында сөз алған еңбек ардагері Жайсаң Ақбай.
Сондай-ақ естелік тақтаның ашылуында соғыс ардагері Иван Гапич, салтанатқа арнайы Көкшетау қаласынан келген Бисен ағаның шәкірті, Көкшетау қаласының құрметті азаматы Шиап Әлиев сөз алды. Салтанатты рәсімге жиналғандар қабір басында болып, марқұмның аруағына Құран бағыштады.
Орал қаласының тыныс-тіршілігі облыс басшысының үнемі назарында. Мұны «Қала көркі - ортақ игілік» атты көлемді ақпараттан (Нұрбек Закарияұлы) білуге болады. Өңір басшысы Алтай Көлгіновтің төрағалығымен облыс әкімдігінде өткен кеңесте қаланы абаттандыру, қаланың архитектуралық сыртқы келбетін біркелкі қалыптастыру мәселесі талқыланған.
Кеңес отырысында Орал қаласының әкімі Нариман Төреғалиевтің баян еткеніндей, биылғы жылы қала бойынша бірқатар көшелер күрделі жөндеуден өтуде. «Қаланың басты көшелеріндегі ғимараттардың түстеріне де көп көңіл бөлуіміз керек. Себебі әр ғимарат әр түрлі түске боялып, көшенің сәнін кетіріп тұр. Осы мәселенің біржақты шешу жолдарын қарастырудамыз. Барлық ғимараттарды бір түске бояуды қолға алуымыз керек. Сонымен қатар сол ғимараттарға жүйесіз ілінген жарнамалар да қала көркін қашыруда. Бүгінгі таңда осы жарнамаларды алдыру мақсатында жұмыстанудамыз. Біздің тарапымыздан түрлі тексерістер ұйымдастырылып, рейдтерге шығып, жарнамаларын алып та тастаған кездеріміз болды. Бірақ жеке кәсіпкерлер ертесіне сол жарнаманы қайта жапсыра салады. Ол аз болғандай, аялдамаларға, бағандарға да жарнама ілу тоқтамай отыр. Ғимараттардың сыртқы келбетін бірдейлендіру бойынша да бірқатар жұмыстар ұйымдастырылуда. Әзірге мемлекеттік мекеме-кәсіпорындардың ғимараттарымен шұғылданып отырмыз. Бұдан соң жеке нысандарға қатысты да осы бағытта жұмыстар жүргізетін боламыз. Осындай олқылықтар жіберілген нысандарда болып, басшыларымен сөйлестік. Осы кеңеске қатысып отырған білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет басқармаларының басшыларына және банктердің жетекшілеріне қаражат көзін қарастырып, ғимараттар сыртына, ең болмағанда, жеңіл жөндеу жұмыстарын жүргізуді сұраймыз. Қаланың басты көшелерінің бойында орналасқан ғимараттардың басым бөлігі - тарихи ғимараттар. Сондықтан әуелі қайта қалпына келтіру жұмыстарын жүргізіп, содан соң ғимараттың алдыңғы жағын бірдейлендіріп бояуды ұсынамын. Жөндеуді қажет ететін ғимараттардың жобасы бізде дайын тұр», - деді қала әкімі.
-Қала орталығындағы басты көшелердің жолы, жол жиектері, жаяу жолдар жөндеуден өтуде. Бұл жұмыстардың барлығы қала тұрғындарына жәйлі жағдай туғызуға бағытталып жасалуда. Ендігі жерде көшелердің жарықтануын қолға аламыз. Ескі бағаналар мен электр сымдарын жаңғыртып, энергия қуатын үнемдегіш жарықшамдарын қоюды жоспарлап отырмыз. Тағы бір мәселе - автобус аялдамаларын жаңарту. Себебі қоғамдық көлікпен жүретін тұрғындарға да жағымды жағдай жасауымыз керек. Көптеген аялдамалардың әбден тозығы жеткен. Бірсыпырасын орта және шағын бизнес өкілдері жалға алған. Сол аялдамалардан түрлі сауда орындары мен дүкендер ашып, пайдасытауып отыр. Бірақ жалға алғасын аялдамаларға да қажетті күтім жасап тұруды талап етуіміз керек. Біз Оралды таза, жасыл қала деп жатамыз. Сондықтан қала осындай дәрежеге сай әсем де болуы тиіс. Көгалдандыру, абаттандыру жұмыстарын алдымен күрелі жөндеуден өтіп жатқан көшелерден бастауымыз керек. Жоғарыда айтылған жарнамалардан адамның көзі сүрінеді. Тіпті олардың көптігінен кейбір ғимараттар да көлеңкесінде қалып отыр. Қалалық мәслихат бекіткен абаттандыру ережесі бар. Мемлекеттік мекеме-кәсіпорын басшылары да, жеке нысан иелері де осы ережеге бағынулары керек. Бағынбаған жағдайда әкімшілік жазаға тартылуы қажет, - деді облыс әкімі Алтай Көлгінов.
Бұдан соң қалалық архитектура бөлімінің мамандары Достық көшесі бойындағы келбеті азып тұрған бірқатар ғимараттарды атады. Олардың қатарында Х.Есенжанов атындағы кітапхана, ІІД-ға қарасты госпиталь, тері аурулары диспансері, әскери прокуратура, жұмыспен қамту орталығы, №3 емхана, №3 музыка мектебі, М. Өтемісов атындағы БҚМУ, Кареев үйі, Гагарин кинотеатрының ғимараттары бар.
Бұдан соң облыс әкімі жоғарыда аталған ғимараттарға иелік ететін құзырлы мекеме басшыларына жақын арада ғимараттардың сыртына, тым болмағанда, жәй жөндеу жұмыстарын жүргізіп, қалпына келтіруді тапсырды. «Ғимарат келбетінің жақсы болуына ең алдымен сол мекемекәсіпорынның өздері мүдделі болулары тиіс. Күнделікті келіп жұмыс жасайтын ғимаратының азып-тозып тұрғаны кім-кімге де жақсы емес. Сондықтан абаттандыру жұмыстарын өзімізден, яғни өз ғимаратымыздан бастауымыз керек. Содан соң ғана жеке нысандардан талап ете аламыз», - деген кеңесті қорытындылаған Алтай Көлгінов.
Облыс әкімі Алтай Көлгінов БҰҰ балалар қорының (ЮНИСЕФ) Қазақстандағы өкілі Юрий Оксамитныймен кездескен. Бұл туралы «Жарасты ынтымақтастық жалғаспақ» атты хабардан (Нұрбек Оразаев) білуге болады.
Өңір басшысы әлемдегі және Қазақстандағы балалардың жағдайын жақсартудағы ЮНИСЕФ-тың маңызды рөліне тоқталып, аталмыш қор мен облыс арасындағы табысты ынтымақтастықтың жалғасатынына сенім білдірді.
-Әріптестеріңізбен бірге біздің өңірге ат басын бұрып келгеніңізге қуаныштымыз. БҰҰ балалар қорының бала құқығын қорғауда атқаратын рөлінің зор екендігін шынайы түсінеміз. Сіздің қор ана мен бала өлімін болдырмау, жетім балалардың құқығын қорғау мен оларға әлеуметтік қолдау көрсету бағытында бірқатар игі бастамалардың ұйытқысы болуда. Сонымен қатар қоғамға қажетті жанұядағы бала тәрбиесін, отбасы құндылығын әрдайым насихаттап отырасыздар. Бүгінгі біздің өңірге сапарыңыз білім беру, денсаулық сақтау, жастар саясаты сынды бірқатар маңызды салаға жаңа серпін беретініне сенімдімін, - деді Алтай Көлгінов.
Айта кетейік, 1992 жылы ақпанда балалар қоры мен Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы балалар жағдайын бағалауды өткізу үшін тәуелсіз Қазақстанға бірінші миссиясын ұйымдастырды. Бұл барлық балаларды қызылша және полиомелитке қарсы иммундау миссиясы ЮНИСЕФ-
тың Қазақстандағы қызметіне негіз болған бірінші жобасы еді. 1994 жылы ЮНИСЕФ-тың Қазақстандағы өкілдігін ұйымдастырғаннан кейін ҚР Үкіметі мен ЮНИСЕФ-тың тұрақты бағдарламасы бойынша жұмысы басталды. Қазақстандағы ЮНИСЕФ балалар қоры әлеуметтік саясат және білімді басқару, денсаулық және балалар мен жасөспірімдердің дамуы, балаларды қорғау секілді үш негізгі бағытта қызмет жасайды.
Облыс басшысымен өткен кездесуде қордың Қазақстандағы өкілі
Юрий Оксамитный балалар құқығын қорғау мақсатында еліміз бойынша атқарылып жатқан бірқатар істерге тоқталып өтті. Сонымен қатар кездесу барысында балаларды қорғаудың өзекті мәселелері, білім, денсаулық сақтау және әлеуметтік даму салаларындағы ынтымақтастықтың алдағы келешегі талқыланды.
Қоғам өмірінің алға басуында кәсіпподақтар рөлі ерекше. Өңірдегі кәсіподақ ұйымдарының тыныс-тіршілігі туралы «БҚО кәсіподақтар орталығы» аумақтыұ кәсіподақтар бірлестігінің төрағасы Ербол Салықов «Кәсіподақ ұйымын құруға ешкім кедергі бола алмайды» деген сұхбатында (Гүлбаршын Әжігереева) әңгімелеп берген.
-Ербол Ғұмарұлы, КСРО ыдырағалы бері посткеңестік кеңістікте кәсіподақ қозғалысының, кәсіподақ ұйымдарының қоғамдық-саяси белсенділігі күрт бәсеңдегені жасырын емес. Бірақ соңғы жылдары елімізде кәсіподақ ұйымдарының тыныс-тіршілігі қайта жанданғандай әсер қалдырады. Сіз бұл құбылысқа қандай факторлар әсер етті деп ойлайсыз?
-Кеңестік одақ ыдырап, оның құрамындағы республикалар өз алдына тәуелсіздігін алған жылдары кәсіподақтар саласында да көптеген өзгерістер орын алды. Сол кездерде елімізде кәсіподақ мүшелерінің саны 7 миллионнан
асса, өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдарындағы құлдырау мен дағдарыс кезінде еліміздегі кәсіподақ мүшелерінің саны 2 миллионның үстінде ғана қалды. Қиын кезеңдерде де кәсіподақтар мүшелерінің қатарын сақтау бағытында жұмыстар жүргізілді. Бүгінде кәсіподақтар азаматтық қоғамның маңызды бөлігіне айналды. Елімізде болып жатқан оң өзгерістер көп жағдайда әлеуметтік тұрақтылыққа, қызметкерлердің әлеуметтік-еңбек құқықтары мен мүдделерінің қорғалуына, еңбек заңдылықтарының сақталуына байланысты және бұл мәселеде кәсіподақтардың үлкен үлесі бар екені анық. Облыс көлеміндегі көптеген қызметкерді біріктірген кәсіподақтардың аясы да жылдан-жылға кеңейіп келеді. Облыстағы кәсіподақ ұйымдарының құрамын жақсарту бойынша бірқатар жұмыстар жүргізілуде. Облыс бойынша кәсіподақ мүшелерінің жалпы саны 58 мыңнан асты. Облыс көлемінде 852 бастауыш кәсіподақ ұйымы болса, соның ішінде 98 цехтық кәсіподақ ұйымы және 206 кәсіподақ тобы бар.
Кәсіподақтардың жұмысына еліміздегі кәсіподақтардың құқығы мен жауапкершілігін және кәсіподақтардың қызметіне қатысты бірқатар шараны қамтитын 2014 жылғы 27 маусымда қабылданған «Кәсіптік одақтар туралы» жаңа заң тың серпін берді. Өйткені 1993 жылы қабылданған «Кәсіподақтар
туралы» заңдағы көптеген ережелер өмір ағымынан кейін қалып қойды, кейбір нормаларда қарама-қайшылықтар кездесіп, заң түбегейлі өзгертуді қажет етті.
Жаңа заңға сәйкес кәсіподақ саласында кадрлық, құрылымдық және жүйелік түбегейлі өзгерістер болды. Жаңа заңмен кәсіподақтардың қызметі реттеліп, оған жұмысшы мүддесін қорғауға өкілдік берілді. Заң тәуелсіз еліміздегі кәсіподақ ұйымының мәртебесін көтере отырып, еңбек адамының құқықтарын бұзуға жол бермеуді көздейді.
-Елбасы алға қойған институционалдық реформаларды жүзеге асыруға кәсіподақ ұйымдары қандай үлес қоса алады?
-Елбасымыз Н. Ә. Назарбаевтың елімізді өркендету, дамыту жолындағы жүргізіп отырған салиқалы саясаты көптеген елдер үшін үлгі болуда. Елімізде тәуелсіздікке қол жеткізген осы жылдар ішінде көптеген маңызды шаруа жүзеге асырылды. Қазақстанды мекен еткен 120-дан астам ұлт пен ұлыс өкілдерінің ұлтаралық достастығы, елдегі тұрақтылық соның жемісі дер едім. Қазақстанның дамуы жолындағы бес институционалды реформаны жүзеге асыру бойынша «100 нақты қадам» бағдарламасы халқымыздың тарапынан үлкен қолдауға ие болды. Бұл бағдарлама қоғамның барлық саласын қамтып отыр, яғни еліміздің дамыған 30 мемлекеттің қатарына кіруі жөніндегі басты құжаттардың бірі деп айтуға болады. Ұлттық жоспарды жүзеге асыру тек мемлекеттің ғана міндеті емес, барлық қазақстандықтардың ортақ міндеті деп білемін.
Бес институционалды реформаны жүзеге асыру бойынша ҚР Президенті Н. Ә. Назарбаев 2015 жылдың 23 қарашасында қол қойған, 2016 жылдың 1 қаңтарынан бастап күшіне енген Қазақстан Республикасының жаңа Еңбек кодексін түсіндіру жұмыстары жалғасуда. Кәсіподақ ұйымдарының қатысымен әдістемелік және құқықтық көмектер көрсету, кәсіподақтардың жұмысымен таныстыру, қызметкерлердің еңбек құқықтарын қорғау мәселелеріне байланысты облысымыздың аудандарына «Аудандағы кәсіподақтар күнін» өткізу бағытында жұмыс сапарлары ұйымдастырылуда. Іссапарлар барысында облыстық кәсіподақтар орталығы мен аудан әкімдіктері арасында өзара іс-қимыл және ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылады. Сонымен бірге жақында өткен кәсіподақтар форумының бағдарламалық жоспарына сәйкес, М. Өтемісов атындағы мемлекеттік университетінің базасында облыстық кәсіподақтар орталығының ұйымдастыруымен, Қазақстан Республикасының кәсіподақтары федерациясының оқыту, зерттеу және дауларды реттеу орталығының директоры Мейрам Қажыкеннің дәріс оқуымен, облыстағы және аудандардағы кәсіподақ ұйымдарының жетекшілері мен белсенділерінің қатысымен «Әлеуметтік әріптестік және ұжымдық келісім қарым-қатынастары» тақырыбында үлкен семинар-кеңес ұйымдастырылды. Оған 180-ге жуық адам қатысты. Үш сағатқа созылған семинар кеңестің барысында кәсіподақ ұйымдарының жетекшілері мен мүшелері, кәсіподақ белсенділері жаңа Еңбек кодексіне қатысты және кейбір заңнамалық актілер жөнінде өздерінің сұрақтарын қойып, толық жауап алды.
-Ербол Ғұмарұлы, еңбек дауларынан, жұмысшылардың жұмыс жағдайына қатысты наразылығынан туындайтын әлеуметтік шиеленістердің алдын алуда кәсіподақ ұйымдары қаншалықты ықпалды?
-Кәсіподақтар кез келген еңбек ұжымдарындағы дауды сыртқа шығармай, олардың алдын алуға қызмет етеді. Кәсіподақтардың міндеті - еңбек дауларының алдын алу. Елімізде орын алып жататын көптеген еңбек даулары мен шиеленісулер заңнамаларда қамтылған талаптардың өз деңгейінде орындалмауынан болып отыр деп есептеймін. Бізде, кейбір еңбек ұжымдарында, соның ішінде кәсіпкерлік саласына жататын құрылыс, өнеркәсіп, шикізат өңдеу, сауда-саттық салаларында кәсіподақ ұйымдары жоқ. Жалақыны кешіктіруден басталатын еңбеккерлер құқығын қорғамау, олардың шағымдарын елемеу сияқты әлеуметтік шиеленістер көбіне-көп кәсіподақ ұйымы жоқ мекеме-кәсіпорындарда туындайтыны сөзсіз.
Еңбек ұжымдарында кәсіподақ ұйымы болмаса, біз заң жүзінде тікелей араласа алмаймыз. Кез келген жұмысшының құқығын қорғауға қабілетті кәсіподақтардың қызметін көпшілігі кеңінен түсінбей келеді. Әсілі, көп жағдайларда дау-дамайды шешуге, түсініспеушілікті келістіруге болады. Бұл жердегі, ең бастысы, ұжымдық шарттарда барлық мәселелер жан-жақты қамтылуы тиіс. Еңбекті қорғау заңдылықтарын ескере бермейтін, соған орай жұмыс орындарында қайғылы оқиғалар орын алатын кейбір мекеме, кәсіпорындарда мұндай жағдайдың алдын алудың бірден-бір жолы, жаңа Еңбек кодексінде белгіленген өндірістік кеңестердің, олардағы еңбекті қорғау жөніндегі техникалық инспекторларының жұмыстарын кеңінен қолданысқа енгізіп, кәсіподақ ұйымын құрып, ұжымдық шартты біршама жетілдірсек, көптеген мәселе өз шешімін табар еді.
Ұжымдық шарт жасаудың өз артықшылығы бар. Ол жұмыс беруші мен ұжым қызметкерлерінің мүдделерін келістіруге мүмкіндік береді, өйткені ұжымдық шарт - ұжымдағы әлеуметтік-еңбек қатынастарын реттейтін негізгі құқықтық акт. Яғни еңбек даулары мен жанжалдардың алдын алады, сондай-ақ жұмыс беруші мен қызметкерлердің өзара міндеттерін қамтиды.
Кәсіподақ - ұйым мүшелерінің құқығын қорғайды. Кей кездерде жұмысшылардың талабы орынсыз болса, оның міндеттері мен жауапкершілігін сезіндіріп отыратын ұйым болып табылады. Кәсіподақ ұйымын құру жөнінде 10 адамнан тұратын бастамашы топ жұмыс
беруші алдына өздері кәсіподақ ұйымын құратыны туралы мәселе қойса, оның құрылуына ешкім кедергі бола алмайды. Ең бастысы, ұжым мүшелерінің ынтасы керек.
-Кеңестік заманда жұрттың санасында кәсіподақ жаңажылдық сыйлықтар тарататын, шипажайларға жолдамалар үлестіретін немесе материалдық көмек көрсететін қайырымды ұйым ретінде қалыптасты. Қазіргі кәсіподақтың бет-бейнесі қандай дегенге не дер едіңіз?
-Бұрын кәсіподақ ұйымдарының беделді болғанын көпшілік жақсы біледі. Ол кезде «Кәсіподақ бізге не береді?» деп ешкім сұрамайтын, өйткені кәсіподақ балаларға балабақшалардан, пионер лагерьлерден орындар ұсынды, мектеп оқушыларына ірі қалаларға тартымды-тағылымды саяхаттар ұйымдастырды, шипажайларға жолдамалардан көмектесті. Бір сөзбен айтқанда, ол кездегі кәсіподақ материалдық және әлеуметтік игіліктерді бөлуші болатын. Сондықтан әлі күнге көпшіліктің санасында «Кәсіподақ маған не береді?» деген сұрақ қылаң беретіндігі жасырын емес. Мұның өзі кәсіподақтың немен айналысатындығы, қандай мәселелерді шешетіндігі жөніндегі ақпараттың жеткіліксіздігін көрсетсе керек.
Ал кәсіподақтың негізгі жұмысы қызметкерлердің еңбек және
әлеуметтік-экономикалық құқықтары мен мүдделерін қорғауға жұмылған. Сонымен қатар кәсіподақ ұйымдары салауатты өмір салтын нығайту, бұқаралық спортты дамыту бағытындағы мәдени-спорттық шараларды өткізіп, өздерінің жоспарлы жұмыстарын жүргізуде. Мысалға, биылғы наурыз айында облыстық білім және ғылым қызметкерлерінің кәсіподақ мүшелері арасында салауатты өмір салтын насихаттау және оларды спортқа тарту бағытында облыстық «Денсаулық» спартакиадасы ұйымдастырылды. Оған 13 команда сапында 250-ге жуық спортшы қатысты. Жарыс жеңімпаздарына кәсіподақтарды қолдау бағытында демалыс сауықтыру орындарына тегін 10 жолдама берілді. Осы бағытта маусым айында мемлекеттік мекемелер қызметкерлерінің салалық кәсіподағы ел тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай салауатты өмір салтын насихаттау, бұқаралық спортты дамыту бағытында спорттың тоғыз түрінен 18 команданың қатысымен спартакиада өткізді. Оған бір мыңға тарта мемлекеттік қызметші қатысты. Осындай мәдени-көпшілік және түрлі спорттық, кәсіподақ мүшелерінің балаларына жазғы демалысты ұйымдастыру шаралары мәдениет, денсаулық сақтау салалық кәсіподақтары, басқа да ірі кәсіподақ ұйымдары тарапынан да ұйымдастырылуда. Сонымен бірге кәсіподақ ұйымдары қайырымдылық шараларынан да шет қалған емес, әрдайым өздерінің қолұшын созып, көмектерін беріп келеді. Мысалға, «Жүректен жүрекке!» қайырымдылық акциясы биылғы 1 маусым күні ұйымдастырылып, әріптестеріміз облыстық мамандандырылған «Мейірім» балалар үйінде болды. Қайырымдылық акцияны ұйымдастыру барысында жүректерімен түсініп, «Батыс су арнасы», «Жайықжылуқуат» және «ҚПО б.в.» компанияларының және мердігерлік компаниялардың кәсіподақ ұйымдарының жетекшілері белсенді атсалысты.
«Дегенмен алда кәсіподақтар үшін әлі талай асу бар. Ал сол асуларды еңсеру үшін ең алдымен сауатты жұмыс жүйесі мен ынтымақтың қажеттілігі сөзсіз. Сонда ғана көздеген мақсат-мұраттарымызға жетеміз», деп түйіндеген сөзін Е.Салықов.
Айта кетейік, «Орал өңірі» газетінің мақалаларын oraloniri.kz сайтынан оқуға болады.